“Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі”: республикалық вебинар

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ»  атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезеңде  Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше.

Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс.

Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек» – деп атап көрсеткеніндей,  өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, сапалы білім мен саналы тәрбие  беру – ұлтымыздың ұлы, ұрпағымыздың ұлағатты болуының кепілі.

Біздің мақсат – азаттықты ардақтап, Отанымызды одан әрі нығайтып, келер буынға табыстау. Әлем жылдам өзгеріп жатқан уақытта дамыған мемлекеттер көшінен қалмаудың бірден бір жолы – осы. Өнегелі өсиеттің де табан тірер тұғыры, тамыр тартар тереңі –ұлттық құндылықтарда. Ұлт  мұрасын жаңғыртып, жан-жақты насихаттау ісі күн тәртібінен түспесі ақиқат. Осындай игі істердің ұйтқысы ізгілік нұрын себуші ұлағатты ұстаздар болары  нақ.

Ұстаз – мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі. Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы. Ол – мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарытушы. Мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы да – ұстаз. Бір сөзбен айтсақ, мұғалім – мемлекет өкілі. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепте және мектептен тыс қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  «Педагогика» кафедрасының  ұйымдастыруымен «ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – ҰЛТ МЕРЕЙІ» атты Республикалық вебинар ұйымдастырылды. Республикалық вебинарға жоғары оқу орындарының оқытушылары, белді  ғалымдар,  магистранттар, докторанттар, жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері, басшылары  және болашақ педагогтер қатысты. Бүгінгі ұлағатты ұстаздың болмысын, бейнесін, адамгершілік, рухани құндылықтарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған  «Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі» атты Республикалық вебинардың басты қонағы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Еңбек Ері МИРАЗОВА АЯГҮЛ ТӨРЕҚЫЗЫ.

Алғаш сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқы заманауи ұстаз келбетін ашты, «Педагогика» кафедрасының  профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты  Кошимбетова Сейсекүл Айтжанқызы ҚР Еңбек Ері МИРАЗОВА Аягүл Төреқызының ұстаздық еңбек жолымен таныстырды. 

Ұстаздардың ұстазы  атанған МИРАЗОВА АЯГҮЛ ТӨРЕҚЫЗЫ өзінің ұстаздық еңбек жолынан сыр  шертті, табысқа жетудің  жолдарымен бөлісті: ұстаз әрқашан жарқын жүзді әрі терең білімді болуы керек. нағыз ұстаз әрбір баланың жүрегіне жол сала білуі керек: әрбір оқушымен жақсы қарым-қатынас жасай алуы керек. нағыз ұстаз үшін балалардың бәрі, бәрі де бірдей болады: балалардың бәрі талантты да дарынды;  ал жақсы мұғалім сол дарынды ашушы, баланың  шамын жағушы, болашағына  бағыт-бағдар беруші.

Нағыз мұғалім АТА-АНАНЫҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН, ОҚУШЫҒА жайма-шуақ ахуал қалыптастыра алатындай ШЕБЕР МҰҒАЛІМ болуы тиіс! Республикалық  вебинар барысында   «Айтарым бар …» айдарында «Ұстаз» институтының  болашақ  педагогтері  өздері білім алып жатқан оқу ордасының алғашқы түлегі, ҚР Еңбек Ері МИРАЗОВА Аягүл Төреқызымен  шынайы сұхбат құру мүмкіндігіне ие болды:

Мамандығым – мақтанышым: Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы, қасиеті мамандық. Табыс қажетудің сыры: Қажымас еңбек. Ұстаздық кеңесім: Әділ болу-адал болу- ата-ана, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бақытты болу – өзгені бақытқа бөлеу. «Дүниеде көп адамды бақытты еткен адамның өзі де бақытты» демекші еліміздің нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып толағай еңбегі еленген, ұстаздардың ұстазы МИРАЗОВА Аягүл Төреқызымен шынайы сұхбат болашақ педагогтерге үлкен шабыт берді, олардың өз мамандықтарына деген сенімін арттыра түсті.

Республикалық  вебинар барысында   «Ашық микрофон» айдарында болашақ педагогтер  Ұлы Даланың ұлағатты ұстазына өздерінің жүрек жарды арнауларын арнады. Республикалық вебинардың болашақ педагогтердің мұғалімдік мамандықтың  қыр-сырын ашуда айтарлықтай үлес қосқаны  анық.

Клара  БУЗАУБАКОВА,
М.Д.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің «Педагогика» кафедрасының
меңгерушісі, п.ғ.д., профессор, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий