Оқушыларын ғылымға баулыған

Атақшы ойшыл Әбу-Насыр Әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл кез – келген ұстаздың өмір тәжірибесінде айқын дәлелденіп келеді. Өйткені қай ғылымды меңгерту үшін де әрбір ұстаз оқытуды тәрбиелеуден бастайды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолында қаншама ұстаз бар десек те, сол ұстаздардың ішінде де оқушы жүрегінен орын алған, шәкірттің бағы мен жолын ашқан ұстаздар бар.

Әрбір мұғалім өзінің ұстаздық жолында оқушы санасына тәлімді тәрбие мен сапалы білім беруді мақсат еткен. Өзім де талай жыл ұстаз болсам да, алдыңғы толқын ұстаздарым мен әріптестеріме қарап, тәжірибе алмасып, жақсысын үйренуге дағдыланғанмын. Мектепте әр ұстаздың өз ерекшелігі бар. Бірі дарынды оқушылармен жүргізумен, олимпиадаға қатысатын оқушылар дайындауымен, енді бірі оқушыларды ғылыми жұмысқа баулумен ерекшеленеді. Бүгін осындай ұстаздың шығармашылығы туралы насихаттауды жөн көрдім.

Мақаламның арқауы – Дәстенова Ләйла Жетесқызы 1975 жылы 4 наурызда Қазалы ауданында дүниеге келген. 1996  жылы Байқоңыр медициналық училищесін мейірбике ісі мамандығы, 2008 жылы Алматы технологиялық университетін биология және химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001 жылы Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепте биология және валеология пәндерінің мұғалімі болып ұстаздық жолын бастаса, 2008-2019  жылдары қосымша білім беру маманы қызметін атқарып, 2019 жылдың наурыз айында  мектеп директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағғайындалған.

19 жыл бір ұжымда еңбек етіп, бар білімі мен білігін шәкірт тәрбиелеу жолына арнаған ұстаздың ауыз толтырып айтар еңбегі мол. Әр жылдары өзінің педагогикалық шеберлігін жетілдіруден жалықпайтын ұстаз «Өрлеу» АҚ Қызылорда филиалы ұйымдастырған «Пәндерді  оқытуда критериалды бағалау жүйесін енгізудің оқу – әдістемелік негіздері», «Педагогтердің цифрлық  құзырлығын дамыту», «Қашықтан оқытуды үйренемін», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Оқушылардың кәсіби бағдары бойынша мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы», «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқыту сапасын көтерудегі заманауи педагогикалық әдістері мен ойлау дизайны білім берудегі әлемдік тренд», «Білім берудегі менеджмент» тақырыптарындағы білім жетілдіру курстарынан өтіп, сертификатталған.

Биология және валеология пәндерін ғылым негіздерімен байланыстыра оқытатын тәжірибелі ұстаз шәкірттерін пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауына қатыстырудан жалықпайды. Өйткені шәкірттерін ғылымға бағыттаған ұстаздың тынымсыз еңбегі шәкірт жүрегінен жол тауып, шәкірттері медицина,  экология, педагогика саласындағы мамандықтарды таңдауына мұрындық болды. Шәкірттерге жаңа заманға сай білім беру басты мақсатым десе, ол жолға жетуде шәкірттерге биология ғылымын меңгертуде аянып қалған жоқ.

Білімге құштар еліміздің болашағы жас ұрпаққа жан – тәнімен білім нәрін септі. Оқушыларын ғылымға баулыған ұстаз «Ізденіс» қоғамдық қоры мен «Эрудит» білім порталының бірлесіп ұйымдастырған «ORDA-JUNIOR-2016» облыстық ғылыми жұмыстар байқауына оқушысы Сапарбеков Ерасылды «Қоршаған орта» секциясы бойынша қатыстырып, «Ашығудың адам ағзасына әсері»  тақырыбындағы ғылыми жобасымен қатыстырып екінші орынды иеленсе, аталмыш байқауға 2018 жылы қатыстырған оқушысы Жеңісбекқызы Жансая «Ізденімпаз оқушы» номинациясымен марапатталған. «Педагог» Республикалық озат педагогтар порталының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының шығармашылығына арналған «Нобель ізбасарлары» атты республикалық ғылыми жобалар байқауында оқушысы Сапарбек Ерасыл І дәрежелі  Дипломмен марапатталса, Еуропалық қашықтықтан білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық «Наланда – 2018»қашықтық олимпиадасында оқушысы Меңдуақас Елдос биология пәнінен үшінші орынды иеленген. «Жарыс» онлайн – олимпиадалар орталығы ұйымдастырған  республикалық пән олимпиадасында биология пәнінен Қожақова Назерке мен Дәулеткерім Аружан үшінші орын иеленген.

Оқушылары «Дарын» ғылыми – практикалық  орталығы ұйымдастыратын қашықтық интернет олимпиадасы мен «Nio.kz» Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиадасы үздіксіз  қатысып келеді. «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығы ұйымдастырған «Ақ бота» интеллектуалдық марафонында биология пәні бойынша қатысқан оқушылары Таукен Нұрайым екінші орынды иеленсе, Аман Адина үшінші орынды иеленген.

Ал «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Адам және табиғат» интеллектуалдық марафонында оқушылары Аман Адина мен Киікбай Нұрай бірінші және екінші орынды иеленсе, Шайықова  Жансая сертификат алған. Оқушыларын ғылымға бұрған ұстаз өзінің де шығармашылығын дамытуды тоқтатқан емес.

«Аймақтағы білім берудің сапасын мониторингілеу және бағалау: тәжірибе, мәселелер, перспективалар» республикалық ғылыми – практикалық  конференциясында «Мониторинг білім сапасын басқару тәсілі ретінде», «Тарих. Демография. Педагогика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциясында «Ашығудың экологиялық апат аймағындағы адам ағзасына әсері»  тақырыптарында баяндама жасап, жинаққа енген.

Іс – тәжірибелері баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. «Тағылым» республикалық ғылыми – әдістемелік журналында «Өсімдік – тіршілік тірегі» сабағы, «Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар» республикалық ғылыми – әдістемелік журналында үлгілі сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстары, Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинеті) «Педагогикалық ізденіс» ғылыми – әдістемелік журналында «Қалдықтардың зияны және оларды қайта өңдеу жолдары», «Қазалы» аудандық газетінде «Талантыңды таныт, жас ұстаз», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Талғампаздық танытты», «Жас зерттеушілер сайысы», «Мектебіміздің мақтанышы», «Халықаралық олимпиада жеңімпаздары», «Жүз жолдың бірі – сенікі», «Асулардан асады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады», «Кәсіп – болашаққа бастар жол» мақалалары жарық көрген.

Ұзақ жылғы педагогикалық тәжірибесін жинақтап, «Биология және география пәнін мектепте оқыту әдістері мен зертханалық жұмыстар маңыздылығы» атты оқу – әдістемелік құралын әзірледі. Оқушыларымен жеткен жетістігі, ғылымға жол салған ұстазды марапатқа жеткізді. Ұстаздық қызметі шығармашылыққа толы. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» – дегендей, ол өзі қалаған мамандығының иесі атанып, осы салада өзінің өмір бойғы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе білді.

Жалпы орта білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары және жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің арасында өткізілген «І – Yent» атты бизнес жобаларының облыстық форумына оқушы дайындағаны үшін Қызылорда облысының Рухани жаңғыру орталығының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті инженерлі – технологиялық институтының, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кәсіби бағдар беру мақсатында Сыр өңірінің мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Жастар таңдауы – Ақмешіт!» атты облыстық бейнероликтер байқауына оқушы қатыстырғаны үшін «Ақмешіт» гуманитарлық – техникалық институтының, 2020 – 2021 оқу жылына бағытталған кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырғаным  үшін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті ректорының, «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасын қолдап, Оңтүстік өңірінің талапкерлерін оқуға тарту жұмысында белсенділік танытқаны үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Алғыс хаттарына ие болды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің мектеп бітіруші түлектерге арналған «Мамандық таңдау – маңызды шешім» тақырыбындағы онлайн кездесуіне мектептің бітіруші түлектерін қатыстырып, мамандық таңдауларына зор үлесін қосты. «Оқушыларға кәсіби диагностика және кәсіби бағдар беру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру» атты қашықтықтан оқыту форматында өткізілген вебинарда «Кәсіп – болашаққа бастар жол» тақырыбында шеберлік сыныбын көрсетіп, Қызылорда облысының білім басқармасы Қызылорда облыстық оқу орталығының сертификатын иеленген.

Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген жақсы бір даналық сөз бар. Мен үнемі үлгі тұтатын Ләйла Жетесқызының еңбек жолымен таныса отырып, «Педагог-зерттеуші» біліктілігіне лайық, бар ғұмырын жас жеткіншек тәрбиелеу жолына арнаған ұстаз екеніне толық көз жеткіздім.

Шарбану ТОЛЫБАЙҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий