Заманымыздың заңғар жазушысы
Тараз қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы № 44 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің бастамасымен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Жамбыл облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Кештің сахналық көріністер бөлігінде оқушылар жазушының «Өз жайымнан мағлұмат» атты еңбегінің желісі бойынша образға кіріп, көркем оқу өнерін ортаға салды. Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының артистері Мұхтар Омарханұлының «Еңлік – Кебек» пьесасынан үзінді көрсетті. Еңлік ролін – аталған театр актрисасы Әсем Қондыбаева, Кебек рөлін – актер Сухраб Мадумаров, Есен батыр рөлін – актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев орындады.
Загрузка...Абай Құнанбайұлының өмірінен біртұтас дәуірдің тарихын жасап шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша оқушылардың орындауында Құнанбай мен Абай образдары сахналық кейіпте көрсетілді. Білімгерлердің баяндауында жазушының әкесі – Омархан, атасы Әуез, әжесі Дінасыл туралы мағлұматтар тыңдалды. Заманымыздың заңғар жазушысына арналған ақын-жазушылардың өлеңдері мен тәмсіл сөздеріне қоса пайымды пікірлері оқылды.