Баланың үні – ән

Айналадағы дамып келе жатқан технологиялардың барлығы дерлік, білім мен ақылмен қоса, шығармашалық әрекеті басым тұлғалардың арқасында. Ал болашағымыз – бала, десек, қазіргі кезден-ақ ұрпақтарымызды жан-жақты дамыту – біздің басты міндетіміз. Музыка арқылы баланың шығармашылық бағыттарын баулу – ерекше жұмыс.

Өкінішке орай, бұл саланы аса мәнді санамайды, дегенмен ән-саз сабақтары арқылы баланың басқа ғылымдарға құштарлығын, танымдылығын күшейту – ең жеңіл, көңілді, әрі қызықты жолы. Ән-жырларымыз-рухани қазына. Сол қазынадан нәр алған бала, асыл қасиеттерді, адамгершілікті бойына сіңіріп өседі. Мұхтар Ауезов: «Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» сөзімен музыка балаға қандай тәрбие бере алатынына көзі жеткендігі.

Өнерге жақын баланың ойында қатыгездікке орын жоқ. Ән-күй адам өмірі бойы серіктес боп жүретіні анық. Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп әдемі сөздерін жазып қалдырған. Бала сәби кезінен анасының бесік жырларын тыңдап, тәтті ұйқыға кетеді. Қазағымыздың әр тойы: шілдехана, тұсау кесер әнсіз, күйсіз өтпеген. Жастарға «жар-жармен» отау тіккізген. Тіпті адамның соңғы күндерін де «жоқтаумен» шығарып салған.

Адам әуеннен қаша алмайды, қайта керісінше өнерге құшағын жайса, өмірі жайдарлы, мазмұнды болады. Әбу-Насыр Әл Фараби музыканы маңызды бөлек ғылымғы теңеген. «Бұл ғылым, (яғни музыка), өзінің байсалдығынан айырылған адамдарды түзетуге, қызба адмды қалпына түсіруге, байсалды адамды ылғи да бір қалыпта ұстауға құдіреті әбден жетеді» деген сөздерінде, ерекше қажеттіліктерді талап ететін балаларға музыка ғылымы оң әсерін тигізетіндігі туралы айтылған.

Логопедия ұғымында да, тұттығып сөйлейтін балаларға сөздерді әндетіп айтуға ұсынылады. Бір сөзбен айтқанда, музыка – қолымыздағы құдіреттілігі бар құрал. Дүниежүзінде көптеген зерттеулер барысында, британдық хирургтардың ота жасау кезінде тоқсан пайызы музыка тыңдайтыны белгілі болды. Бұл стресспен күресудің тиімді жолы екені анықталды. Ірі өндірістерде фондық әуенмен еңбектенген мамандардың өнімділігі бірнеше есе көбейіп, алдына қойған мақсаттарына жеңіл жеткен.

Спортшылар де әуен тыңдап, жаттыққанда, төзімділігі мен күші артып, шаршау сезімдері төмендеген. Жұмыс бабымда, балабақшадағы ән-күй сабақтары балалардың басым бөлігіне өте ұнайтынына көзім жетті. Тіпті әнге құмарлығы жоқ баланың өзі де, жағымды дыбыстарға, әуендерге құлақ асады. Әр сабақ балаға шағын мереке, концерт болып көрінеді, сол концерттің бас жұлдызы өзі екенін сезінген бала, көзі жарқырап, көңілі жайнап, шығармашылық жағы белсеңді асып түскенін байқамай да қалады.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, әр оқу саласын, әуенді ойындар арқылы өткізіп, білімге құштарлығын асыра аламыз. Бүгінгі бала – ертеңгі ел! Осындай ұлы даналарымыздың қалдырған сөздеріне мән беріп, білім беру жүйесінде музыка ұғымын бұдан да кеңінен тарқатсақ, әр баланың ішкі дүниесінің, жүрегінің есігін аша алатынымызға күмәнім жоқ! Әр баланың тілі – бал, үні-ән!

Айгүл БОЛГАМБАЕВА,
№66 «Толағай» балабақшасының
ән-саз жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий