Сарқылмас салт-дәстүрлер

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында  Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебінде «Қазақтың сарқылмас салт-дәстүрлері» атты іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі мақсат оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үйретуге бағытталған еді, – деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Әр ұлттың ата дәстүрі мен әдет-ғұрпы және ырымдары бар. Бұл ерекшеліктер сол халықтың жан дүниесін көрсетіп тұрады. Қазақ жұртының да болмысы мен бітіміне сай сарқылмайтын салт-дәстүрлері жетерлік. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. Қазіргі таңда өскелең ұрпақ біразын білсе, көбінен бейхабар. Осы мақсаттағы арнайы жүздесуге білім ордасындағы ұстаздар қауымы мен оқушылардың ұйғарымы бойынша жергілікті тұрғындардың арасында құрмет пен абыройға ие ақылшы аға буын өкілдері ретінде Топишева Мәруа Баймұратқызы, Калдырова Гульназ Карибайқызы, Махметова Кульзейнеп Какибайқызы, Сапарова Қарлығаш Иманқызы, Габдулина Бибігүл Есенханқызы шақырылды.

Ақ жаулықты әзиз аналар жастарға бесікке бөлеу, тұсау кесу, құрақ құрау, қырқынан шығару, төс қағыстыру дәстүрлерін көрсетіп, тәрбиелік мәні мен маңызына қоса тарихын да тереңнен түсіндіре білді. Үлкендердің айтқанын ұйып тыңдаған оқушылар әрбір қимыл-қозғалысқа қызығушылық танытып, байырғы бабаларымыздан ұрпақтарға сабақтасқан мәдени мұраны бойына сіңіру үшін белсенділіктерін байқатты.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий