Талантты жастардың өнері

Университетіміздің оқу залында жас тілшілердің ұйымдастыруымен ақиық ақын М.Мақатаевтың шығармаларына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында поэзия кеші өткізілді. Студент жастар өздерін жан-жақты өнерлерімен көрсете білді. Кеш барысында жас суретші Абдукадирова Нағима ақынның портретін сырлы бояулар арқылы қылқаламмен өрнектеді. Ақынның «Бақыт деген не өзі?» өлеңін Жолдасбеков Қанат мәнерлеп, нақышына келтіре оқып топ студенттерін тәнті етті.

Бақыт деген не өзі?» деп бастады топ таласты.
Бірі оны үйден іздеп, бірі қырдан әрі асты.
Бірі айтады: «Бақыт деген барлық, байлық емес пе? Керегінше киіп ішсең бақыттысың емес пе?»-деп басталатын өлең шумақтарын оқығанда, залда бір сәт тыныштық орнап, тыңдарманның барлығы ерекше образда оқып тұрған Қанатқа таңдана қарап қалыпты. Қанат болса, қолды сілтеп, баяу қоңыр дауыспен өлең шумақтарын ары қарай жалғастыра  ақынның бейнесін көркем сомдап тұр.  

Ал өз кезегінде Мұқағали ақынның үздік туындысынан сахналық қойылым қойған Самидин Аружан, Көшеман Айшабибі, Кенжаев Батырбек, Леспаева Аяулым, Жораева Әсел секілді жастар көрермендерге әдеби образ сомдауларымен есте қалды. Ақынның өмірінен, шығармаларынан арнайы жасалған репортажды Тұрысбек Айғанымның еңбегінен көруге болады. Жас тілші ретінде біраз еңбектенгендігі байқалады. Ақындық өнерімен түрлі байқауларға қатысып, бақ сынап жүрген жастардың бірі Маратова Сымбат өзінің арнау өлеңін тебірене оқыды.

Талантты жастардың шығармашылық дайындығымен ұйымдастырылған поэзия кеші әсерлі өтіп, көптің көңілінен шықты. Өнерлі жастардың өнеріне қызыға отырып, кештің қалайша тез өткенін де байқамай қалдық. Ақын шығармаларының мәні мен мағынасынан көп нәрсені ұғынып, терең ойдың жатқанын сезуге болады. Лирик ақын М.Мақатаев шығармаларын сүйіп оқитын жастардың барына көз жеткіздік. Ақын шығармалары арқылы қаншама талантты тани білдік. Поэзия кешіне қатысқан әрбір жастың көз алдында өнерлі жастар өз ерекшелігімен есте қалды.

Ләззат Қалықұлқызы ТУРАБАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, ф.ғ.к., доцент

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий