Колледж миссиясы – кәсіби қызметінде көшбасшы бола алатын бәсекеге қабілетті маман даярлау
Құрылыс-техникалық колледжі 1969 жылы кәсіптік мектеп ретінде ашылып, кейіннен кәсіптік-техникалық мектеп-кәсіптік-лицейге өзгертілді. 2012 жылдан құрылыс-техникалық колледжі болып қайта құрылды. Колледждің білім беру бағдарламаларын дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарында айқындалған. Осы жоспар аясында колледждің басты міндеті: құрылыс саласы үшін мамандарды сапалы даярлау, әлеуметтік серіктестікті дамыту, практикалық оқыту технологияларын жетілдіру, сапалы деңгейді арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту болып табылады.
Жалпы ауданы 4 563,1 шаршы метрді құрайтын колледж ғимаратында санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі сақталған және іске асырылатын мамандықтардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес келетін материалдық-техникалық базасы бар. Атап айтқанда, 206 орындық жатақханасымен 5 қабатты оқу корпусы, зертханаларымен 3 қабатты оқу корпусы, 2 шеберхана корпусы спорт залы мен тренажер залы бар.
Өткен жылы «Жас маман» жобасы аясында «Энергетика», «Автошебер», «Құрылыс шебері», «Дәнекерлеу технологиясы» төрт мамандық бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Осы құзыреттіліктермен қатар заманауи зертханалар мен шеберханалар, оқу полигоны бар. Инженерлік-педагогикалық ұжымның жұмысы кәсіптік-техникалық білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сай. Колледждегі оқу процесіне теориялық оқу, зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту, өндірістік практика, студенттермен сабақтан тыс жұмыстары кіреді.
Республика колледждері рейтингісінің 2021 жылғы қорытындысы бойынша Құрылыс-техникалық колледжі 11 орынды иеленді. Колледжіміздің бейінді мамандарына сұраныс динамикасы бізге кәсіби және құзыретті жұмысшыларды даярлаудың заманауи жүйелерін пайдалануға мүмкіндік береді. Колледждің әлеуметтік серіктестерінің талаптарын ескере отырып, оқу процесі модульдік, модульді-кредиттік, дуалды оқыту жүйесі арқылы жүргізіледі.
Колледж ерекшелігінің бірі – 2014 жылдан бастап қаламыздағы құрылыс мамандығы бойынша инклюзивті білім беретін жалғыз оқу орны. Мұнда әрбір ерекше балаларға физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім және қажетті кәсіп иесі болуларына мүмкіндік берілуде. Дуальды оқыту техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Мұндай жүйе алғашқы күннен бастап жұмысқа араласып, оны жоғары кәсіби деңгейде орындай алатын колледж түлегін дайындауға мүмкіндік береді. Дуальды оқыту «Құрылыс, ғимараттарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша «Ваzis Construction» ЖШС филиалы, «КапСтрой 2017» ЖШС, «Тусупова» ЖШС кәсіпорындарымен қол қойылған үш жақты шарттар аясында жүзеге асырылады.
Өткен жылы колледж студенттері оқытушыларының жетекшілігімен республикалық World Skills байқауына қатысып, «Шанақты жөндеу», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Кірпішпен қалау» құзыреттілігі бойынша жүлделі орындарды иеленді. Қалалық World Skills чемпионаттарында соңғы 5 жыл ішінде жүлделі орындар алдық.
Колледждің стратегиялық даму жоспарында белгіленген сипаттарына сәйкес күтілетін нәтижелер: техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыру; өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби деңгейін арттыру үшін шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасу; мұғалімдер мен студенттердің ғылыми-зерттеу және жобалау қызметін жоғары деңгейге көтеру болып табылады. Мамандық таңдау – өзекті мәселе. Сондықтан да жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие және дұрыс кәсіби бағдар беруде жанұя-мектеп-колледж-кәсіпорын мекемелері бірлесе жұмыс жасау қажет.
Серік МАЛГЕЛЬДИНОВ,
Құрылыс-техникалық колледжінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы