Мұхаммадариф – Жәутіков олимпиадасында жеңіске жетті

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Мұхаммадариф Сахмолдин Халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды. Аталған олимпиада математика, физика және информатика пәндері бойынша дарынды балаларды анықтау мен оларға қолдау білдіру мақсатында 2005 жылдан бері өткізіліп келеді.

ХVIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы онлайн форматта өтті. Елімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Армения, Түркия, Моңғолия, Въетнам, Румыния, Болгария, Сербия, Индия сынды мемлекеттердің кіл мықтылары бас қосқан білім бәйгесінде бәсеке де жоғары болды.

Мәселен, Мұхаммадариф бақ сынаған бір ғана информатика пәніне үз жүзден аса шәкірттің қатысқанын ескерсек,  жеңістің оңай келмегені анық. Ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ командасы құрамында жоғары нәтиже көрсетіп, ұстаздарын қуантып отыр. Жалпы бұл олимпиадада зияткерлік мектеп шәкірттері  3 алтын, 6 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді.

Семей қаласындағы физика
математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі, Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий