Математика үйірмесінің үйретері көп

Қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұны оқу, білім, білік, дағдыға біршама міндеттер қойып отыр. Дәстүрлі білім беру форматымен салыстырғанда орындалатын тапсырмалар түрлері оқушылардың логикалық сауаттылығының  жоғары дәрежеде болуын талап етеді. Атап айтсақ, математика пәнінен орындалатын тапсырмалар, есептер оқушылардың зейіні мен логикалық қабілеттерінің арқасында шығарылатын есептер.

Мектеп математикасы бағдарламасында көрсетілген білімдер мен дағдыларды оқушыларға меңгерту мен математиканы оқытудың мақсаттары толық орындалады деп айтуға болмайды. Өйткені, математиканы сүйетін оқушылардың білімін тереңдетіп, дағдыларын дамыту мен қатар, нашар үлгеретін балалардың ынта-ықыласын көтеріп, олардың бұл пәнге деген қызығушылығын арттыруымыз керек.

Пәндік үйірме – сыныптан тыс жұмыстардың негізгі түрі. Нақты ғылымдардың бірі математика болса, бұл пәнді жете ұғындыру қажет-ақ. Математикалық үйірменің оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырумен қатар, математикалық ой-өрісін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзіндік жұмыс жасау қабілеттілігін жоғарылатуға математикалық білімінің сапалылығына ықпалы зор.

Осыған орай, оқушылардың танымдық қабілетін дамытып, математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатанда өзектілігін логикалық тапсырмалар бағытына бағыттап «Математика таңғажайыптары» тақырыбында үйірме жұмысының жоспарын әзірлеген болатынмын. Бұл бағдарлама оқушылардың математикадан алған білім, білік, дағдыларын, танымдық қабілеттерін және пәнге деген қызығушылықтарын арттырады.

Тереңдетілген бағытта алынған бағдарлама құрылымында оқушылардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескеріледі. Балалардың танымдық қабілеттерін дамытып пәнге деген қызығушылықтарын арттырудың негізгі бір жолы – табиғатта кездесетін құбылыстарға негізделген логикалық тапсырмалар мен қызықты есептер. Есептер зерделілікке, қиялдауға, тапқырлыққа, шапшаң есептеу қабілеттерін дамытуға тәрбиелейді.

Математикалық викториналар, ребустар, логикалық есептер, математикалық эстафеталар, сөзжұмбақтар шешу, қызықты тапсырмалар құрастыру баланың ойын ұштай түсіп, ұстамдылыққа, еңбектене білуге тәрбиелейді. Жаңа технологиялар заманында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру ең басты мәселелердің бірі болып отырғаны бәрімізге мәлім. Осы орайда, жоспардағы тапсырмалар оқушының қиялын дамытып, өз бетімен жұмыс істеуге икемдейді.

Әріптестеріме жоспарымды ұсынып, өзара тәжірибе алмасу, талқылау жұмыстарын жасау кезінде үйірменің алғашқы сабағына баса назар аудару керектігі айқындалды. Яғни, әдетте үйірме мүшелерінің саны 10-15 адамнан аспайды.Талапкерлер көбейген жағдайда оқушылар жас ерекшелігіне не дайындық дәрежесіне қарай секцияға бөлінгені дұрыс. Үйірме жұмысына үлгерімі төмен оқушыларды тартудың да пайдасы мол. Тек олардың дайындық дәрежесіне қарай тапсырма беріп, қолдап отыру керек.

Алғашқы күні оқушыларға математикалық үйірме, оның маңызы жайлы айтып өтуге болады. Сонымен бірге осы күні үйірме мүшелерімен, жылдық жоспары таныстырылады. Алдағы атқарар жұмыстарға байланысты редколлегия мүшелері сайланады. Сонымен қатар, заман талабына сай гаджеттер, электронды дереккөздер мен ойындар арқылы оқушылардың ынтасын оята түсуоңай.

Ертеңінен үміт күткен мәңгілік еліміздің ұрпағы білімді, білікті болу үшін мұғалім де оқушы да білімін күнделікті шыңдап отыруы маңызды. Б.Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді», – дегендей, сапалы білім, саналы тәрбие берген қоғамдағы ұстаз қауымының орны ерекше екенін ұмытпай, қоғамның әр мүшесі жан-жақты қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймын.

Күлзат АЛМАТОВА, 
М.Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
педагог-зерттеуші, математика пәні мұғалімі,
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий