Қазақ тілі пәнін оқыту үдерісін жалпы адамзаттық құндылықтармен кіріктіру

Қазіргі заманғы тенденцияларға сай білім беру мәселелерін шешу адам бойындағы руханилыққа сүйену, қоғамның моральды негізі үшін жауапкершілікті сезінуді талап етеді. Отандық, әлемдік білім беру кеңістігінде зияткерлік және рухани-адамгершілік білімді үйлесімді дамыту аспектісі қарқынды дамып келе жатыр: бүгінгі мақсат – тек білім беру ғана емес, пәнді оқыту арқылы рухани-адамгершілік дамуға жетелеу.

Жаңартылған білім беру мазмұны «Қазақ тілі» пәні сабақтарын жалпыадамзаттық құндылықтармен кіріктуге тамаша мүмкіндік береді: негізгі пәндік тақырыптармен қатар ел тарихы, мәдениеті мен өркениеті тұрғысындағы өзекті мәселелер де талданады. «Қазақ тілі» пәнінен «Сөз мәдениеті. Білім. Ғылым. Инновация» тарауы бойынша «Қаныш Сәтбаев ғылым–білім туралы. Көркем әдебиет стилі» тақырыбында «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінің 1 курс студенттерімен бірге сөздің қасиеті мен құдіреті талданған сабағымның жалпыадамзаттық құндылықтармен кіріктірілген элементтерін мысал ретінде ұсынбақпын.

Сабақтың дәйексөзі ретінде орыс публицисті, әдебиет сыншысы Д.И.Писаревтің ұлағатты сөзі алынды. «Ойың дұрыс болса, сөзің дұрыс, олай болса, ісіңнің иесі де дұрыс». Жаңа сабақ материалын талдауға кіріспес бұрын білім алушылар дәйексөзге байланысты ой-пікірлерін білдіріп, жақсы ниет, ізгі ой, дұрыс әрекет құндылықтарының маңызын атап өтті.

Дәйексөз талданып, сабаққа кіріспе жасалғаннан кейін студенттерге ізгілік педагогикасының жаршысы Ш.Амонашвилидің «Гүлдің жайқалу құпиясы» әңгімесі баяндалды. Бір гүлдің жайқалып өсуіне, ал екіншісінің солып қалуына себеп болған сөздің құдіреті баяндалатын қысқа әңгімені оқу арқылы жас жеткіншектер адами қатынастағы жылы, ізгі, мейірімге толы сөздің маңызын ұғынды.

Топтық жұмыс кезеңінде сөз байлығы, сөз дұрыстығы, сөз дәлдігі бойынша мәтіндер беріліп, қоғамда сүйіспеншілік мен мейірімділік орнауының басты шарты – жақсы ниеттен туындаған ізгі сөздің маңызы жете талданды. Сондай-ақ «Мәңгілік ел» идеясы. Егемен әліпби. Қарқындылық. Сөйлеу темпі» тақырыбындағы сабақта ел тұғыры мәңгілік болуы үшін оның азаматтарының бойындағы жақсы қасиеттердің көрінісі талданса, «Ш.Құдайбердіұлы шығармаларындағы «ар» тақырыбы. Мелодия» атты сабақта студенттер ұлт данасы Шәкәрімнің ар, мінездің көркемдігі туралы, ізгілікке бағыттаушы ұлағатты сөздерін ой сүзгісінен өткізді.

Қарқынды даму үстіндегі әлемдік ғылым, прогресс деңгейіне сәйкес жастарға білім мен тәрбие беру, олардың ойын, танымын, сөзін және іс-әрекетін ізгілендіру – отандық педагогиканың өзегі. Білім алушылар сабақ материалын құндылықтар тұрғысынан талдаса, алынар білімнің жанды болары күмәнсіз. Ізгі болашақтың кірпішін бірге қалайық!

Мәншүк Нұржауқызы ЕДІГЕЕВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану»
Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық
колледжінің арнайы пәндер оқытушысы,
Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий