Ұстаздық еткен жалықпас…

Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағын тәрбиелеп шығару – ұстаздардың басты міндеті. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту, шәкіртке ата – анасындай болып тәрбие сыйлау, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерін бойына дарытып, өмірдің қыр-сырын білуге баулып келе жатқан әріптесіміз физика пәні мұғалімі педагог-шебер Сандуғаш Әділғалиқызының ұстаздық жолы кім-кімге де болса үлгі.

1992 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының физика-математика факультетін аяқтаған ол жолдамамен Бөрлі ауданының Қызылтал орта мектебіне жұмысқа орналасты. Сол жылдан бері аталған мектепте отыз жыл қызмет атқарып келеді. Ұйымдастырушылық және еңбекқорлық қабілетімен танылған ұстаз директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін 2012-2014 жылдар аралығында абыроймен атқарды. 2019 жылы облысымызда алғаш рет құрылған «БҚО Бөрлі ауданының үздік ұстаздар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып сайланды.

Қазіргі кезде мектептегі физика, математика, информатика пәндері бірлестігінің жетекшісі, аудандық шығармашылық топ мүшесі. Ұстаз еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да – бәрі-бәрі өз биігіне көтеріле алады. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады. Осындай жол сілтеуші ұлағатты ұстаздың шәкірттері облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған «Апельсин» физика-техникалық турнирінің, республикалық «Жас физик» қашықтық олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпаздары атанды.

Кейіпкеріміз физиканың теориясы мен әдістемесін жоғары деңгейде шебер меңгерген, осы ізгі мақсатқа дарын-талантын жұмсап келе жатқан мұғалім. Ол облыстық «Зерде» озат тәжірибе алмасу мектебінің мүшесі, облыстық «Пифагор» физика-математикалық мектебінің лекторы. 2019 жылы облыс мұғалімдеріне «Зерде» жобасы аясында «Халықаралық шығармашылық конкурсқа дайындалудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Сабақтарында үнемі оқушының пәнге қызығушылығын арттыруға, білімін жетілдіруге, бекітуге бағытталған танымдық тапсырмалар, оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолданады.

Атап айтсақ, оқушының білімін тексеруге арналған интербелсенді онлайн платформада құрылған тапсырмаларды learningapps.org, Google Forms, кері байланыс беруге ұсынылатын қолжетімді платформалар Kahoot, Guzlet, Padlet, Кundelik.kz, оқушылар мен мұғалімдер үшін қажетті оқу материалдарын алуға болатын opiq.kz, ОnlineMektep, Daryn.Online платформаларымен жұмыс жасауды тамаша меңгерген. Ұстаз оқушыға жан-жақты білім беріп қана қоймай, сол алған білімін өмірде қолдана алатындай дәрежеге жеткізуді мақсат етеді, сабақтары үнемі жоғары деңгейде өтеді.

Сандуғаш Әділғалиқызы 2018 жылы Алматы қаласында өткен математика, физика, информатика пәні мұғалімдерінің VІ халықаралық шығармашылық байқауының ІІ орын иегері, 2018 жылы «Өрлеу» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары мұғалімдерінің «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында І дәрежелі дипломмен  марапатталды.

Мектептегі 2019 жылы ашылған «Инженерлік сынып» эксперименттік алаңы жұмысына Сандуғаш Әділғалиқызы жетекшілік етеді. Жетекшілік ететін сыныбымен 2020 жылы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған эксперименттік алаңдар арасында өткен «Болашақты бірге таңдаймыз» онлайн эстафетасына қатысып, ІІІ орын, «EXPEREMENTAL REPORTAGE-21» онлайн баттлында ІІІ орын иеленді.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер циклін ағылшын тілінде оқытудың біліктілік арттыру курсын тәмамдап, «В2» деңгейі бойынша сертификатталды. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған «Отанның болашағы үшін ашық жүрекпен» атты жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер арасындағы республикалық конкурстың 2-кезеңіне жолдама алды. Шәкірті Исмагулова Айжан да «Мен – еліміздің зияткерлік болашағымын» физика пәнін үш тілде оқитын оқушылар арасындағы республикалық конкурстың 2-кезеңіне өтті.

Сандуғаш Әділғалиқызы жоғары деңгейдегі кәсіби маман ретіндегі жетістіктері үшін 2013 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі жетістіктері үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленді. Нақты мақсат қана, нәтижелі жұмыстың дәлелі болатынын үнемі жадында ұстайтын ұстаздың еңбек жолы баршаға үлгі.

Әр уақытта қолынан келген көмегін аямайтын, жас мамандарға әдістемелік көмек беруден жалықпайтын жан. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» – деген ұстанымды өзіне ту еткен, отбасында ардақты жар, аяулы ана, мектебінде сүйікті ұстаз Сандуғаш Әділғалиқызына алдағы уақытта да еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз тек биіктерден көріне берсін демекпіз!

Шолпан Изтургановна АЙМУХАМБЕТОВА,
№7 жалпы білім беретін орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысындағы
Бөрлі ауданының Ақсай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий