Студенттер қатысқан семинар ксенофобиялық, агрессивті радикалды діни нанымдар мен идеологиялардың мәні мен зияндылығын ашу тақырыбына арналды
Біздің жоғары оқу орнындағы сәулет-құрылыс факультетінің студенттері оффлайн режимде «Ксенофобиялық, агрессивті радикалды діни нанымдар мен идеологиялардың мәні мен зияндылығын ашу» тақырыбындағы семинарға қатысты.

Семинардың модераторы – Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес төрағасының орынбасары Түсіпбеков Ж. А. Семинардың спикерлері болып Қарағанды облысы дін істер басқарамасының «Конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы» КММ басшысы, Республикалық ақпараттық‑түсіндіру тобының мүшесі Төлегенов Д.Р., “Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының магистрі, философия ғылымдарының PhD докторы Шорманбаева Д.Г. қатысты.
Кездесу барысында спикерлер студенттерге деструктивті ұйымдардың өскелең ұрпаққа төндіретін қауіпін егжей‑тегжейлі сараптамалық тәсілмен талдады. Әсіресе, олардың әлеуметтік желілерде сананы улауда нейролингвистикалық бағдарламалау мен магиялық риторикаға негізделген жұмыстарының әдістерін түсіндірді. Спикерлердің пікірлерінше, жалған діни ілімдердің таралуы, ең алдымен, адамдардың бойындағы құндылықтардың әлсіреуімен, қазіргі кезеңге тән моральдық және әлеуметтік бағдардың жоғалуымен байланысты.

Себебі, псевдодіни топтарды ең алдымен психоэмоционалдық күйзеліс жағдайында, жалғыздық сезімін немесе жабығуды (апатия) бастан кешіретін адамдар қамтиды. Деструктивті діни ұйымдарда алдау (ақпаратты қасақана жасыру немесе оны бұрмалау), діни емес ақпарат көздеріне қолжетімділікті шектеу (газет, журнал оқуға, теледидар көруге тыйым салу) арқылы, өздерінің культтік әдебиеттерін, жазбаларын, дәрістерін үйретуге бағытталған ақпараттық бақылау байқалады.
Семинар барысында студенттер спикерлерге сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Модератор семинарды қазақтың бір туар кемеңгер ойшылы Шәкәрім Құдайбердиевтің «Тура жолда қайғы жоқ» өлеңіндегі: «Таза ақылмен таппаған дін – Шын дін емес, жындылық. Қармалаған бір соқырсың, Өлген ой мен көз, құлақ.» ‑ деген шумақтарымен қортындылады.
Жаркын Амантаевич ТУСУПБЕКОВ,
Қарағанды техникалық университетіндегі
ҚХА және ӘГП кафедрасының аға оқытушысы