Кемелденген ел болудың кепілі – саналы ұрпақ тәрбиесі

«Қазіргі мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру тұжырымдамасы». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады», – деді. Қазіргі уақытта, XXI ғасырда, қол жеткен жоғары жетістіктерге қарамастан қоғамда ұлттық рух әлсіреп, ана тіліне деген құрмет төмендеп, перзенттік және азаматтық борыш ұғымдарының мәні құнсызданып, жастар арасында зорлық-зомбылық, суицид және тағы басқа жағымсыз құбылыстар көбейіп барады.

Жастардың бойында рухани-адамгершілік қағидаларының толық сақталмауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, адал еңбек ету ниеттері мен ерік-жігердің төмендеуі, өмірлік мақсаттарының айқын еместігі, сабырсыздық, ашуланшақтық, қатыгездік, кек сақтаушылық, өркөкіректік, әлсіздерге күш көрсету, тағы сол сияқты жағымсыз қасиеттердің кең таралуы қоғамда алаңдатушылық туғызуда. Мұндай жағдайлардың тамыры тереңге тартып, білім беру саласындағы ұрпақ тәрбиесінің дағдарысқа ұшырағандығын көрсетіп отыр. 

Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбиенің қуатына тең келетін басқа пәрменді құралды да, рухани күшті де табу өте қиын. Ұрпақ тәрбиесіне жұмсалған күш-жігер, уақыт, еңбек – болашаққа деген ең маңызды инвестиция, ең ұтымды үлес. Халық даналығында «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» – деп атап көрсетілгендей, жас ұрпақ тәрбиесін жетілдіруде қазіргі мектептерге үлкен жауапкершілік артылуда. Әр мектеп оқушылардың әлеуметтік жетілген тұлғасын қалыптастыруға үлкен әсер ететін маңызды әлеуметтік институт, ал мұғалім – оқушыларды тәрбиелеудегі  жетекші тұлға, мәдениеттің қайнар көзі, ұлттық құндылықтардың жанашыр жаршысы болуы керек.

Сан ғасырлар сынынан өткен ұлттық тәрбие қағидаларын әлемдік озық тәрбие тәжірибелерімен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жетілдіру мақсатында, елімізде алғаш рет, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшелері Алматы қаласы Білім беру басқармасының өтініші негізінде «Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиелеуді ғылыми-практикалық тұрғыдан іске асыру жолдары» жобасы дайындалды. Жобаны іске асыру мақсатында, алдымен «Қазіргі мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру тұжырымдамасы» дайындалып, мақұлданды.    

Саналы ұрпақ – өзіндік және ұлттық сана сезімдері дамыған,  ұлттық рухы жоғары, отбасылық, жалпыадамзаттық құндылықтарды жоғары бағалай алатын, әлемдік жаңалықтарға ашық, интеллектуалды әлеуеттері жоғары, бәсекеге қабілетті, еліне адал қызмет етуге дайын, ұлт болашағына жауапты ұлтжанды ұрпақ. Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің негізгі бағыттары қоғам дамуында кездесіп отырған келеңсіз жағдайлардың алдын алуға, жастарды қоғам талаптары мен сын-қатерлі болашаққа барынша дайын, толыққанды азамат ретінде қалыптастыруға байланысты анықталған.

Осы тұжырымдама аясында жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарын алты бағытта жүргізу қарастырылған: саналы ұрпақ тәрбиесіндегі мектептің мәдени-тәрбиелік ортасы; саналы ұрпақ тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтар жүйесі; саналы ұрпақты тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар жүйесі; саналы ұрпақтың салауатты өмір салты; саналы ұрпақтың АҚТ сауаттылығы; саналы ұрпақ тәрбиесіндегі адал кәсіпкерлік еңбек құндылықтары.

Осы бағыттарда нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған 13 әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Тұжырымдама мен әдістемелік нұсқаулықтарды дайындауға педагог-ғалымдар, әдіскер-тренерлер, психологтар мен тәжірибелі ұстаздар қатысты. Авторлар жұмыстың жауапкершілігін түсініп, бір команда болып жұмыла жұмыс жасады. Барлық әдістемелік нұсқаулықтар бір Тұжырымдама негізінде жасалғандықтан, олардың бірін-бірі толықтырып отыруларына, қайталаулардың болмауына, мазмұндарының үндестігіне, ұстаздардың сұраныстарына жауап беретін қажетті нұсқаулықтар болуына ерекше көңіл бөлінді.

Төменде әдістемелік нұсқаулықтар көрсетіліп, олардаң бала тәрбиесіндегі маңызы айтылған. Саналы ұрпақ тәрбиесі. Нұсқаулықтың басты идеясы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде оқушылардың санасында отансүйгіштік, азаматтық борыш, әлеуметтік жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында мектептің мәдени-тәрбиелік ортасының дамытушы ықпалын күшейту. Ол мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың өзара сенімділік, қолдау, ынтымақтастық қатынастарына негізделе отырып саналы ұрпақ тәрбиелейтін ортаға айналуы тиіс.

Бала естігенін емес, көргенін істейді. Әр мектеп саналы ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілікті ұлттық борыш деңгейіне дейін көтеруі қажет. Мектептің корпоративті мәдениетін оқушылар санасында академиялық адалдық, білім құндылығы, өмірлік мұратқа жетелейтін қажетті дағдылар, сыни ойлау, әділетті шешімдер қабылдау, көшбасшылық, өзін-өзі басқару механизмдерін  қалыптастыруға бағыттау жолдары көрсетілген.

Ұлт болашағы – саналы ұрпақ. Нұсқаулық мұғалімдерді өзгерістерге құзіретті болуға, кәсіби шеберліктерін шыңдауға, педагогикалық қарым-қатынастың қыр-сырын жетік меңгеріп, оқушыларға үлгі-өнеге көрсете алуларына бағытталған. Сонымен қатар, мұғалімдерге арналған тиімді тренингттік тәжірибелер, тренингтерді ұйымдастырудың ұтымды жолдары, семинарлық талдаулар, мұғалімдік қызметтің және мектептегі тәрбие жұмысындағы қателіктер мен кем тұстарын түсініп, қажетті қорытындылар шығаруға және бірлесе отырып тәрбие жүйесіндегі күрделі мәселелерді ұжымдық идеялармен ұштастыра отырып, олардың ұтымды шешімдерін табуға бағыттайды.

Ата-ана болу – ұлы міндет. Ата-ана абыройы, ұрпақтар сабақтастығы,  тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады,  перзенттік парыз,  ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас, отбасылық өмірге дайындық,  ажырасудың салдары, ерте жүктіліктің алдын алудағы ата-ана білуге тиіс ақпарат тақырыптары  жан-жақты  ашылып қарастырылған. Нұсқаулықта отбасылық міндетті орындаудағы ата-ананың сана-сезіміне қозғау салатын маңызды тақырыптар көтеріліп, ата-ана ретінде тәрбиелеу тәсілдерін тереңірек білу, оларды түрлендіріп қолдану арқылы өз балаларының  ішкі әлемін тануға, өздерін басқа қырынан танытуға қатысты құнды педагогикалық кеңестер жүйеленіп берілген.

Нұсқаулық әр отбасының өзіне тән тәрбие жүйесін сыни бағалап, сапалық тұрғыда реттеуіне көмек көрсетуді мақсат етеді. «Мектеп–ата-ана–оқушы» триадасы. Нұсқаулық сынып жетекшілеріне саналы ұрпақ тәрбиесінде ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау жолдарын жетілдіру мақсатында жазылған. Себебі мектептің тәрбиелік кеңістігінің ұтымдылығы мектеп, отбасы, оқушылар ынтымақтастығының дұрыс ұйымдастырылуына тікелей байланысты болады.  

Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі «мектеп–оата-ана–оқушы» триадасының ынтымақтастығы, ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы отбасының негізгі қызметтері мен тәрбиелік мүмкіндіктері, сынып жетекшісінің ата-аналармен қарым-қатынас жасау ерекшеліктері, ата-ана мен бала арасындағы психологиялық байланыс, мектепте және отбасында балаларға қойылатын талаптар мен тыйымдар теңгерімі, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын ғибратты әңгімелер, балалармен бірге тамашалайтын отбасылық құндылықтарды қалыптастыратын фильмдер жүйелі түрде  қарастырылған.   

Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар. Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар, ұлттық тіл, ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық діл, бабалар ерлігі мәнін ашатын тәрбие сағаттарының үлгісі, өнеге сағаттарында пайдалануға болатын қызықты деректер жан-жақты зерделенген. Нұсқаулықтағы оқушылармен өткізілетін тәрбиелік іс-шаралар кезінде пайдалануға арналған тапсырмалар, кейстер, бірлесе талдауға арналған ғибратты әңгімелер баланың терең ойлануына, соның негізінде адал еңбектенуге талпынуына және рухани құндылықтарды меңгеруіне бағытталған.

Ұлт тарихы – ұрпақ мақтанышы. Саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіруге қажетті тарихи танымал тұлғалардың өмірлік өнегелері мен тәрбиелік мәні зор ғибратты әңгімелер жинақталған. Нұсқаулықта ұлттық намыс пен ұлттық рухты қалыптастыруға арналған әңгімелер, әлемдік танымал түркі текті тарихи тұлғалар мен Шығыс ғұламалары, атақты би-шешендер өмірлерінен өнегелік әңгімелер, батыр бабаларымыздың өмірінен алынған үлгі-өнегелік әңгімелер, қазақ даласында ұлттық идеяны негіздеген Алаш зиялылары, Ұлы Отан соғысының қаһармандары туралы және, жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталған ғибратты әңгімелер жүйеленген.

Ұлттың ұлы тұлғаларының даналық сөздері. Қазақ халқынан шыққан дара тұлғалардың даналық сөздері жүйеленіп берілген. Онда мазмұны ұлтжандылыққа тәрбиелейтін афоризмдер, ана тілін құрметтеуге тәрбиелейтін нақыл сөздер, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын даналық сөздер, ұлттық рухты күшейтетін ұлы адамдардың өсиет сөздері, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға арналған дәйек сөздердің маңызы терең түсіндірілген және оларды ұстаздар мен ата-аналардың бала тәрбиесінде, күнделікті тәжірибеде қолдануының тиімді жолдары ұсынылған.

Өз өмірің өз қолыңда. Қазіргі кезеңдегі жасөспірімдер арасындағы өзекті мәсе­лелердің бірі – суицид және оның алдын алу жөнінде оқушының қойын кітапша­сы ретінде жазылған. Түрлі дерек көздері, танымдық негіздегі ақпараттар ұсынылып, баланың өзін анықтауына, өмірді бағалауы мен оған бағытталуына қатысты кеңестер берілген. Балалар түсінігіне сай жатық, әрі қарапайым жазылған. Олар кітапшадан өз сауалдарына қатысты жауаптар тауып, оны қалай шешу және реттеу жолдарына қатысты кеңестер алады.

Нұсқаулықта баға жетпес құндылық, уақыт – өмір өлшемі, уақыт біздің өміріміз, өмірлік миссия, өмірлік мақсат, өзін-өзі анықтауға арналған кеңестер, сабыр түбі – сары алтын,  сіз жалғыз емессіз, сенім телефондары, мектептегі буллинг, буллингтен қалай қорғану керек деген тақырыптар ашылып жазылған. Салауатты өмір салты. Нұсқаулықта қазіргі кезде  өте  өзекті болып отырған денсаулық және салауатты өмір салты, денсаулықты күту және тамақтану, дұрыс тамақтану мәдениеті, денсаулық үшін маңызды қажеттіліктер, жасөспірім шақтағы жыныстық жетілу, денсаулық үшін шынығу, жаман әдеттер мен тәуелділік факторлары, зиянды тағамдарға құмарлықтан арылу, темекінің зияны және оны алдын алу жолдары, алкоголь мен есірткіге тәуелділікті болдырмау, лудоманияның негізгі белгілері және одан құтқару секілді тақырыптар қамтылған.

Жастарды салауатты өмір сүруге тәрбиелеу мәселелері теориялық және әдістемелік тұрғыда қарастырылған. Сынып сағаттарында және күнделікті сабақ мазмұнының тәрбиелік мақсатын толық жүзеге асыруы үшін, ұстаздарға ақпараттық және практикалық тұрғыда көмек ретінде мәліметтер қоры жинақталып ұсынылған. Оқушылардың интернетке тәуелділігінің алдын алу. Нұсқаулықта саналы ұрпақтың АКТ сауаттылығын жетілдіру интернетке тәуелділік, уақытты тиімді басқару, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, цифрлы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылған.    

Интернетке тәуелділік, интернетке тәуелді болудың белгілері, интернетке тәуелді болу себептері,  интернетке тәуелді болудан арылу, Интернетке тәуелділікті болдырмау жолдары, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, Интернетте кездесетін қауіптер, интернеттің кері әсерлері, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолы, цифрлық мәдениетті қалыптастыру, цифрлық мәдениетті қалыптастырудағы құндылықтың рөлі, Time-менеджмент: интернеттегі уақытты тиімді қолдану тақырыптары  қамтылған.

Интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі АКТ сауаттылығын қалыптастыруда Интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдары қарастырылған. Балалардың интернетті тиімді пайдалануына бағыт-бағдар бере отырып, одан келетін қауіптің алдын алу жолдары көрсетілген. Қауіптің алдын алуда ата-анаға бала бос уақытын дұрыс ұйымдастыра білу жолдарынан кеңестар ұсынылады.

Баланың бос уақытын қадағалау, баланың демалыс уақытын ұйымдастыру, ақылы, қауіпті сайттар, виртуалды әлемдегі бала қауіпсіздігі тақырыптары қарастырылған. Нұсқаулықпен таныса отырып, ата-аналар отбасында болып жатқан өзекті мәселелердің бірі – баланың интернетке тәуелділігінің алдын алудағы мүмкіндіктермен танысып, тәрбие барысындағы өз әрекетіне керібайланыс ала алады.

Оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыру негіздері. Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі адал кәсіпкерлік еңбек құндылықтары. Оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын іске асыру жолдары қарастырылған. Оқушылардың қабілеттері мен бейімділігі, жаңа мамандықтар жол картасы, қаржылық сауаттылық тақырыптары бойынша жүйелі ақпараттар ұсынылған. Оқушылардың қабілеттері мен бейімділігі, адал табыс, адал еңбек, менің мамандығым – менің болашағым, оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыру негіздері, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмысының кешенді бағдарламасының бағыттары, кәсіби бағдар жұмысын іске асыруға бағытталған іс-шаралар кешені, жаңа мамандықтар жол картасы, шетелдерде оқушылардың кәсіптік бейімделуін және өзіндік анықталуын ұйымдастыру тәжірибесі,  қаржылық сауаттылық,  кәсіпкерлік  әліппесі тақырыптары қарастырылған.

Мамандық таңдау – маңызды шешім. Қоғам талабына сай баланың даралық ерекшеліктерін дамыту, баланың өзін-өзі тануы табысқа жетелейді, баланың таңдауымен санасу, кәсіби бағдар беруде бала бойына сенім қалыптастыру, жүрек қалауы бойынша мамандық таңдауға шешім қабылдау, мамандықты шығармашылықпен игеру тақырыптары қарастырылған. Сонымен қатар баланың мамандық таңдауына  қатысты  ата-аналардың міндеттері айтылған. Баланың өзін-өзі тануына жол сілтеу, кәсіби құзыреттіліктер мен қажетті біліктіліктерді бала бойына сіңіру жолдары туралы кеңестер берілген. Осы орайда оқушыларға жастайынан өздерінің өмірлік мұраттарын ертерек анықтап, сүйікті кәсіп түрін дұрыс таңдау жолдарын анықтауға көмектесу мұғалімдер мен ата-аналардың аса маңызды міндеттері екеніне баса назар аударылады. 

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті», – деген болса, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», –  деген болатын. Саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру, ертеңгі сапалы өмір кепілі болмақ.  Басты мақсат – ертеңгі  ұрпақ тәрбиесіндегі бүгінгі мүмкіндіктерді жіберіп алмау, кемелденген келешекті тәрбиелеуде кешігіп қалмау!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп белгілеп, жас ұрпақтың бар жағдайына халық болып көңіл бөліп, олардың заман талабына сай сапалы білім алып, бәсекеге қабылетті ұрпақ болып өсуіне ат салысу қажет екенін айтты. Олай болса, ұрпақ тәрбиесіне қоғам болып ат салысқанымыз абзал!

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
академик, Педагогокалық Ғылымдар

Академиясының президенті
Айман БЕРИКХАНОВА,
п.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий