Білімге арналған Google қосымшаларды пайдаланудың бес артықшылығы

Қашықтан оқыту кезінде оқытудың техникалық және технологиялық ерекшеліктері байқалды, педагогтерге ақпараттық жəне телекомуникациялық технологиялар саласындағы білімді игеріп қана қоймай, оларды өз кəсіби іс-əрекетінде жетік қолдана алатын маман болуы қажеттігі танылды. Қашықтан зертханалық жұмыстар, семинарлар өткізу, онлайн жарыстар ұйымдастыру, қол жетімді емес нысандарға виртуалды қатысу, виртуалды экскурсиялар, білім алушылар мен мұғалімдердің электронды хат алмасуы, кері байланысқа шығуы, қашықтан ұйымдастырылған шаралардың ұтымды және кемшілік тұстары да болып жатты.

Қашықтан оқыту кезінде білім ордамызда Google қосымшаларын қолданудың қаншалық тиімді болғандығы жөнінде ой бөліскім келеді. Атаулы жүйені біздің мектеп төрт жылдан бері қолдануда және көп артықшылығын көруде. Тәжірибе жүзінде байқаған нақты артықшылықтардың бесеуін атап өтсем деймін. Біріншіден, жүйелілік. Барлық әлеуметтік желілер бір доменмен жазылады. Бұл мектептің брендингіне, яғни танымал болуына себеп болады.

Барлық мұғалімдер, білім алушылар, қызметкерлер өзінің жеке поштасын қолданбайды, яғни бірдей домені бар корпоративтік электрондық поштаны қолданады. Бұл бір жағынан мектептің беделін арттырады. Әр бөлімнің жеке электрондық поштасы бар, аталған электрондық поштаға хат жазу, хабарлама жіберу арқылы өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Жұмысқа тікелей байланысты ортақ пошта болғандықтан, мұғалімдер, қызметкерлер жауап береді.

Білім алушылар электрондық пошталарын лицейде өтетін іс-шараларға байланысты ақпарат алу мақсатында қолданады. Екіншіден, шексіз бұлтты сақтау қызметі. Бұлтты сақтау қызметі бұл ақпаратты немесе деректерді сақтауға арналған бұлттық қызмет, мұнда әртүрлі типтегі файлдарды орналастыруға болады: мәтін, сурет, фото, аудио, бейне, презентация және тағы да басқа Google Диск қолданбасын G Suite for Education бағдарламасының бір бөлігі ретінде пайдаланғанда, файлдарды сақтауға ешқандай шектеулер болмайды.

Бұл өте ыңғайлы, себебі жадының толуы немесе ескі файлдардың жойылуы туралы алаңдаудың қажеті жоқ. Үшіншіден, қауіпсіздік. Қазіргі уақытта онлайн сабақтар немесе онлайн жиналыстар біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі болып кетті. Стриминг кезінде қауіпсіздікті орнату мектептің басты басымдығы болу керек. Бұл мәселенің керемет шешімі – Google Meet. Google Meet – бұл Google-дің бейне конференция қызметі. Онлайн конференцияға тек қана мектептің поштасы бар адамдар қатыса алады. Тағы бір артықшылығы – уақыт шектеуі жоқ.

Төртіншіден, хабарласу құралы. Шындығына келсек, басым көпшілік мекемелердің чаттары көбінесе Whatsapp желісінде ашылады. Чаттардың санында есеп жоқ, көп ақпарат ішінен керегімізді таба алмай, шатасып жатамыз. Осындай кезде мектеп жұмыстары бойынша ең тиімдісі Google Chat арқылы хабарласу. Бұл мәселенің шешімі. Google Chat өз ерекшелігімен танымал, ол үш бөліктен тұрады: чат, файлдар және тапсырмалар.

Біздің мектебіміз Google Chat қолдануға көшкен уақыттан бастап, мұғалімдер де, ата-аналар мен оқушылар да өте тиімді екендігіне көз жеткізді. Бесіншіден, бірлесіп жұмыс істеу. Google Workspace белгілі бір жұмысты бір топ адамдар тарапынан бөлісіп, қашықтан да, жеке де және әртүрлі уақытта жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Google Docs, Sheets және Slides қолданбаларында асинхронды және нақты уақытта бірлесіп жасауды жеңілдетеді.

Бұған қоса ортақ жоспар жасауға Google Calendar өте ыңғайлы болып табылады. Google Күнтізбе – тапсырманы жоспарлаушы. Онда белгілі бір күнде орындалуы тиіс міндет карточкалары жасалады. Барлық тапсырмалар бойынша поштаға хабарлама келеді. Егер қандай да бір тапсырмалар орындалмаса немесе жеделдікті талап етпесе, оларды күнтізбеде басқа күнге ауыстыруға болады. Құрал әмбебап және күнделікті тапсырмалармен  жоспарлау үшін қолайлы.

Мектептің жылдық, апталық жоспары, мұғалімнің бір апталық жоспары, кездесулер, білім алушылар үшін тапсырмалар тізімін жасау  сияқты жоспарларды енгізу арқылы өз жұмысыңызды жүйелеп отыра аласыз. Жоғарыда айтылған нақты бес ерекшелікті күнделікті жұмыс барысында қолдануға, жұмысымызды жеңілдетуге пайдасын тигізеді деп сенемін. Google Workspace for Education – мектеп ұжымының жұмыс өнімділігін арттыратын таңғажайып құрал.

ХХІ ғасырдың дағдыларын сыни тұрғыдан ойлау, қарым-қатынас, жүйелі жұмыс, ынтымақтастық және шығармашылық мүмкіндіктерін арттыруға көмектесетін жиынтық. Бұл жүйе тегін, жарнамасыз, сенімді және қауіпсіз.

Қуат КОЖАХМЕТОВ,
дарынды қыз балаларға арналған
«Білім-Инновация» лицей-интернатының
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий