Ел үшін өте өзекті мәселелер талқыланды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында еліміздегі әрбір азаматтың көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап берді. Бұл – Мемлекет басшысының қаңтардағы оқиғадан кейін отандық БАҚ өкіліне сұхбат беруі. Мемлекет мүддесінің бәрінен жоғары екенін атап өткен Президент бұл жағдайдың елімізге қаншалықты қауіпті болғанын, сол кезде қабылданған шешімдердің маңыздылығы туралы сөз қозғады.
Халық ерекше күткен сұхбатта Мемлекет басшысы әрбір мәселеге шынайы әрі толыққанды, ашық түрде өз ойын білдірді. Мемлекет басшысы елді дамыту бағыттары, жастардың білімі мен тәрбиесі турасында келелі ойларымен бөлісіп, алдағы міндеттерді айқындап берді. Айталық, «Болашақ» бағдарламасымен техникалық мамандарды Ресейде оқыту жөніндегі тапсырмасына орай ел арасында түрлі пікір болғаны рас.
Бірақ Президент көршілес елге барып оқуда тілдік кедергі болмайтынын әрі екі ел стратегиялық серіктес болғандықтан, бірлескен кәсіпорындар, оның ішінде ірі бизнеске қатысты өндірістер барын, сол себепті Ресейде оқитын техникалық кадрлар қажет екендігін атап өтті. Батыста оқығысы келетін жастарға да кедергі жасалмайтынын қадап айтты.
Бүгінде елімізде жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұл еліміздің ең басты жетістігі, көздің қарашығындай сақтауы тиіс құндылығы – Тәуелсіздігіміздің жемісі деп білемін. Еліміздің ертеңі білімі терең, ойы озық бүгінгі буынға тікелей байланысты десек, олар сапалы білім алу мүмкіндігін тиімді пайдалануда.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің Басқарма төрағасы
– Ректоры, Қызылорда қалалық
мәслихатының депутаты