Қазақстанда WorldSkills бәсекелестік қозғалысын дамытудың кейбір мәселелері

Елімізде экономиканың барлық саласына  еніп, қарқынды дамып отырған автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар, әр түрлі кәсіпте қолданылатын цифрландыру үрдісі, күнделікті еніп жатқан көптеген технологиялық жаңашылдықтардың бәрі сапалы мамандар тапшылығымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру саласын  қарқынды дамытуды қажет етеді. Мемлекет басшысы Мәжілістегі Жолдауында техникалық мамандықтарға мән беретін кез келді дей отыра, Үкіметке аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Осы орайда, кәсіби шеберліктің WorldSkills чемпионаттары мансаптық тәлімгерліктің және мамандықтардың беделін арттырудың белсенді құралы ретінде Колледждерге енгізіліп, 2015 жылдан бері қарқынды дамуда. Соңғы 5-6 жыл ішінде WorldSkills қозғалысы республикада ауқымды өріс алып, чемпионат географиясы айтарлықтай кеңейді, құзыреттер саны өсті. Аталған үрдіс өндіріс әдістерінің түбегейлі өзгеруіне ықпал жасап, мамандардың білімі мен еңбек дағдыларына жаңа талаптар қоя бастады.

Бұл қозғалыс өндірістегі жұмыс берушілердің талантты студент жастармен бірге, оқытушылармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, елімізде кәсіби оқыту стандарттарының сапасын арттыруға үлкен ықпалын тигізуде. Бүгінгі күні WorldSkills Қазақстанның миссиясы – кәсіптік бағдар беру, кадрларды даярлау, сарапшылар қоғамдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру тетіктерін қоса алғанда, халықаралық стандарттарға негізделген техникалық мамандықтар бойынша жоғары технологиялық өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету механизмдерін қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі таңда еліміздің бірқатар колледждері WorldSkills стандарттарын білім беру бағдарламаларына енгізіп, оқу траекторияларын жетілдіруде, бұл өз кезегінде сапалы, әрі жүйелі білім беру үрдісін қалыптастырады. Қазақстан WorldSkills Әлемдік чемпионатына 2015 жылдан қатысып келеді. Бұл деңгейлік жарыстарға қатысудың мақсаты – кәсіптік білім беру мен оқытудың интернационалдануын арттыру, сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

WorldSkills чемпионаттары алаңында көптеген елдердің жоғары білікті мамандары тәжірибе алмасады, өзара оқыту технологияларымен және халықаралық деңгейдегі жаңа кәсіби стандарттармен танысады. Осы стандарттар бойынша чемпионаттарды өткізу жастардың кәсіби бағдарлануына, сондай-ақ төменде көрсетілген бағыттар бойынша кәсіптік білім беру жүйесіне озық үлгідегі халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған.

Атап айтқанда, кәсіби стандарттар мен біліктіліктер; сарапшыларды (шеберлерді) оқыту және шетелдік сарапшыларды шақыру; өндірістік жабдықты үнемі жаңарту; білім сапасын бағалау жүйесін жетілдіріп отыру; білім беру бағдарламаларын түзету; әлеуметтік серіктестерді білім мен ғылыми ортаға тарту. Осылайша, WorldSkills бәсекелестік қозғалысының тетіктері білім беру үдерісіне дүниежүзілік озық тәжірибелерді, әдіснамаларды, технологиялар мен әзірлемелерді енгізу, материалдық-техникалық базаны, адами ресурстарды жаңартуға ықпал ете отырып, білім беру ұйымдарының инновациялық дамуының нақты міндеттерін айқындайды.

WorldSkills бәсекелестік қозғалысы қазіргі уақытта кәсіби білім беру ұйымының инновациялық дамуының қуатты тетігі болып табылады. Осы орайда, кәсіби шеберлік жарыстарына дайындықты белгіленген үш кезеңдік моделден жобалау қажет, бірақ осы тұста әдістемелік негіздеуді бөлек қарастыруды және мұқият талдауды қажет ететін тұстары да бар. Колледждерде WorldSkills бәсекелестік қозғалысын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – бұл құзыреттілік орталықтарының жұмысын жүйелі құру.

Осы ретте, колледжімізде «Токарлық шеберлік» құзыреттілігі орталығын құру бойынша жоба іске асырылуда. Аталған құзыреттілік орталық жұмыс берушілермен және серіктестермен тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін және сарапшылардың біліктілігін арттыратын орталық болып құрылады. Қорытындылай келе, кәсіби білім беру ұйымдарының инновациялық дамуы басшылармен қатар оқытушылар құрамы тарапынан да инновациялық мінез-құлықты, яғни терең түсінушілікті талап ететіндігін атап өту қажет.

Ол  білім беру жүйесінде болып жатқан инновациялық процестерді қабылдау, үнемі өзгеріп отыратын жағдайдағы ұтқырлықтың жоғары деңгейін ұстап отыру және дағды қалыптастыру сияқты тетіктерге негізделген.

Абай КУРМАНКУЛОВ,
Техникалық колледждің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий