Әлихантанудың жаңа көкжиегі: білім, ғылым, мәдениет
«Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды», – дейді Әлихан Бөкейхан. Қазақ үшін «Алаш» сөзі «тәуелсіздік», «азаттық» ұғымдарымен астасып жатыр. Себебі, еліміздің Алаш мұрасымен қауышып, Алаш қайраткерлерін ақтай бастауы, білім және ғылым кеңістігінде кеңінен қолдануы егемендік жылдарымен келген жарқын сәттер.

Бүгінгі таңда Қазақстанның әр өңірінде Алаш қайраткерлерінің есімдерін иеленген іргелі ЖОО-дары білім саласында жемісті жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы, яғни 2021 жылдың 27 тамызында Семей қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай «Әлиханның Семейге оралуы» тақырыптық концепциясы аясында көптеген іс-шаралар кешені өткізілді. Айтап айтар болсақ, білім ордамызда Әлихан Бөкейханға бюст орнатылып, «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» тақырыбындағы ғылыми конференция аясында университет басшылығының оқу ордасына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы шешімін жарияланды. Осыдан бастап, университетіміз дамуының жаңа кезеңіне қадам жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы хәкім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн» – деп шаһарымыздың алдағы мәдени даму бағытын айқындап кеткен болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын бағдарламалық мақаласында: «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек.
Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының жоғарыда келтірілген мемлекетіміздің рухани кеңістігіне бағытталған тапсырмаларын қолдау мақсатында Алаш қозғалысының жетекшісі, аса көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан есімін иеленуге шешім қабылдадық.
Әрине, біз бұл қадамға үлкен дайындықпен келдік. Қоғамдық пікірді ескеріп, оқу орнымыздың білім алушыларының ойларын негізге ала отырып, Білім және ғылым министрлігінің келісімімен кешегі Алашорда үкіметінің орталығы болған Семей қаласында университетіміз Alikhan Bokeikhan University атауымен қайта жаңғырды. Өткен ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыруы мен жалпыхалықтық серпіліс кезеңі – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен тікелей байланысты.
Әлихан Бөкейхан өр тұлғасының ұлттық масштабтағы мемлекеттік қайраткер деңгейінде қалыптасуында Семей–Алаш қаласының да орны айрықша. – Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» – деген «Қазақ» газетінде Әлиханның Г.Н. Потаниннің аузымен айтқан арманға толы сөзі бар. Алаш қайраткерінің бұл арманы бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жүзеге асып отыр.
Кешегі Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің арманы халықты білім мен ғылымға, мәдениетке баулу болды. Және де саналы ғұмырларын осы жолда сарп еткен ұлт зиялыларының төңкеріске дейінгі және кейінгі қызметі ағартушылық бағыттан айныған емес. Тіпті білім мен ғылым саласына қажетті оқулықтар жазып, шетелдік ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударды. Біздің міндет – осы үрдісті лайықты жалғастыру, жас әлиханшылардың буынын қалыптастыру.
Университет құрамында 14 жылдық тарихы бар «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын атқаруда. Семей қаласында өткізілген Алаш қозғалысына қатысты ауқымды іс-шаралар мен жарық көрген іргелі ғылыми еңбектердің негізгі үйлестірушісі де осы ғылыми орталық екенін атап айтқым келеді. Қазіргі уақытта «Алаштану» ҒЗО аясында университет ғалымдары өңірдің ХХ ғасырдағы ақтаңдақ тарих беттерін зерделеуге атсалысуда. Әсіресе, Мемлекет басшысының бұйрығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында ШҚО комиссиясының жұмыстарына белсенді қатысып келеді.
Университетіміз Әлихан Бөкейхан есімін иеленгендіктен, аталған ғылыми орталыққа артылып отырған міндеттер салмағы еселене түсуде. Университетіміз білім және ғылым саласында халықаралық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында таяуда кезінде Әлихан Бөкейхан білім алған (Санкт-Петербург Орман институты) Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық университетімен екі жақты меморандумға қол қойды. Бұл әрине, біріншіден, тарихи байланыстардың бастауы болса, екінші жағынан, осы байланыс арқылы білім және ғылым көкжиегінде тәжірибе алмасу бағытында ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әлемдік ағартушылық қағидаттарын ұлттық мүддемен үйлестіре ұсынған қайраткер есімін иелену – университет үшін өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерін сіңдірген, ел игілігі жолында ерен еңбек ететін мінезді азамат, білікті маман даярлап шығару зор мақсат һәм биік белес! Бұл Әлихан Бөкейхан есімінің Семейге ғана емес, жоғары білім беру кеңістігіне оралуының айқын көрінісі. Біртуар Алаш қайраткерінің есімін иелену университет басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлеріне және білім алушыларына үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз.
Біздер оны жан-тәнімізбен сезінеміз. Сондықтан, Әлихан шаңырағының әрбір мүшесінің осал болуға хақысы жоқ. Қазіргі таңда осы бағытта нақты тапсырмалар беріліп, жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Әлихан Бөкейхан университеті өз миссиясы мен алдағы уақыттағы қызмет болмысын жаңашыл санатта көреді. Алдағы үш жыл көлемінде университет тарихының жаңа бетін ашып қана қоймай, әлеуметтік жауапты оқу орнына тән бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырмақпаз. Бұл бағдарламалар мен жобалардың бірсыпырасы қазірдің өзінде жұмыс жасауда.
Біз оларды одан ары жетілдіре отырып, жаңа мазмұн бермекпіз: әлеуметтік жауапты университет тұжырымдамасы. Білім алушыларға арналған сан салалы әлеуметтік қорғау мен қолдау жобалары үздіксіз жүзеге асырылуда. Бұл ұстаным университет қабырғасы қаланғаннан бері жүзеге асырылып келеді. Біз бұл тұжырымдаманы жетілдіре түсетін боламыз. Өнер мен мәдениетті қолдау бойынша – университет қала мен өңіріміздегі музей, театр, шығармашылық мектептерге, олардың үздіксіз даму үдерісіне ықпал ететін қолдау бағдарламаларын ұсынатын болады.
Бұқаралық спортты қолдау – аула спорты бағдарламасына елеулі үлес қосу. Бағдарлама аясында спорттың әр түрінде бастама жетістігі бар талантты жастарға жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ағартушылық жобалар – Әлихан Бөкейхан университетінің Баспа үйін ашып, жүйелі түрде кітаптар шығару, деректі фильмдер түсіру және көпсалалы ағартушылық контент даярлау. Жас мамандарды қолдау жобасы – жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар әзірлеу және жүзеге асыру. Жастарды қолдау саясатын жаңа сапалық деңгейге көтеру басты мақсат.
Халықаралық факультет ашу – бәсекеге қабілетті білікті шәкірт даярлау мақсатында кәсіби білім беретін шетелдік мамандарды жұмысқа шақыру. Бұл процесс университетте басталып та кетті. Осы контексте қос дипломдық бағдарламаларды жаңа мазмұнда қамту, жетілдіру. Факультеттің басты мақсаты халықаралық деңгейдегі сапалы білімді өңірлік жастарға жақындату. Қазіргі заманғы тренд «Өмір бойы білім алу». Тұрақты жұмыс істейтін адамдардың бойында «Білім алу өмірдің өң бойында жалғасады» қағидасын қалыптастыру.
Қағиданың жүзеге асуы адами ресурс қорының негіздемесін күшейтетін болады. Мемлекет пен қоғамға аса пайдалы жоба деп санаймыз. Университет өз үлесін сөзсіз қосатын болады. Түйіндеп айтқанда, біз қоғам тынысын терең сезінетін, мемлекетіміздің даму үдерісіне белсене араласа білетін толыққанды әлеуметтік жауапты университет болуға ұмтыламыз!
Шырын Асылханқызы ҚҰРМАНБАЕВА,
Alikhan Bokeikhan University ректоры,
саяси ғылымдар докторы, профессор