Өзін – өзі тану оқу сауықтыру кешенінде жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбиені жүзеге асыру

“Баланы сүйе білуге үйрету – өмірдегі ең маңызды нәрсеге үйрету деген сөз”, – дейді Василий Сухомлинский. Бөбек «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешеніне балалар 22 күнге келеді. Берілген уақыт ішінде оқу сауықтыру кешенінің арнайы дайындалған жоспары бойынша балаларды оқыту, емдік сауықтыру, әрі бөбектегі күндерін қызықты, пайдалы етіп өткізуге арналған іс шаралар жүзеге асырылады. Тәрбиеші ретіндегі менің міндетім – балалардың тәрбие жұмысын, демалыс уақыттарын, көпшілік мәдени жұмыстарын жүргізу. Басты мақсатым – бала бойында оң өзгерістердің пайда болып, балаларға өзін-өзі тану әлемінде жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды бойларына сіңіруге ықпал ету.

Қазақстанның әр аймағынан келіп бір ортаға жиналған балалардың бір бірімен жақсы қарым қатынас орната алуы, жаңа ортаны жағымды қабылдай алуы өте маңызды. Осыны ескере отырып, таныстықтың алғашқы сәттерінен бастап балаларды ең жақын адамындай ерекше сүйіспенішілікпен қарсы алу өте маңызды. Сүйіспеншілікті сезінген балалардың көңіл күйлері көтеріліп кешенімізде 22 күн бойы қызықты сәттер күтіп тұрғанын сезеді. Осылайша, бөбектегі ең бірінші танысу күні өткізіледі. Танысу барысында толықтай қауіпсіздік ережелерін айтып балаларға сәттілік тілейміз.

Әрбір күніміздің нұрлы болуы үшін тек жақсы ойлап көңілді болуымыз өте маңызды екенін түсіндіріп, топтық әндерімізді жаттауға ұсынамыз. Иә мағыналы, жақсы өлең балалардың жүрегіне жол тауып, бірден жаттауға кірісіп өте керемет орындап шығады. Адамгершілік тәрбиесі күнделікті іс-шара, ойын барысында қалыптасып отырады. Балаларға адамгершілік тәрбие негізін қалыптастыру үшін таңертеңгілік  шаттық шеңберімен ұйықтар алдында өткізілетін жүректен жүрекке шеңберінің маңызы орасан зор.

Шаттық шеңбері таңертеңгісін жүргізіледі. Шаттық шеңберінде балалар, бір-бірінің қолдарынан ұстап, алақан арқылы жүректің жылуын сезініп үйренеді. Таңертең сергек күйде бір-біріне сәттілік тілеп, жақсы көңіл күй сыйлап күнді ерекше шабытпен бастайды. Күнделікті таңертеңгілік осы бір сәттер балаларға ерекше ұнайды. Біздің әрбір күніміз осындай керемет әсермен басталады. «Әр адамның бойында күн бар, тек оның нұрлануына мүмкіндік  беріңдер» – деп ежелгі грек философы Сократ айтқандай әрбір баланың бойында нұр бар, сәуле бар, жарық бар.

Бала бойындағы осы нұрды сәулелендіріп жарыққа шығару, оның шығармашылық қабілетін аша білу мақсатында ауысым сайын әр топтың өнер көрсету кештері жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Өнер көрсету кештерінде балалар жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген әндер орындап, көріністер қояды. Бұл балалардың бес құндылық туралы түсініктерін кеңейтіп, бойында ізгіліктің қалыптасуына жол ашады.

Балаларды әрбір жыл мезгілінің ерекшелігіне байланысты табиғатпен үйлесімділікте өмір сүруге баулу үшін де арнайы іс шаралар ұйымдастырамыз. Қысқы ауысым уақытында «Қыс қызықтары» деп аталатын спорттық жарыс өткізіледі. Бұл арқылы балалар қысқы ойындар мазмұнын меңгереді, дене белсенділігімен айналысады, таза ауада шынығады әрі уақытын қызықты өткізеді. Бұл фактілер өз кезегінде баланың жан дүниесінде үйлесімділік орнауына әсер етеді.

Сондай ақ кешенімізде өткізілетін тағы бір қызықты іс шараның түрі «Шығармашылық шеберханасы». Бұл уақытта балалар креативтілігімен жаңашыл идеяларын жетілдіре отырып, қолдарынан келетін қолөнер түрлерін жасайды. Қолөнер бұйымдарын жасау қол моторикаларын дамытып, ойлау қабілетін шыңдайды. Балалардың сүйіспеншілікпен жасаған бұйымдары ай сайынғы болатын «Балаларға өмір сыйла» атты қайырымдылық жәрмеңкесіне қойылады.

Мұндай қайырымды іс шараға атсалысу балаларға үлкен қуаныш әкеледі және бойында мейірімділік қасиеттерін қалыптастырады. Балаларды жақсылыққа үйрету жолында атқарылатын тағы бір керемет іс шарамыздың түрі – тарихы тереңде жатқан, алмалары аңыз болып жеткен Алматы шахарының көрікті жерлеріне саяхат жасау. Әрбір ауысымда балаларды Медеуге, Президент саябағына, Алматы жануарлар саябағына және 28-гвардияшыл панфиловшылар саябағына апарып экскурсия жасаймыз.

Экскурсия жасау барысында балаларды әрбір саябақтың салыну маңыздылығымен, тарихи мәні бар ескерткіштердің мазмұнымен таныстырамыз. Балалар әрбір ақпаратты қызығаушылықпен тыңдап, дүниетанымын кеңейтеді, көрікті жерлерді аралау барысында эстетикалық талғамдарын жетілдіреді. Жүректен жүрекке шеңбері бүгінгі күннен алған әсерлерімен бөлісу мақсатында жүргізіледі. Бірінші балаларды сүйіспеншілік шеңберіне шақырамыз. Бойларына ішкі тыныштық орнатып, сабырлыққа баулимыз.

Балалар тыныштық күйге енген соң, әрбір күннің тақырыбына байланысты жалыпадамзаттық құндылықтарға негізделген әңгіме өрбітеді. Сондай ақ, балалар бүгінгі күннен ойға түйген жақсы дүниелерімен, жаңадан білген, үйренгендерімен бөліседі. Қандай да бір сұрақтары болса ортаға салып жауабын тәрбиешімен бірге табуға тырысады.  Бұл арқылы бала өз ойын ашық айтуға, ізденімпаздыққа үйренеді.

Баланы сүйіспеншілік нұрына бөлеп, жеке тұлға ретінде дамыта білу – педагогикалық шеберлігі ұштасқан нұрлы жүректі тәрбиешінің ғана қолынан келеді. Тәрбиеші өз бойындағы нұрлы сәуле арқылы айналасына жарық береді, шуағын төгеді, балаларға сүйіспеншілік сыйлайды. Сүйіспеншілік жолымен өмір сүрейік, тек сонда ғана баланы жақсылыққа баули аламыз.

Олжас Тұрабайұлы ОСПАНОВ,
«Бөбек» ҰҒПББСО Оқу-сауықтыру
кешенінің тәрбиешісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий