Табиғат: Қаракөл сақшылары

Маңғыстау облысындағы «Қаракөл» көлі аң құстарды қорғап, сақтап қалу мақсатында құрылған ерекше қорғалатын зоологиялық табиғи аймақтардың бірі. Су жылы, терең емес көл қаз, үйрек, аққу, қоқиқаз құстары көктемде-күзде келіп қонып, демалуларына ыңғайлы. Ол сулы батпақты өңірде жылдың әр маусымында 175 ке жуық құс түрі келеді. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген 22 түрі, соның ішінде Халықаралық табиғатты қорғау Одағының (ХТҚО)  Қызыл тізіміне енген құс түрлері де бар. 

«Қаракөл көлі» сулы батпақты алқабы жасанды жолмен пайда болған көл.  1960-шы  жылдардың аяғында Қаракөлдің орнында «Маңғыстау атомдық энергия комбинаты» кәсіпорнының (қазіргі «МАЭК Казатомөндіріс» ЖШС) техникалық су қоймасы болған. Аталған кәсіпорын Ақтау қаласы тұрғындарының қажеттіліктері үшін теңіз суын тұщыта бастаған. Бұған дейін кәсіпорын өндіріс құралдарын суыту үшін теңіз суын пайдаланып, нормативті таза теңіз суын теңізден ондаған метр қашықтықта орналасқан табиғи ойпатқа апарып төге бастаған.

Соның нәтижесінде, ұзындығы 17 шақырым, ені 3-4 шақырым Қаракөл көлі пайда болған. Көл теңізбен су жіберу, су алу арналары бар канал арқылы байланысып жатыр. 1986 жылы «Қарақия Қаракөл» мемлекеттік зоология қаумалының құрамына кірді. 2008 жылдан бастап, көл Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы инспекторларының қорғауына алынған.

Өлкеміздегі осы  Қаракөл көлін қорғау, ондағы тіршілік дүниесін сақтап қалу, құс түрлерін бақылау, Қызыл кітапқа енген құс түрлерін қорғау, экологиялық мәселелердің алдын алуға өз үлестерін қосу мақсатында биылғы яғни, 2022 жылдың қаңтар айында мектебімізде табиғат әлеміне қызығушылығы бар 7-8 сынып оқушылары арасында «Қаракөл сақшылары» клубы құрылған болатын.

2 ақпан Дүниежүзілік сулы-батпақты аймақтарды қорғау күніне орай клуб мүшелері көлді зерттеу мақсатында «Қаракөл» сулы алқабына саяхат сабаққа барды. Онда балаларды Үстірт қорығының инспекторларымен «Орта Азия» Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитеті төрағасының орынбасары, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Қозыбақов Әділбек Мұстажебұлы күтіп алып, Қаракөлдің тіршілік дүниесімен таныстырып, соның ішінде құс түрлерін бақылау құралдары арқылы көрсетті.

Оқушылар осы құралдар арқылы электр бағаналарындағы су құзғынының ұясын көріп таң тамаша болды. Бәрінен де оқушыларды ерекше қызықтырғаны көлдің сәні болған аққулар, олардың мүсіні, қанатының түсінің ерекшелігі және топтасып жүрген қоқиқаздар болды.  Сонымен қатар, балалар аққу түрлерін ажыратып, Қызыл кітапқа енген Сұңқылдақ аққуға қызығушылық танытты. Айта кететін жайт, Халықаралық мәні бар, сулы-батпақты алқап болып табылатын Қаракөл көлінде Қызыл кітапқа енген жалпы 22 түрлі құс кездессе, оның ішінде бұйра мен ақбас үйрек және бірқазан Қызыл тізімге енген.

Көл зоологиялық қорықтың бөлігі болғандықтан, Үстірт мемлекеттік қорығының инспекторларыда өздерінің атқаратын іс- шараларымен таныстырып, оның аумағында аң аулауға қатаң тиым салынатынын және экскурцияға да арнайы ережелер қарастырылғанын атап өтті. Балалармен сұхбатында Әділбек Мұстажебұлы: – Қаракөл көлі қалаға жақын орналасқандықтан ол жерге көп адамдар демалуға келеді. Өзінен кейін қоқыс тастап кетеді немесе дрон ұшырып құстарды үркітеді.

Осылардың алдын алу үшін 3 жылдан бері еріктілермен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Оқушылар мен студенттер арасында «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль отряды ұйымдастырылған. Халықпен әртүрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мектеп оқушылары мұғалімдерімен келіп, тазалық жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар  санақтарға ат салысады. Мысалы әр жылы қаңтардың орталарында мұз қатпайтын су айдындарында халықаралық құстардың санағына қатысады.

Сөйтіп, оринтология ғылымына өз үлестерін қосады деп атап өтті. Саяхат сабағымыздан керемет әсер алған  «Қаракөл сақшылары» клубының оқушылары осы күннен бастап, табиғат жанашырларынан құрылған еріктілердің экопатруль отрядына қосылған еді.  Қазіргі кезде олар халықпен әр түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және Қаракөл сулы алқабы маңында тазалық жұмыстарын атқаруға өз үлестерін қосуда.

Өздерінің туған өлке тазалығына үлес  қосып, табиғат жанашырлары болғандығын сыныптастарына қуана айтып жүр. Балаларымыздың  туған жерге деген сүйіспеншілігі, өлке табиғатын сақтап қалуға деген құлшынысы олардың бірауыздан келесі жылы Халықаралық құс санағына қатысуға деген ынтасы бізді қуантты.

Жансауле Калдыбаевна ИЗБАСХАНОВА,
№1 жалпы білім беретін мектептің
география пәні мұғалімі, Маңғыстау
облысындағы Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий