Басты мақсат – жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау
Қазақстандық білім беруді жаңарту тұжырымдамасында әлеуметтік серіктестік кеңістігін кеңейту, оның әр түрлі субьектілерінің өзара байланысын дамыту айқындалған. Әлеуметтік серіктестіктің негізгі мақсаты – еңбек нарығының өзгеруіне жылдам бейімделетін, бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау, қайта даярлау үрдісіне жәрдемдесу. Жұмыс берушілер мен жұмысшылардың қарым-қатынасы келесідегідей түсіндіріледі, яғни оқу орны кәсіби дайындықты неғұрлым жақсы өткізсе, әлеуметтік мәселелер, шиеленіс, жұмыс берушілермен қақтығыстар азаяды, сондай-ақ, кәсіпорынның пайдасы артады.
Әлеуметтік әріптестіктің ерекше миссиясы қоғамның, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің мүдделеріне негізделген әлеуметтік-экономикалық және еңбек саясатын бірлесіп әзірлеуден, қабылдаудан және іске асырудан тұрады. Кәсіптік білім беруде, еңбек нарығына қажетті және сұранысқа ие мамандар даярлау – жұмыс берушілермен тығыз байланыста болған жағдайда ғана оң нәтижелі болады. Онымен қоса, кәсіптік білім беру жүйесіндегі әлеуметтік әріптестік жұмыс берушілер мен еңбек нарығы біздің түлектерімізге қоятын талаптарды іске асыруға бағытталуы тиіс.
Менеджмент, бизнес және білім колледжінің жобаларға қатысу бойынша жұмыс тәжірибесі – еңбек нарығындағы субъектілерімен және колледж арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастың нақты моделін құруға мүмкіндік береді. Колледжде оқытылатын барлық мамандықтар бойынша қаланың «Rixos President Astana», «Hilton In Astana», «Ramada by Wyndham» қонақ үйлері, «Алтын бесік», «Әлия», «Ертегі» балабақшалары, №14, 15, 20, 25, 36 мектептер, ҚР Ұлттық музейі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Самғау холдингі» ЖШС-мен әлеуметтік серіктестік туралы шарттар жасалған.
Онымен қоса, мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін 125-тен астам ірі кәсіпорындармен келісім мен меморандумдар жасалған. Колледж бен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты жақсарту мақсатында әлеуметтік серіктестер базасында білім беру үдерісін қамтамасыз етуде арнайы оқу кабинеттері ашылған.
Колледждің әлеуметтік серіктестерінің бірі – шаштараз салондарында кәсіби пайдалану үшін өнімдер ұсынатын «Estel» компаниясымен жасалған ынтымақтастық туралы келісім шарт аясында колледж базасында «Estel» өнімін қолдану бойынша «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығының студенттерімен бірлескен семинарлар өткізіліп отырады. «Estel» компаниясы шаштараз өнерін үйрету үшін өз өнімдерін ұсынады.
Колледж өз тарапынан тек оқу үрдісінде ғана емес, жұмыста да өнімді пайдалана отырып, мамандарға сапалы білім беруге, семинар, тренинг өткізуге үнемі ықпал жасай отырып, оқу аудиторияларын фирманың жарнамалық өнімімен безендіруге міндеттенді. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына арналған Тренинг» халықаралық жобасы аясында оқытушыларымыз шетелде – Стамбул қаласында (Түркия) біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Жоба аясында «Дизайн», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша дайындық бағдарламалары мен өздерінің оқу орындары туралы жарнамалық өнімдерімен тәжірибе алмасты, әйелдер киімінің бірлескен қазақ-түрік топтамасын әзірледі. Студенттер мен оқытушыларымыз дайындаған топтаманы бірлесіп көрсету үшін Стамбул қаласындағы Индустриалды-техникалық лицейге тәжірибе алмасты.
Бүгінгі таңда, студенттеріміздің шығармашылық жұмыстары Тұңғыш Президент музейінің, Тәуелсіздік сарайының, Қазіргі заманғы өнер музейінің залдарын көркейтуде. Колледж мамандарды сапалы даярлауда үнемі инновациялық тәсілдерді жаңарту және іздену үстінде. Алға қойған жоспарлар өте көп, колледж ұжымы осы міндеттерді жүзеге асыруға дайын.
Балқия ПШЕНОВА,
Менеджмент, бизнес және білім колледжінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы