Ұрпақ. Құндылық. Әлем.

Біздің білім шаңырағы да тағы бір адым алға басты. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік жолы бар ұйымшыл ұстаздар ұжымы аймақтағы пән мұғалімдерінің арасында іс-тәжірибесімен бөліскен болатын. Ұзаққа созылған қашықтан оқыту кезеңінде қалайда оқушы білімін берік ету, білім алуға кедергі жоқтығын сезіндіру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білім сапасын көтеру мақсатында сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін ойластыра келе құндылыққа бағытталған білім беруде клуб жұмысының тиімділігі қарастырылған еді.

Бүгінде мектеп көшбасшыларынан құрылған командалық топ өз жұмысын бастап, шәкірт жүрегінде ұлттық құндылықты ұялату негізінде осы жобаны іске асырып келе жатқанына тура бір жыл болды. Осы қысқа уақыт аралығында бұл жоба бізге не берді? Күтілетін нәтиже өз жемісін беріп келе ме? Тиімді тұсы не? Ұтқанымыз, кәне? Осы сұрақтарға жауап беру және шығармашылық есеп беру негізінде облыс мұғалімдеріне семинар ұйымдастырылды. Алты бағыт бойынша, «Шоқантану» клубы, «Ыбырайтану» клубы, «Абайтану» клубы, «Әбіштану» клубы, «Құндылықтар әлемі» клубы, «Еріктілер» клубы өз жұмыстарымен бөлісті.  Төрт сағатқа созылған басқосудан не түйдік??

Семинар жұмысы үш бөлімге бөлінді. Алғашқы бөлім құндылықтарға бағытталған жоба таныстырылымына берілді. Әр жетекші өз бағытының ерекшелігі мен тұлға тәрбиелеудегі жасалған жұмыстарына, оқушылардан алынған кері байланыс нәтижелеріне қысқаша тоқталды. Екінші бөлім екі 45 минуттық қатардан практикалық жұмыстарға берілді. «Әбіштану» клуб аясында «Ә.Кекілбаев еңбектерін оқу» кабинетінің жалғасы ретінде бастауыш буында тағы бір «Әбіштану» кабинеті ашылды.

Үш бөлімнен тұратын кабинет іші үш тілде таныстырыла отырып, «Сұқбат алаңында» 3 тілде диалог жүргізген клуб мүшелерінің мүмкіндігі көрінді. Танымал тұлғаға бағытталған сынып кабинеті болғандықтан «Тұлға үстелі» атауымен құрметті орын белгіленді. Бұл орынға апталық, айлық жеңімпаздары, ай қорытындысында ерекше салмақты, сабырлы, мейірімді тұлға қасиетімен көзге түскен оқушылар отыратындығы ескертіліп, клуб мүшесінің әрқайсысына осы орындықта отыру бұйырсын, жақсы істердің куәсі болайық деген қонақтардың жылы лебіздерімен аяқталды.

Мектебімізде оқушылардың шығармашылықпен айналысуына зор мүмкіндік жасайтын заманауи жабдықталған «COWORKING» орталығының ашылуы бүгінгі семинардың шарықтау шегі тәрізді болды. Семинар соңы «Жетекші мектеп» аясындағы серіктес №1ЖББМ, №13 мектеп-гимназия оқушыларының клуб қатарына қабылданып, клуб мүшелерінің мақтанышпен айтқан «Атамекен» әні ұжымдық топта шырқалып, жас өрендердің рухы жоғары, талабы биік, жұдырықтай жүрегінде еліне деген зор құрмет сыйып кетіп тұрғаны байқалды.

Кері байланыста облыс бойынша Қарақия, Түпқараған, Бейнеу, Жаңаөзен, Маңғыстау аудандарынан келген әріптестер өздерінің тың идея, қалың қоржынмен кетіп бара жатқандарымен бөлісті. Болашағы айқын клуб құрамы жылдан жылға артатыны анық. Өзіндік сара жолы бар бұл ұжымның алар асулары алда деген ойдамыз. Бастысы болашақты тәрбиелеуде адаспайтыны анық.

Дияна РАШИТОВА,
Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы
білім беретін мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, жетекші мектептің
үйлестірушісі, құндылықтарға бағытталған
білім беру бойынша «Әбіштану» клубының
жетекшісі, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий