Сырбойылық ұстаздар құрмет төрінде

Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шаменова мен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова сала ардагерлері мен жетістікке жетіп жүрген ұстаздар қауымымен кездесті, – деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.
Мерейлі мереке қарсаңындағы басқосуға аймағымыздың білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген 30-дан аса педагогтар мен ардагер ұстаздар шақырылды. Аймақ абыройын асқақтатып, түрлі деңгейдегі білім бәсекелерінде жеңімпаз атанып жүрген мұғалімдер мен Назарбаев зияткерлік мектебі, ЖОО-ның оқытушылары да бар.
Ерекше кездесуде өңір басшысының орынбасары Балжан Мөрәліқызы әйел-ұстаздардың шуақты меркемен құттықтап, білім саласында ұлағаттылықтың ұлы жолын таңдаған ұстаздар қауымында – нәзік жандылардың алар орны ерекше екенін атап өтті.
– Қазаргі таңда аймағымыздың білім саласында 56 мыңнан астам қызметкер еңбек етсе, солардың 78,3 пайызын нәзік жандылар құрайды. Бұл дегеніміз әйел-ұстаздардың еліміздің ең басты байлығы адами капиталын дамыту жолында, яғни өскелең ұрпаққа білім беру жолындағы белсенділігі, беделі мен мәртебесінің көрінісі. Расында, болашақ ұрпақтың бойына саналы білім нұрын құйып жүретін, жауапты да ұлағатты еңбек иелері – ұстаздар қауымының қашанда орны бөлек, тұғыры биік. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Өздеріңіз, аяулы ұстаздар!, – деді Балжан Шаменова.
Мейірімге толы басқосуда Балжан Мөрәліқызы аймақтың ардагер ұстаздарына алғысын айтып, теледидарлар табыстады. Сонымен қатар үздіктер қатарынан көрініп жүрген бірқатар педагогтар алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекеде мерейі тасып, құрмет төрінен көрінген Сырдария ауданы, №139 орта мектебінің ардагер ұстазы Асқарова Ұлбике сөз алып, алда келе жатқан шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен барша әйелдер қауымын құттықтады.
Сондай-ақ, «Атамекен балалар ауылының ана – тәрбиешісі, шәкірттері халықаралық байқау жеңімпазы атанып жүрген еңбекқор ұстаз Қожбанова Сәуле мерекелік лебіздерін білдірді. Мерекелік марапат иелерінің бірі, білімді де білікті жас ұстаз, «Үздік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – 2021» байқауының бас жүлдегері № 3 IT мектеп- лицейінің мұғалімі Ердібек Маржан жас мұғалімдер қауымының атынан алғыс айта отырып, ыстық ықыласын білдірді.
Шара арнайы концерттік бағдарламамен жалғасып, жергілікті өнерпаздар ұстаздарға құрметін әсерлі әнмен жеткізді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий