Ұлт жанашырына 150 жыл
Ахмет Байтұрсынов – ақын, ғалым, түркітанушы, аудармашы, педагог, көсемсөз шебері, қоғам қайраткері. Кезінде сталиндік қуғын-сүргіннің әділетсіздігінің құрбаны болған, жарты ғасырдан астам уақыт бойы аты аталмай, атын атауға тыйым салынғандардың бірі Ахмет Байтұрсынов. Тарихтағы “ақ таңдақтар» жойыла бастаған кезде ел тарихында жарты ғасырға жуық уақыт бойы лайықты орын алмаған Шәкәрім Құдайбергенов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов тағы басқа ұлт қайраткерлерімен бірге Ахмет Байтұрсыновтың есімі де қайтарылып, елімен қайта қауышады.

1873 жылы 28 қаңтарда Торғай уезінің Тосын болысында шаруа отбасында дүниеге келген А.Байтұрсынов алғашқы сауатын туған ауылында ашты. Білімін одан әрі Торғай орыс-қазақ училищесінде (1886-1891), Орынбор мұғалімдер семинариясында (1891-1895) жалғастырған педагогикалық қызметін алдымен ауылда бастап, кейін болыстық мектептерде жағастырды. А.Байтұрсынов саяси қызметке 1905 жылы белсене кірісті.
“Қарқаралы петициясының” авторларының қатарына кіре отырып, ол қазақ халқынан жерді экспроприацияламау; халықтық земстволарды құру; қоныс аударушылар ағынын тоқтату туралы секілді сұраныстармен қоса басқа да талаптарды нақты қоя білді. Алайда полиция патша аппаратын сынағаны үшін қазақтың ұлы ағартушысын алғаш рет тұтқынға алды, ал екі жылдан кейін ол екінші рет түрмеге қайта түсіп, Семей түрмесінде өмірінің сегіз айын өткізеді.
Ұлт жанашыры А.Байтұрсынов кеңес өкіметінің орнауымен большевиктер партиясының қатарына кіріп, оны қатарында жүріп өз халқының құқықтарын қорғауды жалғастыра береді. Ұлт мүддесі жолында адал қызмет етіп, күреске түскен А.Байтұрсыновты 1929 жылы өкінішке орай партиядағы серіктестері тұтқындап, Қызылорда түрмесінде отырғызады. Жалған айыптаулар мен қуғындаулардың соңы мұнымен бітпей, қазақ ғалымы және ағартушысын басқа елді мекенге жер аударады. 1937 жылы қайта тұтқындалған Ахмет Байтұрсынов кеңес халқының жауы ретінде өлім жазасына кесілді.
Біздің елімізде Ахмет Байтұрсынов «Ұлт ұстазы» ретінде қастерленеді. Ахмет Байтұрсынов мықты әдебиетші, шебер педагог, белгілі лингвист болған. Ол араб графикасы негізінде қазақ жазуын реформалап, оны шетелде тұратын миллиондаған қазақтарға пайдалануға мүмкіндік берді. 1912 жылы ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Дәлірек айтсақ, А.Байтұрсынов қазақ тілінде қолданылмайтын барлық таза араб әріптерін алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қосты.
Ғалым А.Байтұрсыновтың құрметіне аталған “Жаңа Емле” деп аталған жаңа қазақ әліпбиі жазу реформасын жүргізу кезінде барлық түркітілдес халықтар үшін жақсы үлгі болды. Аталған әліпбиді әлі күнге дейін Қытайда, Ауғанстанда, Иранда тұратын қазақтар қолданады. Ғалымның реформалауынан кейінгі араб жазуын бүкіл түркі жұрты ұлттық жазу жүйесі деп таниды. Сондықтан А.Байтұрсыновтың бұл жазу жүйесін ұлттық қазақ жазуы деп атаймыз.
А.Байтұрсынов қазақ тіл білімі саласындағы ғылыми ізденістерге, соның ішінде атап айтатын болсақ, қазақ грамматикасының санаттарын анықтау үшін ғылыми терминологияны әзірлеу және ана тілін оқыту әдістемесіне баса назар аударды. Бұл ретте автор “Ана тілі бойынша нұсқаулық”, “Қазақ тілі курсының баяны”, “Грамматиканы үйренуге арналған нұсқаулық”, “Тіл дамыту”, түрлі хрестоматиялар жазды. Бұл әдістемелік еңбектер әлі күнге дейін қазақ тіл білімі және қазақ тілін оқыту әдістемесі саласындағы ғылыми ізденістерде өзекті.
А.Байтұрсынов шығармашылық қызметін мысал өлеңдер жазудан бастады. Мысал жанрындағы туындыларында ол қазақ халқының мүддесі мен арман-мақсаттарын, жарқын болашаққа деген ұмтылыстарын жеткізді.Сонымен қатар билік басындағылардың екіжүзділігін өткір әшкерелеп, елді білім алуға, мәдениетке шақырды.”Қырық мысал” (1909), “Маса” (1911) секілді шығармала рында бос сенделіс, бекершілік, жалқаулық, атаққұмарлық, надандық сияқты адам бойында кездесетін кемшін қылықтар мысқылданады.
А.Байтұрсынов 1913 жылы қазақ зиялыларының бастамасымен құрылған “Қазақ” газетінің тұңғыш редакторы болды. Қазақ тілінің, мәдениетінің, мектептегі білім берудің даму мәселелерін жариялау аталған газеттің басты миссиясына айналды. Кез-келген елдің, мемлекеттің болашағының жарқын болуы, экономикасының дамуы озық білімділікте екенін А.Байтұрсынов жете түсінді. Сондықтан ол аз ғұмыр кешсе де өмірінің соңына дейін халықты оқу-білім алуға үгіттеді. Өзі де сол жолда үлкен еңбек етті.
А.Бпйтұрсынов 1921-1928 жылдары қазақ халық ағарту институтында жұмыс істейді, онда қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және мәдениет бойынша дәрістер оқыды. 1928-1929 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры қызметін атқарды. Ол жасаған және оның есімімен аталған графикалық жүйе сауатсыздықты тез жоюға, қазақ халқының жазба мәдениетін арттыруға мүмкіндік берді.
Өткен жылы 21 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен тілтанушы, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы енді. Ұлт ұстазының мерейтойын атап өту барысында еліміздің білім беру орындарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқулар ұйымдастырылады.
Алаш қайраткерінің шығармашылығы бойынша мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар өткізіледі. Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсыновтың және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Бахыткул Алтаевна КУСАИНОВА,
164 жалпы білім беретін мектептің
директоры, Алматы қаласының Алатау ауданы