Ғибратты ғұмыр иесі

Белгілі қоғам қайреткері, білім беру ісінің құрметті қызметкері, кәсіподақ ардагері  АМАНТАЕВА Майра Тұрғанқызы 75 жаста. Халқымызда еңбегімен еленіп, ғұмырын ғибратты өткізген жандар аз емес.  Олардың арасында ғұмырының басым бөлігін ұлт мүддесіне арнаған Майра Тұрғанқызының орны ерек.  Майра Тұрғанқызы Амантаева 1947 жылы 23 ақпанда Алматы облысының Қаскелең ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген.

????????????????????????????????????

1969 жылы Абай атындағы қазақ  мемлекеттік педагогика институтының математика факультетін бітірген. 1969 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл ту ауылындағы мектепте, 1970 жылы Алматы облысы, Шелек ауданы, Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болған. Майра Тұрғанқызы мектепте жас шәкірттерге білім мен тәрбие бере жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өр мінезді жас педагог әріптестерінен көшбасшылық қасиетімен дараланып, кеңес дәуірінде, 1974 жылы 27 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы жиынында депутаттыққа сайланады.

Бес жылдан астам мерзім депутаттық қызметін абыроймен атқарды, үлкен беделге ие болды. 1991 жылы Майра Тұрғанқызы өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдары құрылған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы қызметіне тағайындалды. Кәсіподақ көшбасшысының тәжірибелік қызметі еліміздің қалыптасу тарихымен, Қазақстанның ағарту саласы қызметкерлерінің, мұғалімдердің дағдылы жұмыс күндерімен тығыз байланысты болды. Нарықтық қарым-қатынастар жағдайында кәсіподақ қызметін заман ағымына сай жетілдіріп, нығайтуға Майра Тұрғанқызы елеулі үлес қосты.

Салалық кәсіподақтың көшбасшысы болған тұста Майра Тұрғанқызы еліміздегі педагог кадрлардың еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің заң тұрғысынан қорғалып, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына айрықша ықпал етті. Көптеген нормативтік-құқықтық актілердің, заңдардың қабылдануында ұстаз мүддесі тұрғысынан ұсыныстарын жеткізіп, енгізуге септігін тигізді.

Білім саласындағы заңдар мен стратегиялық құжаттарды, Үкімет қаулыларының жобаларын жасақтауға Салалық кәсіподақ ұстаз мүддесін алдыңғы орынға қояды. 2012 жылы Майра Тұрғанқызы бастаған кәсіподақ белсенділері Үкіметтің әйелдердің зейнет жасын  58 ден 63 жасқа көтеру бастамасына қарсы шығып, Үкімет реформасымен келіспей, 80 мыңға жуық қол жинады. Өңірлерде түрлі форматтағы жиындар өткізіп, Президентке, ҚР Үкіметіне ашық хат жолдады.

Осыдан кейін ғана Үкімет әйелдердің зейнет жасын өсіруді 2018 жылға шегеруді, оның өзінде кезең кезеңімен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Ширек ғасырдан астам уақыт елдегі ең ірі қоғамдық ұйым – Салалық кәсіподақтың төрайымы тізгінінде болған тұста Майра Амантаева педагог қызметкерлердің мәселесін Үкімет мінберінен көтеріп, талаптарын жеткізді. «Білім туралы» заңға қатысты сала қызметкерлерінің мүддесін танытатын бірқатар нормалардың енгізілуіне мұрындық болды.

Тәуелсіздік тарихындағы «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануына да, сала қызметкерлерінің жалақысының арттырылуына да Майра Тұрғанқызы айрықша үлес қосты.  Кәсіподақ күшімен алынған осындай асулар мен белестердің басында Майра Амантаеваның есімі аталады. М.Амантаеваның қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды – ол “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет” ордендерімен, “Отличник просвещения Казахской ССР» белгісімен, Жалпыға ортақ кәсіподақтар Конфедерациясының «За заслуги перед профсоюзным движением» күміс белгісімен, Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы беріліп, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен, А.Байтұрсынов атындағы үш дәрежелі медальдарымен және салалық кәсіподақ пен кәсіподақтардың халықаралық бірлестіктерінің басқа да көптеген наградаларымен марапатталған.

Ғасырға жуық тарихы бар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының даму жолы Майра Тұрғанқызының еңбек тәжірибесі мен кәсіби біліктілігімен тікелей байланысты. Ұйым жұмысын заман ағымына сәйкес жетілдіріп, кәсіподақ қозғалысының бүтіндігі мен бірлігін сақтауда Майра Тұрғанқызының елеулі үлесі мен өзіндік қолтаңбасы бар. Майра Тұрғанқызының телегей-теңіз тәжірибесі өнегеге, жетістіктерге толы.  Елге етер еңбегі, келер ұрпаққа берер тәлімі алдағы уақытта алғасын табатыны сөзсіз.

 «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ мен оның мүшелік ұйымдары, барша кәсіподақ көшбасшылары Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, республикамыздың оқу ісінің озаты, кәсіподақ ардагері Майра Тұрғанқызын мерейлі 75 жасымен құттықтайды! «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып»  демекші, бүгінде үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған алып тұлғаға ұрпақ қызығын көруді, сала қызметкерлерінің мүддесі мен құқықтарын қорғауда атқарған игі істерінің жемісті де жеңісті нәтижесін беріп, абыройы асқақтауына тілектестік білдіреміз.

«Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий