Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
Бiз қазір жаңашыл қоғамда өмір сүрудеміз. Әрбір қоғам үшін даму сатысында өзіндік белестер бар. Сол белестерді бағындыруда заңсыздыққа жол бермеу, біздің азаматтығымыздың айрықша белгісі. Қазіргі кезде шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық.

Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлтқа үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген.
Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзекжарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Баяулап, қадамын ақырын басып, анықтыққа жетелейін деді де. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. “Қоғам – өмірдің айнасы” дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалу қажет. Біздің білім шаңырағында осы тоқтаусыз дабыл қағатын әрекетпен қарсы жұмыс жүргізуде арнайы жоспарлар құрылған.
«Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» клубтары да өз бастамаларын жүзеге асыруда. Арнайы осы тақырып көлемінде іс-шаралар бала бойына ой салуда. Мектеп қабырғасында өтіп жатқан қарқынды жұмыстар – қоғам тазалығының бір бөлшегі деп білемін. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жылдан аса уақыт өтті. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық барша отандастарымыздың азаматтық борышы деп білу керек.
Ляззат Бекбосынқызы ДОЛАНБАЕВА,
Абдулла Қарсақбаев атындағы №41
мектептің директоры, Алматы
қаласының Алатау ауданы