Табиғатты қорғау – адамзаттың парызы

“Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі”, – дейді Ыбырай Жақаев. Табиғат – адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірімін, күн шуағын жүрегімізге ұялататын аяулы мекен! Адамзат табиғат аясында тіршілік ететіндіктен әр тұлға табиғат күллі тірі жанның құтты қонысы, алтын бесігі, құт берекесі екенін жетік білуі парыз.

Экологиялық мәселелер мен қоршаған ортаның ластану сұрақтарын шешу бойынша оқушылардың адамгершілік, азаматтық ұстанымы мен экологиялық мәдениетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Осы тұста Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы №1 жалпы білім беретін мектептің қоршаған ортаның ластануы мен қоғамның экологиялық мәселесі туралы білімді  тереңдету және бекіту жөнінде «Табиғат – біздің ортақ қонысымыз» атты «Жас эколог» үйірмесі оқушыларының арасында сайыс сабақ өткізілді.

Оқушылардың біліктілігін арттыру үшін ұйымдастырылған сайыс топты таныстыру, «Экологиялық зардаптар» тақырыбында шығармашылық қорғау, «Тың идея» шығармашылық жұмыстарын таныстыру, интеллектуалды сұрақтар, тәжірибе алаңы сынды төрт айналым бойынша өтті. Сайыс барысында оқушылар экологиялық мәселелерді қозғай отырып, көкейде жүрген сұрақтардың жауабын бірге табуға тырысты.

Сонымен қатар өздері дайындаған макеттер мен көлеңкелі көріністерді таныстырып, мұнайдың суға кері әсерін тәжірибе алаңында анықтады. Қазылар алқасы жеңімпаз топтарды анықтап, мақтау қағаздарымен марапаттады. Қазір тек біздің елде емес, бүкіл әлем бойынша экология мәселесі күрмеулі болып тұрғаны белгілі. Орман алқаптары мен теңіздер аса қауіп-қатердің алдында тұрғаны бәрімізді алаңдататын мәселе.

Құнарлы жерлердің де өз қасиетін жоғалтуы сияқты түрлі жағдай адамзат әрекетінің әсерінен екенін ұғынуымыз тиіс. Сол себепті өскелең ұрпақтың әртүрлі ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын дамыту, алған білімін нақты өмірлік жағдайда қолдануға  үйрету мақсатында жоғарыда атап өткен сайысты ұйымдастырудың маңызы зор.

Жансауле Қалдыбайқызы ИЗБАСХАНОВА,
№1 жалпы білім беретін мектептің география
пәні мұғалімі,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий