Ұстаз – тұлғаның мүсіншісі және рух бағбаны
“Қамқорлық пен махаббат шуағына бөленіп өскен бала ғана, біздің болашағымызды баянды ете алады”, – дейді Сара Алпысқызы Назарбаева. «Ұстаз – тұлғаның мүсіншісі және рух бағбаны»-дейміз, алайда ұстаздың, тұлғаның рухани қасиетінің қалыптасуына қандай үлесі бар? Өсімдіктің жайқалып өсуі үшін, оған бағбан жағдай жасайды. Мәселен, топырағын қопсытады, су құяды, құнарлы жерге отырғызады. Адам да дәл осылай жайқалып өсуі үшін, осындай қамқорлықты талап етеді. Ал оған ең алдымен отбасылық тәрбие әсер етсе, одан соң мұғалімнің тәрбиесі үлкен роль атқарады.

Ұстаз, ата-ана-оқушы үшін өміріндігі ең үлкен бағбаны. Себебі, олар рухани құндылықтарды бойына сіңіртіп, сүйіспеншілікке бөлеп, ақиқатын айтқызып, дұрыс әрекеттер жасап, өмірде ешқандай қиянатқа жол бермей, ішкі жан тыныштығын қалыптастырады. Қазіргі таңда тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады.
Қазір ортамызда «Қиын балалар», жасөспірімдер, ата –анасы көңіл бөлмейтіндер, түрлі тағдырға душар болған жастарымыз көп. Біздің мақсатымыз –оқушыларымызды мүмкіндігінше рухани адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.
Рухани-адамгершілік тәрбиені қалай іс жүзіне асырамыз? Өз тәжірибемде студенттермен жұмыс жасағанда келесі қағидаларды қолданамын: сабақ барысы студенттердің рухани адамгершілік қасиеттерді игеруіне бағытталуы; студенттер рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында әрекеттік, іскерлік дағдыларды игеруі; жеке тұлғаның және әлеуметтік мәні бар рухани-адамгершілік қасиеттерді өз іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен тіршілік әрекетіне көрсете алу мүмкіндігін ерікті таңдауы.
Міне, осы қағидаларды сақтағанда нәтиже береді. Демек, рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе – баланы құрметтеу. Сондықтан, әрбір оқушы өзін-өзі рухани жетілдіру үшін, өзін тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға ұмтылуы қажет екенін түсінуі тиіс деп ойлаймын. Ықылым заманда айтылған “Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті” –деген Платонның сөзі бар. Бүгінгі тәжірибемде жастарға адамгершілік-рухани құндылықтардың даму жолдарын айқындап беру, психологиялық тұрғыдан көмек беру менің басты міндетім.
Осы жұмыс барысында студенттермен тренинг, дөңгелек үстел, диагностикалық жұмыстар жүргіземін. Негізгі мақсат- жастардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыру жолдарын ғылыми және практикалық тұрғыда зерттеу әрі оның әдістемесін жасау. Білім беру жүйесінде тәрбиенің оқытудан басымдылығы және шын мәнісінде, тәрбиені оқытудың құрамдасы ретінде қарастырамын. Сабақ барысында әрдайым айтып отырамын: “Рухани бай адам – ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады.
Адам бойындағы жақсылық пен жамандық тек сыртқы жағдайлардың әсерінен ғана болып қоймайды, олар адамның ішкі жан дүниесінен де орын алады. Адамгершілік дегеніміз айналамызға қайырымдылық нұрын шашудан тұрады. Адамгершілік тәлімі жүрекке жан шуағын орнатып, бұрыннан бойымызда бар жақсы қасиеттерді дамытады. Жаман әдет пен теріс қылықтан тазарып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімдерге бай адам болып қалыптасу- сіздердің жарқын болашақтарыңның кепілі”-деп жиі студенттеріммен сөйлесіп отырамын.
Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, оқушыларды рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты. Осы тұрғыда ұстаз оқушыны тұлға ретінде танып біліп қана қоймай, үш кезеңді ескеруі, оның дамуын көре білуі қажет.
Бұрынғысы; қазіргісі; болашағы. Біздің болашағымыз – білімді ұрпақ. Адамзат өмірінде тәрбие жеке отбасының ғана мұраты болған емес, ұрпақ болашағы ежелден ортақ мүдде деген түсінік бар. Ал, біздің болашағымыз – өсіп келе жатқан жас бүлдіршіндер мен жасөспірімдер. Жас ұрпақ – ел тірегі, ертеңіміздің кепілі – деген. Сондықтан ұстаздың міндеті- баланың эстетикалық – көркемдік талғамын ұштап, рухани тәрбие беру. Ал, ұстаз Ш.Амонашвилидің еңбектерін оқымай, өзінің тәжірибесінде қолданбай баланы дамыта алмайды.
Ондаған, жүздеген жолдардың, оқушы мен оқытушы арасындағы руханилықтың байланыстырушысы бұл – жүрекке деген адами жолдың, ең маңыздылары ол ұстаз бен оқушы арасындағы серіктестік. Біз ұстаз бен оқушыны рухани тұтастықтың қалыптастырылуына тырысамыз, – деп көрсетеді Ш.Амонашвили. Міне, мектепті – білімнің тірегі десек, ал тәрбиеші мен ұстаз – сол мектептің жүрегі, яғни бұл мамандық иелерінің қолында адам тағдыры, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұр. Негізі, ұстаз болу аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен іс.
Елбасымыз айтқандай “Болашақ-білімді жастардың қолында!”. Яғни, біздің болашағымыз, келешегіміздің нұрлы бола түсуі өз қолымызда. Ал, осы нұрлы болашақты құру жолында әркез жастарға жол көрсетіп, көмек қолын созатын, үлгі бола алатын бірден бір тұлға-ұстаз. Қорытындылай келе мен, Сара Алпысқызы Назарбаеваның: «Қамқорлық пен махаббат шуағына бөленіп өскен бала ғана, біздің болашағымызды баянды ете алады»-деген сөзін, өзімнің ұстанымым ретінде, өз тәжірибемде қолданып келемін. Міне, Ұстаз- тұлғаның мүсіншісі және рух бағбаны екенінің айқындығы осында.
Айзада Телагысовна АСКАРОВА,
“Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді
дамуы гуманитарлық колледжінің
педагог-психологі