Медресе – мәдени әрі тарихи маңызы бар оқу орны
«Медресе» сөзі «мектеп» сияқты қазақ тіліне араб тілінен енген сөз, «оқу орны» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқында білім беру жүйесі ғасырлар бойы тарихи ахуалдарға орай, оңтайлы үлгілерде жалғасып келген. Білімге деген халық сұранысы қазақ жерінде жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілерін қалыптастыра білген. Ірі қалаларда жалғасын тапқан медреселер қызметімен қатар көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарағанын да айтуға болады.
Жаз жайлауда, қыс қыстауда жағдайлы отбасылар көмегімен ел ішіндегі білімді рухани тұлғалар қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына ықпалын тигізіп отырған. Тарихи деректерден аңғарылатындай, Қазақ жерінде білім беру жүйесінің мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Медреселер мұның айқын айғағы. Халықтың ұлттық құндылықтары мен салт-санасының, жалпы мәдениетінің қалыптасуында медреселердің алатын орны ерекше.
Орта Азия мен тәуелсіз Қазақстан топырағынан есімдері әлемге әйгілі, әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашғари, А.Иүгінеки, А.Йассауи сияқты мұсылман түркі жұртшылығының мақтанышына айналған талай тұлғалар шыққан. Қазақ би-шешендері, ақын-жыраулары мен кешегі алаш қайраткерлерінің шығармалары мұсылмандық дүниетаныммен ұштасып, біте қайнасып жатыр.
Қазақ халқының ерекшелігі, діни ұстанымдары, көзқарастары, ұлттың рухани құндылықтары ауыз әдебиеті шығармаларында көрініс табады. Қисса-дастандардан халық даналығы, адамгершілік болмысы, танымал тұлғалары жайлы мол мәлімет алуға болады. Есепсіз көп мұндай туындылар көпшілікке арналған тәрбиелік мәнді оқулықтың рөлін қоса атқарып, қазақ халқының мәдениетін қалыптастыруда, сауатын көтеруде теңдессіз құралына айналған.
Сондықтан да аталмыш рухани құндылықтарды халық сұранысына сәйкес оқу орындарда білім беру бағдарламалары аясында жаңғыртудың маңызы жоғары. Қазіргі таңда, демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде танылған Қазақстан Республикасы тарихи жағдайларға байланысты 130-дан астам ұлт пен ұлыстардан құралған өзара сыйластықпен өмір сүретін қоғамның қасиетті мекеніне айналып отыр.
Біздің шексіз кең байтақ даламыз өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сондықтан Қазақстан мемлекетінің демократиялық сипаты әр түрлі әлеуметтік топтардың дүниетанымдық және мәдени ерекшеліктерін ескеруді қарастырады. Қазақстанда түрлі ұлттар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлар жасалған, әрі конфессияаралық қатынастарды үндестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптасқан.
Азаматтардың білім беру саласындағы қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелерінде мемлекеттік басқару органдары мен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуі мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына қайшы келмейді. Мұндай өзара әрекеттесу, бірлесу көптеген заманауи демократиялық зайырлы мемлекеттердің тәжірибесінде бар, әрі кең таралған.
Осы орайда, 2020-2021 оқу жылынан бастап Елордадағы Астана медресесі «Астана медресе колледжі» болып қайта құрылып, «Исламтану» мамандарын дайындау мақсатында Гуманитарлық ғылымдар бағытында техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Колледждегі 112 студентке 3 доктор, 10 магистр академиялық дәрежесі бар 21 оқытушы білім беруде.
Білім беру саласында мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуі білім алушыларды ұлттық мәдениетке баулу, тәрбие беру, қоғамды әлеуметтендіру, әлеуметтік келеңсіздіктердің алдын алу және тағы да басқа мәселелерді басымдыққа алады. Бұл өз кезегінде, білім алушыны ұлттық құндылықтар мен мінез-құлық нормаларына баулудан, ғылыми-танымдық тәрбие беруден, жан-жақты тұлға қалыптастырудан, жеке бастың дүниетанымдық, мәдени және рухани өзіндік айқындалуына жағдай жасаудан тұрады.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Астана медресе колледжінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы