“Book Start” – ана мен сәбиді жақындастырған жоба

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі «Book Start» жобасы жалғасын тапты. Бұл жолы зияткер оқушылар балаларға арналған әдеби кітаптарды өздерінің кішкентай бауырларына үлестірді. «Бұл – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейтін әлемдік деңгейдегі бағдарлама, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Алғаш рет өз бастауын Англиядан алған бұл үрдіс бүгінде бірнеше мемлекетте кеңінен таралып, талай бүлдіршіндердің зейінін ашуға зор ықпалын тигізіп келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде «Book Start» акциясы алғаш рет 2016 жылы өткізіліп, бүгінгі күні қызықты шаралардың біріне айналып отыр», – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлмариям Түбекбаева.

Шара барысында зияткерлік мектептің 10-нан астам ата-анасы 3-4 жасқа дейінгі балаларымен бірге шақырылып, оқушылар жинаған ертегілер, өлеңдер мен жұмбақтар жинақтары сыйға тартылды. – Баланың ақпаратты игеру, есте сақтау қабілеті, айналадағы болып жатқан әрекеттерді байқап, қайталау дағдысы жоғары болады. Егер ата-аналар балаларын жастайынан кітап оқуға баулыса, келешекте бұл өрендер үшін кітап өмірлік досына айналады, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, кітап оқуды сүйетін балалардың сөздік қоры бай, әртүрлі салада білімі мол, мектептегі оқу үлгерімі жоғары болады. Сондай-ақ, олар өмірде жетістікке жетеді, рухани құндылығы жоғары азамат болып қалыптасады. Сондықтан мамандар балаға 3 жастан бастап кітап оқуға баулуға кеңес береді. Махибану Шегебаева немерелерін қасына алып, кітапханаға баруды отбасылық дәстүрге айналдырды. Бос уақыт болса, кіші немересі Мұхтархан екеуі ертегі оқып, кітаптағы суреттерді талдап, түрлі сұрақтар қою арқылы баланың сөздік қорын байытады.

«Кітап – білім бұлағы демекші», ілім мен білім, мәдениет пен өркениет, адамдар арасындағы бір біріне деген сыйластық кітаппен келеді. Оқығанның көзі ашық, сөз байлығы зор, өмірге көзқарасы өзгеше болады», – деп түсіндірген Махибану апа барлық балаларды кітап оқуға шақырды. Акция барысында кітапхана қызметкерлері аналарға бала бойында жастайынан кітап оқу дағдысын қалыптастыру маңыздылығын түсіндіріп, қызықты ойындар ұйымдастырды. Аналар балалармен бірге сурет салып, бірлесе тапсырма орындап, ұрпақтар арасындағы байланыстың шынайы үлгісін көрсетті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий