Жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті
Көктемнің алғашқы күні – елімізде 2016 жылдан бері «Алғыс айту күні» атап өтілуде. Әлем елдерінде де, бұл күн соңғы жылдары халықаралық мәртебесі болмаса да, өткен ғасырлардан бері арнайы тойланады екен. Мысалы, АҚШ және Канада халықтары Алғыс, Рахмет айту «Thanksgiving Day» (День благодарения) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған.
Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Рахмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі, ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен. Кейіннен, яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рахмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған.
Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастархан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады. Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде 8-ші ай күнтізбесінің 15-ші күнінде (күз мезгілінің орта тұсы) ризашылық фестивалі (Tet Trung Thu) өткізіледі.
Осыған ұқсас мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте басқа да көптеген елдерде бар көрінеді. Кең пейілді қазақ халқы бағзы замандардан бері ризашылық білдіру, алғыс айтудан қашпаған. Қазақ халқы – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту – халықтың жан ділі психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек дәстүрі. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар.
Ал белгілі ағартушы – ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» – деген еді. Алғыс білдірудің маңызы өте зор. Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал», «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас», «Сыйласаң- сыйлы боласың», «Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен (батамен) ел көгереді», «Көп алғысы көгертер», «Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы», «Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың», «Алтын алма, алғыс ал. Алғыс алтын емес пе!», «Жақсының қадірін білмегеннен, жақсылық кетеді»», «Адамдарға алғыс білдіру -имандылықтың белгісі!», – деген дана сөздер арқылы біздің данышпан бабаларымыз ұрпағына үнемі алғыс алуды өсиет еткен, алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген.
Алғыс-адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. Психологтар біреудің шынайы алғысына бөлену адамға үлкен рухани әсер береді, алғыс білдіру адамдар арасындағы өзара құрметті көрсетеді деп санайды. Бабалардан қалған бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда. Елімізде 1 наурыз күннін таңдаудың өзіндік орны бар. Бұл күні 1995 жылы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Алғыс айту ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты бекіте түсті. Сталиндік режім кезіндегі жылдарда әр түрлі ұлт өкілдері – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударғаны бәрімізге белгілі. Бүгінгі күндері Қазақстанда 140-тан астам этностардың өкілдері мекендеп, тату-тәтті өмір сүруде. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Жылдың ең сыпайы – Алғыс айту, Ризашылық күніне орай, өзіміздің елу жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ALMA MATER – Еліміздегі ен атақты, алдыңғы қатарлы оқу орны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін риза көңілмен еске алғым келеді. Өйткені Ардагерлер ұжымына университет басшылары тарапынан үнемі көңіл бөлініп тұрады: дағдылы негізде қарттар күніне сый ақы беру; мерекелік күндерді атап өту шаралары кезінде құрмет көрсету (мақтау қағаздарын, БҒМ медалдарын және тағы басқаларды табыстау).
ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Бәттәшұлының басшылығымен проректорлар Еркін Әнуарұлы, Дихан Қамзабекұлы, Думан Рамазанұлы ардагерлерді қашанда болсын жылы қабақпен қарсы алып, өтініштерін ескеріп, шешіп береді. ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің басшысы Бәкижан Болатбекұлы, Jastar департаментінің бастығы Жамбыл Амангелдіұлы Жаңа жыл, Наурыз, Халықаралық әйелдер күні сынды атаулы шараларға, еліміздің құрметті адамдарымен кездесулерге үнемі шақырып отырады.
Еуразиялық университет басшыларына оқу орынының ардагерлерлері мың алғыс, табыстан-табыстарға жете беріңіздер деген тілек білдіргім келеді. Жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті. Әрине, жылдың әр күні сыпайы болуға тырысуымыз керек. Алайда, көп жағдайда алғыс айтуды ұмытып, немесе оған ерекше көңіл бөлмейміз. Алғыс сөздерінде бір сиқырлық бар – олар арқылы біздер бір-бірімізге ризашылығымызды көрсетеміз, көңілімізді білдіреміз, жақсы эмоциялар сыйлаймыз.
Алғыс айту адамның адамға деген шынайы ниетін білдіреді. Ғалымдардың айтуы бойынша, рахмет сөзін айту – адамдар арасында жақсы қатынас орнатады, алғыс сөздері – адамды тыныштандыру, жүрегін жылытудың бірден-бір амалы. Мың сөздің орнына «рахмет», деп бір-ақ сөзбен алғыс білдіруге болады. Бастысы, алғысыңыз жүректен шығуы шарт. Жүректен шыққан сөз, міндетті түрде жүрекке жетеді!
Күлзира ИСКАКОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ардагерлер
кеңесінің төрайымы, ҚР құрметті профессоры