Халықаралық ынтымақтастық – үздіксіз дамудың негізі
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту – Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің даму стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Ол оқу орнының жұмысын әлемдік тәжірибе алаңында көрсетуге, білім беру саласында көш ілгері тұрған білім ошақтарының технологиялық жетістіктерін, әлемдік стандарттарға негізделген озық тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту – бұл заман талабы және онсыз заманауи білім беруді елестету мүмкін емес. Ынтымақтастық – колледждің ғылыми әлеуетін арттыруда, менеджмент жүйесін дамытуда, кәсіби бағдар беруде, шеберлікті арттыруға негізделген байқаулар мен жарыстар өткізуде, оқу процесін тиімді ұйымдастыруда тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Оқытушылар мен қызметкерлерге тың идеяларын жүзеге асыруға, заманауи білім алуға, шетелдік іс-шараларға қатысуға, кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға септігін тигізері сөзсіз.
Бұл салада бірнеше жыл қарқынды жұмыс жасап Ресей, Өзбекістан, Әзірбайжан, Татарстан, Якутия, Түркия, Корея, Грузия, Беларус, Қырғызстан елдерінің білім мекемелерімен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Ынтымақтастық шекарасы кеңейіп, меморандумдар жасауға ниетті ұйымдардың саны жыл сайын артып келеді. Халықаралық жобалар креативті мамандардың идеяларын талқылап, жүзеге асырудың жаңа тетіктерін іздейтін, жаңаша шешімдер қабылдап, оны Қазақстандық білім беру саласына енгізетін ортақ алаңға айналып отыр.
Сондай-ақ, ынтымақтастық студенттер мен оқытушыларға түрлі іс-шараларға қатысуға, кәсіби жарыстарда бағын сынауға мүмкіндік беріп, байқау, семинарларды тиімді ұйымдастыруға оң әсер етуде. Халықаралық тағылымдамадан өткен қызметкерлер ұжым мүшелерімен тәжірибесін бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, жобалар жазып, жаңа идеяларын жүзеге асыруда. Халықаралық ынтымақтастық арқылы әлемдік World Skills қозғалысының дамуына серпін берудеміз.
Оқытушылар мен студенттерді кәсібиліктің шыңы саналатын осынау байқауға қатыстыру арқылы шеберлік деңгейін көтереміз, аймақ қатысушыларының дайындығын бағалап, салыстыруға мүмкіндік аламыз. Колледжде жыл сайын дәстүрлі түрде әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар бас қосатын халықаралық «AstauFest» фестивалі өткізіледі. Фестиваль студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған бір ортақ жобаға түрлі аймақтардан келген қатысушыларды біріктіру, пікірлесу, халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында өткізілуде.
Осы ретте, шетелге жіберген оқытушыларымыз сол елдердің үздік колледждерінің оқу процесін көзбен көріп, іскерлік қарым-қатынас орнатып, оқытудағы жаңаша әдістемелерді үйреніп, бөліседі, тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтуде. Бұл біздің мамандарымыздың халықаралық деңгейде дамуына мүмкіндік беруде. Сапар барысында оқытушылар білікті мамандар даярлайтын бағдарламаларды зерделейді, заманауи озық үлгідегі технологиялық жабдықтармен танысады.
Осылайша, үздіксіз дамуды таңдай отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары ішіндегі үздіктер қатарындағы орнымызды сақтау үшін, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырып, шетелдік серіктестердің тізімін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Халықаралық аккредитациядан өткен білім беру ұйымдары еліміздегі сапалы оқу орындары деп саналады. Батыс елдерінің аккредитациясынан өту сол оқу орнының біліп сапасының Европа елдерінің білім сапасымен бірдей дегенді білдіреді.
Сол себепті біз жақын арада колледжді халықаралық аккредитациядан өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта студенттер, ата-аналар халықаралық ынтымақтастығы дамыған, шетелдік тәжірибені кеңінен пайдаланатын, қызметкерлер мен студенттерге үлкен мүмкіндіктер бере алатын, сондай-ақ тұрақты негізде дамып отыратын, оқу орындарын іздеп, сонда білім алуы керек деп ойлаймын.
Зауре КЛЫШПАЕВА,
Қоғамдық тамақтандыру және сервис
колледжінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы