Сырт көзге нәзік көрінгенімен бойларында кез – келген қиындық пен сынақты жеңе алатын күш бар

Қымбатты аналар мен қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздерге қарап, таңданудан ешқашан жалықпаймыз. Сіздер көктемнің бейнесі мен гүлдер сияқты біздің өмірімізді күн сайын сұлулыққа толтырып, айналаңыздағы барлық адамға жылулық пен қамқорлық сыйлайсыздар.

Сырт көзге нәзік көрінгендеріңізбен, сіздердің бойларыңызда кез келген қиындық пен сынақты жеңе алатын күш бар. Жылдан жылға жаңа белестерді бағындырып, алға ұмтыласыздар. Нәзік, батыл, ақылды, аяулы әйелдердің есімдері ел тарихының беттеріне жазылған. Зере мен Ұлжан сияқты аналарымыз халқымыздың ұлы Абайдай лайықты ұлдарын тәрбиелеп өсірсе, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батыр аруларымыз Отанын қорғады, енді біреулері Қыз-Жібек, Баян-Сұлу туралы аңыздарды айтты.

Бүгінде елімізде мақтанышпен айта алатын, ардақты аруларымыз жетерлік. Шынымды айтсам, қазір біз сіздердің отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ана мен қыз ғана емес, сонымен бірге өз саласының кәсіби маманы, дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым екендеріңізге таң қалмайтын болдық. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз бен күш-жігерлеріңізде шек жоқ.

Елімізде жыл сайын ғылымды таңдайтын әйелдердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі күні елімізде ғалымдардың 54%-ын әйелдер қауымы құрайды. Мұғалімдердің де басым көпшілігі, атап айтқанда, 80%-ға жуығы әйелдер. Құрметті арулар! Yнемі бізді қолдап, отбасымыздың ажары, ұйытқысы болып жүргендеріңізге рахмет. Зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий