Білім – құндылық, білім – жүйе, білім – үрдіс, білім – нәтиже…

«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді, мәңгілігін ойлаған халық ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін себеді»  дейді халқымыз. Ұрпақ тәрбиесі қай ғасыр, қай заман болсын, әрдайым маңызды бола бермек. Өзіміз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасырға «технологиялық ғасыр», «ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс ғасыры», «спутниктер, бағдарламалар және жаһандану ғасыры» немесе «ғаламтор дәуірі»,  деп әртүрлі атаулар берудеміз.

Бұл дәуірдің өткен ғасырлардан мүлдем ерекше екендігі айдан анық. Қазіргі таңда білім мен тәрбиені бір-бірінен бөлмей, бір-бірімен ұштастыра берудің салмағы одан сайын артты. Осы мәселенің бірден-бір оңтайлы шешімі ретінде «Білім-инновация» лицейлері оқыту процесінде «Құндылықтарға негізделген білім беру» идеясын жетекшілікке алған. Білімге деген жаңа көзқарас тұрғысынан оның сапасы да жаңаша пайымдалуда, қазіргі білім заманауи инновациялық ерекшеліктермен қатар, жалпы адамзаттық құндылық, ұлттық сана сияқты ерекшеліктерді де үнемі ескеріп отыруы керек.

Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы мектептен бастау алады. Құндылықтар негізінде оқыту жаңа заманның талабына сай тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыруға, қоғам өміріне бейімдеуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдауға және меңгеруге, салауатты өмір негіздерін жүзеге асыруға бағыттайды. Шәкірттеріміз болашақ мамандығын таңдауда жеке бас мүддесімен шектелмей, қоғам игілігін де әрдайым ескерсе дейміз.

Мамандық немесе кәсіп таңдау материалдық қажеттілікпен байланысты ғана анықталмай, халықтың, қоғамның қажеттілігіне қарай бағытталса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ бұл үрдіс алдыңғы толқыннан артқы толқынға үлгі болып, белгілі бір жүйе ретінде қалыптасса тіпті құптарлық жайт. Осы орайда, білім ордамызда өскелең ұрпаққа білім беру, тәрбие беру, болашаққа жол сілтеу процесінде түлектеріміздің үлесін ерекше атағымыз келеді. Өз топырағымыздан нәр алған, өз бұлағымыздан сусындаған түлектеріміз бүгінгі таңда білім ордамызға материалдық та, рухани да қолдау көрсетуде.

Құндылықтар негізінде білім беру өте күрделі процесс. Өйткені, заман талабына сай біліммен бірге оқушылардың бойына тәрбиенің, соның ішінде ұлттық тәрбиенің ең ізгісін, ең асылын сіңіре білу керек. Оның нәтижелі болуы ата-анамен бірге тығыз байланыста болғанда ғана толыққанды жүзеге асады. Сондықтан да оқу және тәрбие процесіне ата-аналар да қоян-қолтық атсалысуда. Бұл да біздің оқу ордамыздың тағы бір ерекшілігі деп білеміз.

Лицей ұстаздары мен ата-аналар бірлесе отырып, «балаларымыздың  бойынан қандай қасиеттерді көргіміз келеді немесе болашақта қандай азамат болып өссе екен деп ойлаймыз» деген сауалдарға  жауапты бірге іздеуді мақсат етеді. Құндылық негізіндегі білімнің өзі осыны талап етіп отыр. Осыған орай, оқушыларымыз 7-сыныпта лицей табалдырығын аттағаннан бастап, олардың дарыны мен қабілеттеріне сай жеке ерекшеліктерін анықтап алып, оны әрі қарай қарқынды да жүйелі дамытуда ата-ана мен лицей ұжымының ынтымақтастығы нығая бермек.

Бұл үрдістің жемісі шәкірттеріміз қатысып жүрген түрлі дәрежедегі халықаралық, республикалық айтулы додалар нәтижесінен айқын көрініс табуда.  Қорытындылай келе, қазіргі заман талабына сай білімді де білікті, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қоғам игілігіне қызмет ететін толыққанды тұлғаны қалыптастыру үздіксіз, тынымсыз еңбек пен әрдайым шығармашылық ізденісті талап етеді.

Сондай-ақ, «ұстаз – оқушы – ата-ана – лицей түлегі» ынтымақтастығы дәстүрлі жалғасын тапса, білім – құндылық, білім – жүйе, білім – үрдіс, білім – нәтиже деп нық сезіммен айта аламыз.

Эльбрус ПИРИЕВ,
дарынды ер балаларға арналған
«Білім – Инновация» лицейінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий