Өмірін еңбекпен өрнектеген

Тәуелсіздіктің 30 жылында арқаның төсіне астана салып, шекарамыз шегенделіп, тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, іргелі ел болдық. Осы ұлы көш керуенінде зияткер ұлт тәрбиелеуде ел үшін аянбай, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай қызмет еткен бірден-бір қауым, алқара топ – ұстаздар болса, сол ұстаздардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын ұйым – кәсіптік одақтар болды. Осы қоғамдық ұйымға 40 жылдан аса саналы ғұмырын арнаған жандар санаулы ғана. Солардың бірі де бірегейі, ер мінезді, өр рухты, қарапайым ұстаздан кәсіподақтың көшбасшылығына дейін көтеріліп, өзінен кейінгі ұрпаққа өнегелі із қалдырған Майра Тұрғанқызы Амантаева.

Майра Тұрғанқызы салалық кәсіподаққа жүз мыңдаған сала өкілдерін ынтымақтастырып, өзі де сол азаматтардың қолдауы мен беделіне ие болды. Еңбекшілердің қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерге атсалысу, оған ықпал ету үшін мемлекет заңдарымен берілген барлық құқықтар мен мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін ұғынған кәсіподақ көшбасшысы ретінде өзгелердің арасынан топ жарып, көш бастады.

Өр рухымен, жалынды сөздерімен өзінің қызмет жолының барлық кезеңінде білім және ғылым саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту үшін жасаған еңбегімен ұстаздардың жанашыры ретінде танылды. Майра Тұрғанқызы бастаған сауапты тірліктің ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып жатқанына бүгінде осы салада қызмет етіп жүргендер куә. Оның бастамасымен кәсіподақ ұйымы ұстаздардың құқығын шынайы қорғаушы құрылымға айналды.

Майра Тұрғанқызы өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбек адамының әлеуметтік ахуалын арттыруға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, кәсіподақ қозғалысының дамуы мен кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен тұтастығын сақтауға арнаған жан. Жақсы адамгершілік қасиеттерінің арқасында елге ерте танылып, халық арасында және әріптестерінің ортасында абырой-құрметке бөленген адам. Майра Тұрғанқызы тек білікті басшы болған жоқ, ол – асыл жар, аяулы ана, қамқор әже.

Қарапайым қазақ әйеліне тән осындай үш қасиетті тұла бойына ұштастырып, отбасының берекесін келтіріп отырған қымбатты ана.Ол қызмет биігіне көтеріліп қана қоймай, өзіне үлкен талаптар қою арқылы отбасындағы қарым-қатынасты сақтай отырып, өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсірген өнегелі, мерейлі отбасының ошағы. Жұлдызды 75 жасқа толып, еңбегінің жемісін көріп отырған мерейтой иесін әулиеаталық кәсіподақтар қауымдастығы мен әріптестері атынан шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілегім келеді.

Гүлсін ОРЫНБАЕВА,
қоғам қайраткері, кәсіподақ ардагері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий