Отандық жоғары оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру – шетелдіктерге университетті сату деген сөз емес

Өткен аптада Kozybayev University университетінің базасында Аризона университетінің филиалын ашу мәселесі туралы пост жазған едім. Ол жазбамда қосдипломды бағдарламаларға, академиялық жұмыстарға, екіжақты келісімнің артықшылықтарына тоқталған едім. Сол постқа қосымша ретінде университеттегі тәрбие жұмыстары туралы да айтқым келеді, – деп жазады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
 
Қозыбаев университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры қазақстандық маман болады. Тәрбие жұмыстары менталитетімізге сай және Қазақстанның жастарды тәрбиелеудегі идеологиясы аясында жүргізіледі. Шетелдік университет тек білім беру саласындағы тәжірибесімен бөлісетінін ерекше атап өткім келеді.
 
Сондықтан жастардың патриоттық сезімін ояту, отбасы құндылығын алға қою, еңбекқорлық, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін арттыру бойынша жұмыс үнемі жүргізілетін болады, ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Тағы да естеріңізге салайын, негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. ЖОО-ны сенімгерлік басқаруға беру – шетелдіктерге университетті сату деген сөз емес.
Ол – 10 жылға ғана жасалатын келісімшарт. Негізгі басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қозыбаев атындағы СҚУ тарапынан жүргізілетінін атап өткім келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы өзге мемлекеттермен әртүрлі сала бойынша тығыз қарым-қатынаста. Білім саласында да халықаралық қарым-қатынас орнатуды, шетелдік университеттермен тәжірибе алмасуды дұрыс қабылдағанымыз жөн.
Оларды шеттетудің орнына қазақстандық студенттерге берілетін жақсы мүмкіндікті қабылдауымыз керек. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Осы бағытта Білім және ғылым министрлігі тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий