Қазақстандық оқытушылар қатары практик мамандармен толығуда

Оқу жылының басынан бері 350 практик маман қазақстандық университеттерде сабақ бере бастады. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетінде журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Бас редакторлар Клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин және басқа да практик мамандар сабақ береді, – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова және тағы да басқа мамандар студенттерге білім береді.
– Өткен жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптар өзгертіліп, тәжірибелі мамандарды белсенді тартуға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Мысалы, заңгерлерді даярлауға кемінде бес жыл тәжірибесі бар практиктердің кемінде 60%-ы тартылуы тиіс. Сондай-ақ егер бұрын журналистика немесе IT саласындағы оқытушылар арасында ғылыми дәрежесі кемінде 40% болуы талап етілсе, енді практиктерді тарту үшін дәрежелілік пайызы айтарлықтай төмендейді. Өзгерістерді енгізбес бұрын ЖОО түлектерін жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілермен талқыладық, – дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындары өз базасында танымал компаниялардың орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, Astana IT University-де CISCO, Huawei, Microsoft, Amazon, Samsung, Kaspersky компанияларының сертификатталған курстары өткізіледі. Қазақстан-Британ техникалық университетінде Apple-орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ Яндекс және Huawei магистрлік бағдарламалары іске асырылады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) Coursera-мен IT саласында білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий