Жаңартылған білім беру жағдайында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолдары

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жалпы адамзаттық және ұлттық  құндылықтарды дамытуды  көздеген қарқынды өзгерістер орын алып отыр. Білім беру деңгейі  – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Осыған орай ақпараттық кеңістікті кеңейту және әлемдік коғамдастыққа кіру жағдайында білім беру жүйесін жаңғырту ең маңызды қадам болып саналады. Жаңа қадам мектепке дейінгі білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістерге алып келді. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту Қазақстан Республикасында білімнің қоғамдағы мәдени, жасампаз рөлін өркендетуге бағытталған жаңа білім беру саясатымен байланысты.

Осы жаңартылған білім беру аясында дайындалған Үлгілік оқу бағдарламасы мазмұнының ерекшелігі ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік және әлеуметтік-мәдени дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Осыған орай мектепке дейінгі ұйымда ұлттық құндылықтар негізінде балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру ерекше қызығушылық туғызатын, өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

– Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының  арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан,  баланы  сол ұлт тәрбиесімен тәрбиеленуі тиіс» деп Мағжан Жұмабаев ұлт тәрбиесінің бағытын көрсетіп берген. Қай кезде де ұлт өмірін өркендетуші саналы да, салауатты, ұлтжанды рухы биік, ақыл парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндет және де қоғамдық қажеттілік. Ата-бабамыздан мирас болған ұлттық мәдени мұраларымызды тәрбиенің қуатты құралына айналдыру  өзектілігін жойған жоқ. Сол себепті балабақшамызда ұлттық  құндылықтарды жаңғырту арқылы балалардың шығармашылығын дамытуды мақсат етеміз.

Рухани жаңғыру бағдарламасында ұлттық сананы сақтау айрықша аталған мәселе.  Олай болса бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтарды үйрету біздің басты міндетіміз. Халқымыздың мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін ұрпақ санасына жеткізуді көздей отырып, ұлттық мәдениетті насихаттау біздің педагогикалық ұжымымыздың басты бағдарларының бірі болып табылады.    

Ұлттық құндылықты қалыптастыру жобалары аясында «Жұмбақ» бөбекжай бақшасының ұжымы жоспарлы түрде ашық іс-шараларды  жүзеге асырып келеді. Оған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар дәлел болады. Еліміздегі атаулы ұлттық шаралар балабақшаның педагогикалық қызметінде кеңінен көрініс тауып отыр. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында саналуан ұлттық сипаттағы шаралар жүзеге асырылды. 

Рухани жаңғыру бағдарламасын балабақшада, яғни өз қызметімізде жүзеге асыру үшін өзіндік жоспарымызды құрамыз. Ұйымдастырылған оқу қызметі мен тәрбие шарасына негізделген жоспарда ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұрамызды насихаттауды басты назарға аламыз. Осы аталған мақсаттарымыз мектепке дейінгі ұйымдағы білім берудің бес саласы бойынша және тәрбие шаралары, ертеңгіліктер арқылы жүзеге асады.

Осыған орай  біз ұлттық құндылықтардың қайнар көзі ретінде қазақ халқының тарихи мәдениетін, ұлттық мұрасын, ұлттық тәрбиесін негізге аламыз. Ата-бабамыздың ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық мұрасын Мемлекеттік стандарт пен үлгілік бағдарламада қарастырылған 5 білім беру саласында ұтымды насихаттауға болады. Ол үшін материалдарды бағдарлама мазмұнына және балалардың жасына лайықты іріктеу қажет.

Ұлттық құндылықтың қайнар көзі ретінде халықтық педагогиканың, ұлттық тәрбиенің аумағы кеңейе түседі. Балаларға арналған ұлттық құндылығымыздың қайнар көзі: ертегілер, жырлар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мазақтамалар, мақал – мәтелдік сөздер, ұлттық салттар мен дәстүрлері, халықтық ойындар мен ойыншықтар.  Халық ауыз әдебиеті нұсқаларының өзі (ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, санамақтар) құнды мұра болып табылады.

Ертегілер баланы қызықтырады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын дамытып, жан – дүниесін, мінез – құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді. Жаңылытпаштар баланың тілін ширатады. Жаңылтпаштың дүниетанымдық түрлері мен тәрбиелік нұсқалары әрі баланың тілін ширатып, әрі ой – өрісін кеңейтеді. Жұмбақтар мен жұмбақ айтыстар баланың ойын, қиялын шарыктатып, қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды

Осы ауыз әдебиеті үлгілерімен қоса, қазақ халқының тұрмыс тіршілігі, шаруашылығы, салт-дәстүрі элементтерін де оқу-тәрбие ісінде түрлі ашық шаралар ретінде қолданады. Мәселен,  «Төрт түлік», «Құрт жасау білеміз» тақырыбында ашық ұйымдастырылған оқу қызметі, «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» – ата-аналармен өткізілген ашық шара, «Ғажайып асықтар» атты тәрбиешілермен шебер сынып өткізуге болады. Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие берудің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.

Баланың қоршаған ортаға, өз тегіне, ұлтына деген оң қарым-қатынасы оның осы әлемді қабылдауымен тікелей байланысты. Сондықтан ұмыт болған ұлттық мұраларды жаңғыртып, ұлттық сананы қалыптастыру маңызды. Демек, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін жаңартуда ұлттық мұрамызды жаңғырту таптырмас идея. Оны жүзеге асыру, одан әрі жетілдіру бідің міндетіміз.  Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру шараларының ауқымы кең және әлі де балабақшамыздың тәжірибесінде жетілдіріліп, озық тәжірибеге айналады деп сенеміз.

Лаззат Сактапбергеновна ИХСАНОВА,
№30 «Жұмбақ» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі, Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий