Тиімді басқару – табыс кепілі
Алматы облыстық білім басқармасының жанындағы алқа мәжілісінің аясында «Білім беру ұйымын тиімді басқару – табысқа жетудің кепілі» тақырыбындағы тәжірибе алаңы ұйымдастырылды, -деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты директорының міндетін атқарушы А.Аширметов пен директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Аббасов жеке тәжірибелерінен «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасын іске асыру тетіктерін көрсетті.
Басқарма басшысының орынбасары Айжан Адамбекова тәжірибе алаңдарында білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен олимпиадалық, жобалық іс-әрекетін дамыту, PISA, TIMSS халықаралық зерттеуіне дайындық жұмыстарын, мектепішілік бақылау мен оқу процесінің мониторингін жүргізу, цифрлық мектепті дамытуда бірлескен жұмысты ұйымдастыру бойынша өзекті мәселелер көтерілгенін атап, кері байланыс берді.
Өңір жетекшісінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың қатысуымен ұйымдастырылған білім басқармасының жанындағы кеңейтілген алқа мәжілісіне аудандық білім бөлімдерінің басшылары, колледж директорларына қоса жетісулық педагогтер қатысып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқыға салды.
Загрузка...