Табысты білікті түлек – колледждің басты басымдығы
Елбасының тапсырмасы бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналып 2009 жылы Қазақмыс корпорациясының қаражатына салынған № 6 кәсіптік лицейіміз 2012 жылы кәсіптік-техникалық колледж болып қайта құрылды. Барлық білім беру ұйымында сапалы білім беру қызметін көрсетудің негізгі ресурсы – ұйымның материалдық-техникалық базасы болып табылады.
Осы ретте, қаламыздағы бірегей колледжіміз заманауи оқу-өндірістік базамен: оқу корпусы, оқу-өндірістік шеберхана, зертхана, спорт кешені, кітапхана, жатақхана, гараж, асханамен толықтай жабдықталған. Бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие 10 мамандық бойынша мамандар даярлайтын колледжді дуальды оқыту бағдарламасы мен модульдік-құзыреттілік тәсіл бойынша бітірген түлектер екі және одан да көп біліктілік алып шығады. Құрылған күнінен бастап еліміздің кәсіпорындарында 1000-нан астам маман – колледж түлектері табысты еңбек етуде.
Күнделікті тұрмыста сұранысы жоғары «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану» мамандықтары бойынша құзыреттілік орталықтары ашылып, жұмысын жалғастыруда. Ең бастысы, колледжде ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілген. Осы орайда, Англия колледждерімен тәжірибе алмасу жобасы жүзеге асырылуда және Түркия колледждерімен меморандумдар жасалған.
Сондай-ақ, қаланың 70-тен астам ұйымдарымен «Отель Дипломат И Бизнес Центр» ЖШС, «Целингидромаш» ӨК, «Целинэнергоремонт» ӨЖК, «Атаюрт» ЖШС-мен ынтымақтастық және түлектерді жұмысқа орналастыру туралы келісім-шарттар жасалған. «Жас маман» жобасы аясында «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығын ағылшын тілінде оқыту эксперименттік жобада бастау алды. Ұжымның WorldSkills қалалық, республикалық чемпионатына дайындық бойынша жүргізілген нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.
Колледж студенттері 2019 жылы Worldskills қалалық чемпионатында 10 медаль жеңіп алып, 34 колледж арасында 2-ші жалпы командалық орынға ие болса, 2020 жылы – 8 жүлделі орынға ие болды. Ал, 2021 жылы Worldskills республикалық чемпионатында педагог М.Темірбулатованың жетекшілігімен студентіміз А.Ажибек «Тігін ісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша медальонға ие болды.
Денсаулық мәдениетін, шығармашылық қабілеттерін дамыту, болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын қалыптастыру бойынша спорттық секциялар, шығармашылық, пәндік-техникалық үйірмелер жұмыс істейді. Колледжіміз спорттық жетістіктері бойынша «үздік командалар бестігіне» кірді. 2011 жылы «Үздік лицей», 2014 жылы «Үздік колледж» грантын иеленді.
Колледждегі 70 инженер-педагогтің 50 пайыздан астамы жоғары және бірінші санаттағы қызметкерлер. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, яғни арнайы санаттағы студенттерімізді оқытуда педагогтеріміз айтарлықтай шығармашылық үлестерін қосуда. Атап айтқанда, ашық сабақтар, шеберлік сыныптар, презентациялар өткізіп, кәсіби шеберлік конкурстарына қатысып жетістіктерге жетуде.
Өндірістік оқыту шеберлері: Е.Садвокасов пен Б.Бибосынов 2015, 2021 жылдары «Үздік педагог» қалалық, республикалық конкурстарының жүлдегері мен жеңімпазы атанды. Педагогикалық ұжым техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын жаңғырту және сапасын арттыру жүйесінде межелі жұмыстарын жалғастыратын болады.
Бірлік ҚАПЕЗОВ,
Кәсіптік-техникалық колледждің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы