Қазақтың қайсар қызы
Бала күнімізде Қазақ радиосынан Күләш апамыздың күміс көмейінен шыққан «Майра, Майра, қызыл тілім сайра, сайра!» деп шырқаған әні әлі күнге құлағымызда сыңғырлап тұр. Сонда қазақтың «Майра» есімін иеленген бар қыздары сұлу да сымбатты, ақылды да көрікті болар деп ойлайтынмын. Иә, сол ойым мені алдамапты. Қазақтың Майра есімін иеленген қыздарының бірі, дәлірек айтқанда Амантаева Майра Тұрғанқызымен жақынырақ танысқаннан кейін ғана көзім жетті.

М.Т. Амантаевамен алғашқы жүздесуім Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде еңбек етіп жүргенде Түркияға барған ғылыми сапарымда басталды. Сапар барысында жақынырақ танысқан Майра апайымыздың Отанына шын берілген патриот, жүрегі тұнып-тұрған имандылық, жаны сұлу, ой өрісі биік, жүріс-тұрысынан жоғары жинақылықты, темірдей тәртіпті ұнататын, жанарынан от ұшқындайтын адам екенін ұқтым. Әңгімелескен сәтте жан-жақты білімді, көргені көл, ойы ұшқыр, сөз арасында қазағымның аталы сөздерін қосып жібергенде оның орақ тілді, от ауызды шешендердің сарқыты ма деп қаласың ?!
Сол жылы ЮНЕСКО шешімімен – Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жарияланғандықтан, 2016 жылдың желтоқсан айының 1-4 аралығында Анталья қаласында Еуразиялық халықаралық білім беру кәсіподағы (ЕврАзПОПО) мен Түркия білім беру кәсіподағы (TurkEgitim-Sen) «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағымен» бірлесе педагогика және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша Түрік әлемі Халықаралық конференциясын өткізген болатын.
Халықаралық конгресске Түркі әлемі ғалымдары мен кәсіподақ ұйымы белсенділерінен 900-ге жуық адам қатысып, барлығы 1080 баяндама түсті. Қазақстан Республикасы атынан да 20 баяндама жасалды. Алғашқы пленарлық мәжіліс Анталья қаласындағы Топкапи қонақүйінің «Османлы Бало» атты үлкен залында өтті. Конгрессті кіріспе сөзбен ашқан Түркия біріккен кәсіподақ ұйымының Бас хатшысы Исмаил Конжук әлемнің әр түкпірінен жиналған қонақтарға ризашылдығын білдіріп, конференция жұмысына табыс тіледі.
Мұнан әрі модератор құттықтау сөзді алғашқы етіп Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Майра Тұрғанқызы Амантаева ханымға беріледі деген сәтте, бүкіл зал толы қонақтар орындарынан тік тұрып дүркірете қол соқты. Мәжілісте отырған қазақстандық ғалымдардың барлығы да бұл құрметті жетекшімізге ғана емес, барша қазақ халқына көрсетілген құрмет деп ұғындық.

Майра Тұрғанқызы барлық жиынға қатысушыларды республика салалық кәсіподақтар атынан қызу құттықтап, сол кездегі ҚР Президенті Н. Назарбаевтың түркі әлеміндегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы сарабдал саясатымен кеңірек таныстыра келіп: «Біздің елімізде тұңғыш мемлекеттік ресми идеология жарияланды. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясын білдіретін түйін-тұжырым. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея дүние есігін ашты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Бұл барша қазақстандықтардың патриоттық ұраны десек, еш қателеспейміз», – деп сөзін аяқтады.
Майра Тұрғанқызы Амантаева! Есімі республика асып, әлемнің шартарапына тарап кеткен белгілі қоғам қайраткері, кәсіподақ қозғалысының белді жетекшісі, қазақтың қайсар қызы туралы әңгіме қозғау бір газеттің аясына сыймаста еді. Оның барлық ғұмыры республика білім және ғылым кәсіподақ ұйымының қалыптасуымен тығыз байланысты. Бәрі де сол Одақтық сайлауға түскенінен басталған-ды.
1974 жылы 16 маусым күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған қазақтың қаршадай қызы сол Кремль мінбесінен тарихи сөз сөйлеп, 1977 жылы ең соңғы КСРО Конституциясының қабылданар сәтінде «Рухани байлықтар азаматтардың ізгілікті және эстетикалық тәрбиесі үшін пайдалануы тиіс» деген 26-бапты енгізген еді. Кейін Кеңестер Одағының саяси өкілі ретінде шер шарын аралап, саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді дамытуға өз үлесін қосқан жан.
Бірде қолыма тиген М.Т. Амантаеваның ғұмырнамасына арналған «Өмір өткелдері» атты кітабы маған қатты әсер қалдырды. Еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің аталмыш естелік шығармасы өз өмірінен сыр шертіп, жас ұрпаққа ұлағатты өсиеттерін қарапайым тілмен еш боямасыз жеткізе білген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірдің қиыншылығына тап болған қыздың әкесі мен аталарының тағдыры туралы әжесінен естіген әңгімесін ағынан сыр ақтарады.

Соғыстан жаралы оралған әкесінің еңбек жолдарынан үзінділер келтіріп, көпбалалы отбасындағы тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа сүйенген тәрбиесін кейін есейген шағында да өмірлік ұстанымы болғанын мақтаныш етеді. Мамандық таңдаудағы әкесі Тұрғанның қатты ықпалы болғандығын, сөйтіп геолог емес математика пәнінің мұғалімі атанған тұсын оқығанда еріксіз ризашылдыққа бөленесіз. Майра Тұрғанқызы өз естелігінде үлкен өмірге аяқ басқаннан кейінгі жолдарына ой тастап, таразы тартады.
Ауыл мектебіндегі мұғалімдердің өлшеусіз еңбегіне тоқталып, олардың әлеуметтік ахуалын, тұрмыс-тіршілігіне алаңдаушылық білдіреді. Осы тұста өмір өткелдерінде алдынан жолыққан заңғар тұлғалар мен тағылымы мол жандардың ақыл-кеңесіне сүйенеді. Олардан алған тәлім-тәрбие Одақтың депутаты, республика кәсіподақ ұйымын басқарған сәтте игілікке асады. Мұңайғанды жұбатып, қамыққанды қамқорлай білген Майра апайымыз 1995 жылдан кәсіподақ жұмысына араласып, оның қалыптасуы мен дамуына бар күш-қайратын салып келеді.
Басты мақсат – білім саласында еңбек кодексінің бұзылмауына жол бермей, қызметкерлердің еңбек ақыларын көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау, баспана мәселесін шешу, денсаулықтарын күтуіне жәрдемдесу және олардың балаларының да емделуіне көмек беру. Осы орайда талай министрліктердің есігін тоздырып, күрделі мәселелерді шешуде Парламент депутаттарымен байланыста болып, қоғам мәселесіне назар аударып, қабылданған заң жобаларын жетілдіруде комиссия мүшесі ретінде көп еңбек сіңіреді. «Өмір өткелдерінің» 43-ші бетінде автор былай деп жазады:
«Білім және ғылым саласында жаңа заң қабылданып, жаңа тармақ өмірге келді. Бұл әлеуметтік кепілдік ретінде мұғалімдер беделін көтеру мәртебесі болатын. Кәсіподақ сенімі мен қолдауын пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалымен, мұғалімдер құқығын қорғауда көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Еліміздегі барлық облыстар мен аудандарды, қалалар мен ауылдарды аралап, мәселелерді шешу жолында шынайы күрес жүргізілді». Күрес демекші, Майра апайымыздың өмір жолы күрестен тұратынын аңғаруда қиын емес.

