Бәсекеге қабілетті маман даярлау – заман талабы
«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, әр халық ұрпағының қайырымды да адал, әділ де ер жүрек, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор, ар-ұяты мол, кішіпейіл болып өскенін қалайды. Ол үшін ұлттық құндылығымызды бағалай білуіміз шарт. Қазіргі таңда елдің бәсекеге қабілеттілігі сапалы білім жүйесімен, сонымен қатар, азаматтарының білім-білік деңгейімен анықталады. Бүгінде еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беделін, тартымдылығын көтеру – басты назарда. Сондықтан білім беру саласы заман талабына сәйкес дамуы тиіс.
Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін олардың сапалы білім алуы мен дамуына жағдайлар жасау қажеттілігін атай отырып, бастау алған 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялады. Білім сапасын жақсарту, жаңа технологияларды кеңінен қолдана отырып, халықаралық стандартқа сай бәсекеге қабілетті білімді де білікті тұлға дайындау, еңбек нарығының сұранысына өз мезгілінде жауап беру – техникалық және кәсіптік білім берудің басты міндеттерінің бірі.
Бәсекеге қабілетті колледж түлегі – бұл, бірінші кезекте, ерікті, шығармашылық қызметі өзін-өзі шыңдайтын тұлға. Екіншіден, бұл – мобильді, белсенді, еңбекке икемді, құндылығы терең білімде, кәсіпқойлықта, кең ортақ мәдениетте жатқан тұлға. Үшіншіден, бұл өмірдің нақтылы жағдайларын түсіне алатын, оларды бағалап шешім қабылдай алатын тұлға.
Атап өткен құзыреттерге ие мамандар даярлау мақсатында биылғы жылғы ақпан айында «Жас маман» республикалық жобасы аясында колледжде «Ландшафтық бақ» құзыреттілік орталығы ашылды. Нақты өндірістік үдеріске барынша жақындатылған, заманауи, инновациялық құралдармен жабдықталған «Флористика», «Ландшафтық дизайн» зертханаларының, «Компьютерлік технологиялар» сыныбы еліміздің әлеуетін арттыратын сапалы кадрлар даярлауда үлкен рөл атқаратыны анық.
2021 жылғы 17 қарашада атаулы құзыреттілік орталығында «Ланштафтық дизайн» және де колледждің «Қонақүй шаруашылығын ұйымдастыру» мамандығы бойынша өндірістік база болып табылатын хостелінде «Қонақүй әкімшілігі» құзыреттіліктері бойынша «Worldskills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионаты өтті. Колледждің білім беру тәжірибесінің нәтижеге бағдарланып, құндылыққа негізделген білім беру жүйесі білім сапасының артуымен қатар тұлғаның дамуы және бағдарлануына баса назар аударады.
Өйткені, экономикалық қуаттың өсуі кезеңінде біздің аймақта білікті, кәсіби мамандарға деген сұраныс жоғары. Біздің басты бағытымыз – өзінің туған жері мен елін сүйетін, білімді де білікті, ұтқыр ойлы ұрпақтар тәрбиелеу. Студенттеріміз сапалы білім алып, Отанға деген патриоттық сезімін, еліне деген сүйіспеншілігін болашаққа деген нық сеніммен қадам басып, қоғамда сұранысқа ие мамандарға айналады.
Салтанат БАСЫҒАРАЕВА,
Сервис және туризм колледжінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы