Заманауи колледж – сапалы білім алудың нақты жолы

Бүгінгі таңда мектеп түлектері үшін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнын таңдау күрделі де жауапты міндет. Себебі, олардың саны өте көп және білім беру қызметін көрсету ерекшеліктері де әртүрлі. Осы орайда, болашақ талапкерлер мен ата-аналар техникалық және кәсіптік оқу орындары туралы ақпаратты қайдан алу керектігін, бүгінгі таңда еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныстың басымдырақ екендігін шешіп алғандары дұрыс.

Кез келген колледждің басты ерекшелігі – білім беру бағдарламасының мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты болады. Колледжді іздеу және таңдау 3 тиімді жолмен жүзеге асырылады: баспадан шығарылған проспект, брошюра, колледждің әлеуметтік желілерінде ұсынылған мәліметтер, арнайы мамандандырылған мекемелер (коммерциялық құрылымдар) ұсынған жарнамалық материалдарды пайдалану.

Жалпы колледждердің негізгі міндеті еңбек ерекшеліктерін, заңнамалық базаны және кәсіптің басқа да қыр-сырын білуі тиіс орта буын мамандарын теориялық және практикалық дайындау болып табылады. Колледж түлектері еңбек нарығы ұсынған мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда сұранысқа ие болады. Еңбек нарығына дайындауға келетін болсақ, бұл мәселенің шешімі де қиындық туғызбайды.

Өйткені, қазіргі таңда колледждерде оқыту үрдісі өзінің ерекшеліктерімен, жаңашыл әдістерімен және өндірістік оқыту тәсілдерімен, нақты айтқанда, өндіріспен тығыз байланыста болуымен ерекшеленеді. Осындай оқу орнының бірі – Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында орналасқан Қазақстандық Швейцария-Американдық колледжінің білім беру қызметінің артықшылықтарына тоқталып өтпекшімін.

Ең алдымен, тілге тиек етеріміз – колледждің ыңғайлы жерде орналасуы. Колледж жанында әр түрлі дизайндағы ондаған зәулім ғимараттардың, «Қазақстан символы» мәртебесіне ие «Астана-Бәйтерек» мұнара-монументі, Президент саябағы, Мемлекеттік мұрағаттың жұмыртқа тәрізді ғимараты, әсем монументалды «Нұр-Астана» мешіті, қысқы суықтан алып шатырмен жабылған мәңгілік жаз идеясын жүзеге асыратын ағылшын Норман Фостердің туындысы – «Хан шатыры» кешені, безендірілуі бойынша еліміздегі ең сәнді ғимараттардың бірі болып табылатын «Ақорда» сарайының болуы. 

Бүгінгі таңда колледжімізде 11 мамандық бойынша 500 студент білім алуда. Олардың иелігінде тәжірибелік және теориялық сабақтарға арналған аудиториялар, оқу кабинеттері, лингафондық, мультимедиялық (компьютерлік) кабинеттер бар. Оқу үдерісін қашықтан оқыту форматын жетілдіру мақсатында бес аудио-бейне хабар тарату жүйесімен жабдықталған «дыбыс өткізбейтін арнайы кабиналар» жасақталған.

Өндіріспен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету мақсатында колледж «Diplomat» қонақ үйі кешенімен, «Бәйтерек», «El Gaucho» мейрамханаларымен және «The Family» дәмханасымен кіріктірілген. Бүгінгі күні жұмыс берушілердің бірінші кезектегі талаптарының бірі – қызметкердің кәсіби құзыреттілігі. Өндірістік тәжірибеден өту студентке өзінің құзыреттілік деңгейін бағалауына, теориялық білімінде анықталған кемшін тұстарын оқу процесінде түзету қажеттілігін айқындауына мүмкіндік береді.

Сол себепті студенттердің өндірістік тәжірибеден өту үрдісін  ұйымдастыру жұмысы – кез келген колледждің басым бағыттарының бірі. Колледжіміздің қаладағы «Gala Global Group» аударма агенттігімен, «Ramada by Wyndham», «Wyndham Garden Astana», «Hotel Diplomat & Business Centre», «Burabai Hotel Managment» қонақ үйлерімен, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен, «Астана қаласының мүгедек-балалар қоғамы» АҚ, «Балам-ай» ҚҚ, «ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы» АҚ сияқты қоғамдық бірлестіктер коалициясымен әлеуметтік серіктестік туралы жасасқан келісім-шарттары студенттер мен оқытушылардың көп қырлы, өзара тәуелді қызметі – өндірістік тәжірибенің тікелей өндіріс орнында өтуіне толыққанды жағдай жасалынғандығының дәлелі болып табылады.   

Қазақстанның жоғары туристік әлеуетін ескере отырып, колледжіміз туризм саласындағы халықаралық талаптарға сай келетін жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында алғаш рет швейцариялық серіктестермен (FEYDEY High School – тәуелсіз халықаралық мектеп) халықаралық стандарт бойынша оқыту жұмысын қолға алды. Анталия қаласының (Түркия) Туризм академиясы мен колледж тарапынан жоғары білікті кадрларды даярлаудың негізі ретінде білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісім-шартқа қол қойылды.

Ағымдағы оқу жылында «IIST INDIA PAKISTAN ERICKE» ЖШС (Пәкістан) директоры Халик Уз Заман Чишти Қазақстанға іс сапары барысында колледжімізде болып, пәкістандық студенттердің тұлғалық дамуына, ағылшын, орыс және қазақ тілдерін меңгеруіне бағытталған келісімді ұсынды. Студенттеріміз әлеуметтік серіктестіктер ұсынған тәжірибелік базада кәсіби шыңдалып, болашақта сол компанияларда табысты жұмысқа орналасатын болады.

Жоғарыда баяндалғандар негізінде колледжіміз оқу бағдарламаларын соңғы заманауи трендтерге бейімдеп, болашақ талапкерлер үшін таңдаған мамандық аясында сапалы білім беру қызметін көрсетуге толық мүмкіндігі бар екендігін үлкен сеніммен айта аламыз.

Гүл ЖАНАЕВА,
Қазақстандық Швейцария – Американдық
колледжінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий