Білім мен ғылым саласының үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімінде елу жеңімпаз 6 миллион теңгеден алды
Елордада «Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар 6 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды. Лауреаттарға төсбелгілер мен сертификаттарды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады, – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.

Мұндай байқау алғаш рет өткізіліп отыр. Алты ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. – Биылдан бастап отандық ғылым саласы дамуының жаңа кезеңі басталды. 3 мыңға жуық ғалым жобасына грант ұтқан, ұтпағанына қарамастан тұрақты түрде жалақы алатын болады. Тұрақты қаржыландыру зерттеулерді кедергісіз жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ гранттық және мақсатты қаржыландыру механизмін өзгерттік. Соңғы жылдары ғылым саласын қаржыландыру екі есе өсті. Президенттің тапсырмасының аясында осы жаңашылдықтарды бекіткен заң қабылданды. Біз үшін барлық процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Ғылым саласының дамуына үлес қосқан ғалымдарды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Айта кету керек, байқауға өтінімдер арнайы құрылған ақпараттық платформада қабылданды. Құжаттарды тексеру комиссиясының құрамына сарапшылар, ғалымдар, ғылым академиясының өкілдері, Жас ғалымдар кеңесі және Жас ғалымдар альянсы мүшелері, ғылыми ұйымдардың мүшелері енді.