Бұл жолда ешкімнен қорықпай, жасқанбай, тік мінездік танытып, туындаған мәселелерді шешуде топты жарып сөз сөйлегенде жұртшылық назары түгелімен шешенге ауатын. Алдынан кездескен қиыншылықтарға мойымай, темірдей тәртіпке бейім мінезімен қайсарлық танытатын. Сол үшін «қазақтың қайсар қызы» деп атануы тегін емес еді. Бұның айғағы ретінде кітаптың «Өткен күннің белгілері» атты тараушаны оқысаңыз жеткілікті. Ал, енді тұңғыш рет ҚР БжҒ қызметкерлері кәсіподағының 2010 жылы 20 ақпанында халықаралық білім кәсіподақ ұйымының шақыруымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына барған сапары да естен кетпес әсерлі оқиға болды.
Қаланың биік-биік зәулім үйлері, қызылды-жасылды шамдар, жарық-жұрық еткен жарнамалар, құбылмалы су бұрқақтары, сапырылысқан көліктер, сеңдей соғысқан жаяу жүргіншілер, азан-қазан болып жатқандығын көргенде еріксіз таңғалғандығын жасырмайды. Ертесіне Біріккен Ұлттар Ұйымының 55-сессиясының мәжілісіне қатысып, дүниежүзі әйелдерінің мәселелері мен оны шешу жолдарындағы пікірталасқа құлақ түреді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған, өзгеде әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлерінің мәнді де мағыналы сөздерін тыңдайды.
Аштық пен жалаңаштық, ауру мен қайыршылық үстем құрған, саяси билік арасындағы жанжалдан туындаған азматтық соғысқа бой берген Африка, Араб елдері, Азияның көптеген елдеріндегі әйелдер мен балалар өмірі туралы әңгіме естігенде Қазақстандағы жағдайдың ұшпақ екендігіне «тәубе» деседі. Саясаткерліктен мол тәжірибе жинақтаған автор өзі жетекшілік етіп отырған республика салалық кәсіподақ ұйымының әлемнің басқа елдерімен де тығыз байланыста болғандығы туралы да әңгіме қозғайды.
Кітаптың «Халықаралық қызмет» деген тараушасынан ҚР БжҒ саласы қызметкерлер кәсіподағы 159 елдің 313 ұлттық ұйымын біріктіріп, мүшелерінің саны білім саласындағы 30 миллионды құрайтын 2001 жылдан Халықаралық білім ұйымының (МОО) мүшесі екендігін оқып, білдік. Жыл сайын өткізілетін семинарлардан білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттырудың жолдары талқыланып, оны жақсартудың шаралары жасақталатын. Әсіресе, Малайзия еліндегі білім жүйесінің жәйі, білім берудің құрылымы мен мазмұны, мұғалімдердің мақсат-мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдарының қызметі, оларды қаржылай қолдауы, кәсіподақ ұйымдарының құрылымы, салымдар мен төлемдер жөніндегі іс-тәжірибелерін республика салалық ұйымында да жүзеге асыру шарасы жасақталғанынан хабардар етеді.

Майра Тұрғанқызы, республика атынан және аймақтардағы білім саласы кәсіподақ жетекшілерінің Бельгия, Тайланд, Түркия, Бразилия, Болгария, Канада, Румыния, Қырғызстан және т.б. елдерде өткен Халықаралық білім ұйымының конференциялары мен конгресстеріне қатысып, әлемдегі мұғалімдер мен балалардың тағдыры туралы, барша елдердің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы өз әріптестерімен ой бөліскендігі туралы да жолдар бар.
Республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі С.Мәметке берген сұхбатын оқи отырып, кейіпкеріміздің білім саласында қызметкерлердің мұңын жоқтайтын, барын бағалайтын шын жанашыр адам екенін мына жауабынан-ақ дәл ұғынасың: «Атам қазақ «Қыран құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Шынында, бала өмірінде мұғалімнің орны бөлек. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлттық сезім, ұлттық намыс, ұлттың рухани құндылықтары, тіпті қарапайым ғана үлкенге құрмет, кішіге ізет тәрізді кісілік қасиеттер – барлығы баланың мектеп қабырғасында қандай білім, қандай тәлім-тәрбие алып шыққанына тікелей байланысты.
Осыдан-ақ ұстаз еңбегінің ерекше екені көрініп тұр ғой. Бірден айтайын, ұстаз мәселесін, ұстаз мәртебесін толығымен билікке артып қоюға болмайды. Қоғам болып шешуге атсалысып, қызмет етуіміз қажет. Себебі, мұғалім оқытып жатқан ұл мен қыз елдің ертеңі, ұлт болашағы» [«Мұғалім мәртебесі – өркениеттілік өлшемі». // «Егемен Қазақстан», 1.10. 2016 ж.). Қазақта «Ұстазы бардың ұстамы жақсы» деген сөз дәл Майра Тұрғанқызына қарап айтылғандай. Жұмыстас болған әріптестерінің барлығы дерлік апайымызды өте ізденімпаз, талапты, терең ой-пікірлі, ұқыпты, еңбекқор, қарапайым да инабатты, талапшыл ұстаз деп бағалайды.
Жасыратыны жоқ, кеңестік заманда кәсіподақтың беделі өте жоғары болғаны есімізге түседі. Кеңес үкіметінің іргесі сөгіліп, нарық ентіге кіргенде біраз ұйымдар, оның ішінде компартиядан бастап біраз қоғамдық ұйымдар тарап кеткені бар. Бірақ сол қысылтаяң, қиын заманнан аман есен шығып жүрісінен танбай келе жатқан ұйым, қазақтың қайсар қызы М.Т. Амантаеваның есімімен абыройы асқақтап тұр.

Бүгінде оның есімі еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру ұжымдарында құрметпен аталады. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген аталы сөз бар, ҚР Білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағы төрайымының кеңесшісі, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері Майра Тұрғанқызы Амантаева жүріп өткен өмір өткелдері баршамызға үлгі болып қала бермек!
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Атырау облысы білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіптік одағы
қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
тарих ғылымдарының кандидаты