Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Таир Сатубалдин Жәутіков олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы атанды

Үшінші рет Халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медалін Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Таир Сатубалдин жеңіп алып, жас математиктер арасында ең үздік деп танылды. Дәл сол NIS-тен Ерсұлтан Пітебай физиктер арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, құрмет тұғырының бірінші сатысына көтерілді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Зияткерлік мектептер құрамасының үшінші алтынын Семей қаласындағы NIS оқушысы Мұхаммадариф Сахмолдин иеленді. Көптеген олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүрген Таир мен Ерсұлтанның қатарын алматылық физика-математика бағытындағы NIS-тің бес оқушысы толықтырды. Математика пәні бойынша Нұрасыл Әбдіразақ пен информатика пәні бойынша Әмір Нұриев күміс медальға ие болды.

Алдинаш Сейтенов және Әлімжан Тұрдалы математика пәнінен, ал Ернар Садыбеков информатикадан қола жүлдегер атанды. Екінші орынды елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің екі оқушысы иеленді: математика пәні бойынша Абузер Абуов және информатикадан Альтаир Ашуров. Еліміздегі үздік информатиктердің ішінде екінші орынды Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің оқушысы Санжар Тұрғанбек иеленсе, физикадан Ақтөбедегі NIS оқушысы Алишер Еркебаев қола жүлдені еншіледі.

Математикадан павлодарлық Дамир Нұрланов, талдықорғандық Әмір Әбділдін, қарағандылық Рахым Баймурзин, сондай-ақ елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Ернұр Қайроллаев физика пәнінен өз коллекцияларын қола медальдармен толықтырды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрама командасы беделді Жәутіков олимпиадасында әр түрлі деңгейдегі 16 медальға ие болды: үш алтын, алты күміс, жеті қола. Жәутіков атындағы математика, физика және информатика пәндері бойынша халықаралық олимпиада алғаш рет 2005 жылы өткізілді. Онлайн форматта екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий