Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы қорытындыланды
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 10-ақпандағы №43 бұйрығына сәйкес, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың 21-25 ақпан күндері аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) қорытынды кезеңін өткізгендігін мәлімдеді, – деп хабарлайды осы шараны ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі.

Конкурс Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Шымкент қаласының Жоғары спорт шеберлігі мектебі» базасында барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормалары сақтала отырып, халықаралық тәжірибеге сай ашық көрме үлгісінде офлайн форматта өткізілді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі алға қойған академиялық адалдық саясатын іске асыру үшін биылғы жылы Конкурсты заман талабына сай бейімдеп, жаңашылықтар енгізілді. Атап айтқанда бір залда барлық секция бойынша жұмыстар орналастырылып, авторларының есімдері шифрленіп, 11 бейнекамера арқылы трансляция жүргізілді.

Қазылар алқасының мүшелері бекітілген секциялар бойынша қатысушылардың жұмыстарын жеке-жеке тыңдап, сұрақтар қойып оқушыларға өз бағалары мен ақыл-кеңестерін берді. Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету үшін қатысушылардың зерттеу жұмыстарымен танысуға Шымкент қаласының әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлы, қаладағы жоғары оқу орындарының оқытушы ғалымдары, мектеп директорлары мен мұғалімдері және оқушылары келді.
Конкурсқа 595 жобамен 748 оқушы қатысты, оның ішінде 87 оқушы ауылдық жерлерден келген оқушылар. Конкурстың ережесі бойынша қорытынды кезеңнің қатысушылар санының 45%-ы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.

Қазылар алқасының шешімімен қорытынды кезеңнің 336 жеңімпазы мен жүлдегері анықталды. Оның ішінде І дәрежелі диплом мен алтын медальға 66 қатысушы (50 жоба), ІІ дәрежелі диплом мен күміс медальға 100 қатысушы (75 жоба), ІІІ дәрежелі диплом мен қола медальға 175 қатысушы (127 жоба) ие болды. Сонымен қатар, «Дарын» РҒПО-ның грамоталарымен 68 қатысушы марапатталды.
Еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, яғни Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеттері 59 ректорлық білім гранттарын бөліп, дарынды балаларға қолдау көрсетті.

Оның ішінде 26 грант иегерлері ауыл мектептерінің оқушыларына, ал 1 грант халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қатысушыға (ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаға) бөлінді. Конкурс қатысушыларының барлығы аталмыш университеттердің жатақханаларында орналастырылды. Сондай-ақ, қатысушыларға арналған мәдени ойын-сауық шаралар, экскурсия және «Кәмелетке толмағандардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғау» тақырыбында коуч-семинар мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Загрузка...Конкурстың салтанатты жабылу рәсімі Шымкент қаласының «Түркістан» концерт залында өтті. Салтанатты шараның қонақтары ретінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы – Тажиева Жанат Арысбекқызы, Шымкент қаласының М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті ректоры – Қожамжарова Дарья Пернешқызы, Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетінің ректоры – Сүгірбаева Гүлжан Даулетбековна жане жоғарыда аталған білім гранттарын бөлген университеттердің өкілдері қатысты.