Сабақты зерттеу – кәсіби білімді жетілдірудің тиімді әдісі
Оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыру талап етіледі. Ол мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігімен тікелей байланысты. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі – оның ұстаздық шеберлігімен, жан-жақты білімінен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен және сол әдістерді тиімді пайдалануымен өлшенеді.
Әрбір оқу пәні бойынша білім, білік, дағдыны ғана игеру оқушы құзыреттілігі үшін жеткіліксіз болып отыр. Бүгінгі мұғалімнің жетістігін оқушыларға өзінің берген білімі мен біліктерін үйретумен бағалап қоймайды, сонымен бірге ол өсіп келе жатқан ұрпақты жаңа белгісіз жағдайда әрекет етуіне, олардың өз бетінше әрекеті мен шығармашылығын дамытуға, қоғам өміріне белсене қатысу үшін ақпаратты өз бетінше табу, талдау, құрылымдау мен тиімді пайдалану икемділіктерін қалыптастыруға қаншалықты тиімді жағдай жасағандығымен бағалайды.
Мұғалімнің кәсіби білімін жетілдірудің ең бір тиімді әдісі бұл – Lesson Study. Lesson Study – мұғалімдер тәжірибесі саласындағы білім жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл. Lesson Study-ге жоспарлау, оқыту, қадағалау, оқыту мен оқуды талдау, өз қорытындыларын тұжырымдап, құжаттарды бірлесіп жүзеге асыратын мұғалімдер тобы қатысады. Lesson Study-дің циклін өткізген соң мұғалімдер педагогикалық тәсілдерді түрлендіріп немесе жетілдіріп, кейіннен ашық Lesson study, таныстырылым өткізу, баспада жариялау арқылы әріптестеріне таратады.
Біз өз мектебімізде Lesson Study циклін өткізу үшін былтырғы оқу жылынан бастап зерттеу сабақтарын жоспарлап, мұғалімдерден топ құрдық. Ағымдағы оқу жылында Lesson Study-ді даму мен ілгерілеудің басым бағыты ретінде басшылыққа алып, бірлескен іс-әрекеттің мақсат-міндеттерін айқындадық. «Бірлесе әрекеттену арқылы оқушыға білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға қалай көмектесуге болады?», – деген зерттеу проблемасы бүкіл мектеп үшін ортақ болды, оқушылардың оқып-үйренуінде қандай қиындық пен кедергі бар екендігін мұғалімдер бірлесе шешіп, сол тақырыпты жұмыла зерттеді.
Негізгі мақсат – оқушылардың оқуы мен мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жақсарту. Бұрынғы тәжірибемізде сабақ жоспарларын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, бақылау, проблемаларды бірігіп шешу деген болмаған еді. Өткен оқу жылында тәжірибемізді талдап, жинақтай келе Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білім жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екендігіне көзіміз жетті.
Туындаған проблеманың теориялық мәселелерін зерттеп, оны шешудің амалдары мен тәсілдерін сабақтар топтамасы басталмай тұрып айқындау үшін әр сабақ циклі осы мәселелерді шешетін коучингтерден басталуын дәстүрге айналдырдық. Коучинг барысында мұғалімдер күнделікті тәжірибеде туындаған проблемаларды өздігімен шешуге дағдыланады, яғни өздерінің кәсіби біліктілігін үнемі дамытып отырады.
Зерттеуші-педагог Р.Марсамбаеваның Lesson Study әдістемелік жұмысын шебер ұйымдастыруының арқасында мектебіміздің әдістемелік жұмысының негізін құрайтын тәжірибелі зерттеуші-педагогтер Г.Жүнісова, Ж.Кабылова, Л.Кусаинова, Ж.Тұрлыбаева коучингтер өткізсе, зерттеу топтарындағы ұстаздар сабақтар өткізіп, Lesson Study тәжірибесінің өз мектебімізге ғана тән, ешбір нұсқаға ұқсамайтын өзіндік сара жолын қалыптастыруда.
Асия БОКЕНБАЕВА,
А.С.Макаренко атындағы №6 орта
мектептің директоры Алматы облысы,
Талдықорған қаласы