Қазақстанның педагогика ғылымы әлемдік деңгейде
Өткен жылдың соңында Бүкілдүниежүзілік Салыстырмалы Білім Беру Қоғамдары Кеңесінің (WCCES) журналында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Педагогикалық Ғылым Академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың «Оқушылардың білім сапасын арттырудағы ішкі резервтің рөлі» атты мақаласы жарияланды.

WCCES 1970 ж. Оттавада (Канада) әлемнің жетекші компаративист ғалымдары құрған болатын. Қазіргі уақытта WCCES құрамына әлемнің 50-ден аса жетекші елдерінің салыстырмалы білім беру қоғамдары кіреді. Ол ЮНЕСКО-мен тығыз байланыста жұмыс істейді. WCCES журналы салыстырмалы және халықаралық білім беру саласындағы әлемдегі жетекші журналдардың бірі болып табылады. Әрбір мақаланың толық аннотациясы ағылшын, француз, испан, орыс, қытай және араб тілдерінде жазылады.
А.Құсайыновтың мақаласының аннотациясында: «Мақалада орта білім беру жүйесінің құрамдас бөліктері және олардың білім сапасымен байланысы Педагогикалық Ғылымдары Академиясы мен шетелдік ғалымдардың зерттеулері негізінде саралап көрсетілген. Зерттеу қорытындысы Түркістан облысындағы мектептерде екі жыл бойы жүргізілген эксперименттер деректеріне негізделген. Автор эксперимент тұжырымдамасын және оны жүзеге асырудың кешенді бағдарламасын әзірлеген, сонымен қатар эксперимент нәтижелерін ұсынған.
Автор оқушылардың білім сапасын арттырудағы білім беру ұйымдарының ішкі резервінің рөлін атап көрсетеді және оны McKinsey&Company компаниясының «Мектептегі оқытудың тұрақты жоғары сапасына қалай жетуге болады?» және «Ең жақсы мектеп жүйелері қалай жетілдіріліп жатыр?» тақыптарында жүргізген зеттеулеріне сүйене отырып дәлелдеген. PISA және TIMSS зерттеулерінің 2003 жылдан бергі нәтижелері, сондай-ақ олардың сәттілігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін факторлар талданған» – деп жазылған.
Академик А.Құсайынов Түркістан облысының Төлеби, Ордабасы, Отырар және Сайрам аудандарында жүргізген экспериментке 40-тан астам мектептен 3,0 мыңнан астам оқушы мен 400-ге жуық мұғалім қатысқан. Төменде білім сапасы мен оның құраушыларының өзара байланысын көрсететін формула мен тұжырымдама берілген. Журнал редакциясы бұл формуланы профессор А.Құсайыновтың формуласы деп белгілеген.
«Студенттердің білім сапасы мен оның құрамдас бөліктері арасындағы байланысты мына формула негізінде көрсетуге болады (профессор А.Құсайыновтың формуласы):
Сбіл = Сст + Со + Сккб + Смс + Ст + Сғзж + Сбас +Смтб
Сбіл – оқушылардың білім сапасы;
Сст – білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасы;
Со – оқу әдебиетінің сапасы;
Сккб – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі сапасы;
Смс – білім мониторинг сапасы;
Ст – рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру сапасы;
Сғзж – ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы;
Сбас – басқару жүйесінің сапасы;
Смтб – материалды-техникалық база сапасы.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық елдерде осы бағыттар бойынша көптеген жұмыстар жүргізіледі, алайда бұл жұмыс жүйелі және ғылыми негізде жүргізілген елдерде ғана оқушылардың білім сапасы көтеріледі. Яғни, бір сынып оқушыларының білім сапасын көтеру үшін осы құраушылардың барлығының сапасын арттыру жұмыстары осы сынып оқушыларымен байланысты жүргізілуі керек», – деп жазады А.Құсайынов.
Осы уақытқа дейін білім сапасын көтеру проблемасы бір формуламен қысқа, ықшам және өте түсінікті жазылмаған енді. Әлемнің 50-ден аса еліне тарайтын журналда А.Құсайыновтың 21 беттік көлемді мақаласының жариялануы, оның идеясының әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Қазақ ғалымының осы жетістігін біз Қазақстан педагогока ғылымының әлемдік деңгейге көтерілгенінің бір көрінісі деп бағалауымыз керек. Осы эксперимент жұмыстары тиянақты зерттеліп, еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілсе дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері,
“Алтын жұлдыз” және “Отан”ордендерінің
кавалері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері