Келесі оқу жылынан бастап IT-бағыттарына түскісі келетін үміткерлер информатика пәнінен тест тапсырады
Келесі оқу жылынан бастап IT-бағыттарына түскісі келетін талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнінен тест тапсырады. Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-ларда IT-бағыттар бойынша оқығысы келетін талапкерлер үшін ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер тізбесіне «Информатика» пәнін енгізу туралы көптеген өтініштер келіп түседі, – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.

Осыған байланысты министрлік талдау жүргізіп, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін оқушылар ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады деген шешім қабылдады.
2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте пилот ретінде талапкерлердің таңдауы бойынша биыл осы дайындық бағыттарына (наурыздағы ҰБТ кезінде) түсу үшін «Математика + Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болады.