Мұқағали Мақатаевтың кеші

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мұқағали оқулары» өткізілді. Ақынның шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш мектептің дәстүріне айналды. Мектеп жатақханасында этно-мәдениет залында өткізілген бұл шараны қазақ тілі мұғалімі Гулминұр Иманбаева кіріспе сөзбен ашып, ақынның өмір жолы туралы баяндап берді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Поэзия кешінің шымылдығы жатақхана тәрбиешісі Меруерт Сембинова өзі жазған өлеңімен ашылды. Әйгілі ақынды еске алуға арналған шарада «Жас қаламгер» әдеби мектепшілік клубының мүшелері көрермендерді Мұқағали жырларымен сусындатты. Сондай-ақ кеште дарынды жастардың ізбасары, жас ақын, 12 – сынып оқушысы Жомарт Жексенбай «Мұқағалиге арнау» өз өлеңін мәнерлеп оқып, көпшілікті тәнті етті.

Жыр сүйер қауымға әуендік көңіл күй сыйлаған 11- сынып оқушысы Нұрасыл Сәулет «Көңіл толқынын» орындады. Одан әрі өнерлі өрендер «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» сұрақ-­жауап ойынын ойнады. Мұқағали оқуларында топтан оза шауып, дараланып көрінуге талпынған талаптылар аз болмады. – Бұл шараның мақсаты – қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмірі, шығармашылығымен таныстыру, поэзия құдіретін таныту. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, – дейді жатақхана тәрбиешісі Мадина Хусаинова.

Кеш соңында оқушылар Мұқағали атамыздың «Есіңе мені алғайсың» атты шығармасын караокені қолданып, әндетті. Міне, сөйтіп мектепшілік Мұқағали оқулары да өз мәресіне жетті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий