Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту

«Мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам (тұлға) болғандықтан, біркелкі әдіске табан тіреп шектеліп қалуға болмайды…», – дейді Жүсіпбек Аймауытов. XXI ғасыр – ғарыш пен білімнің жарысқан заманы. Заман талабына сай зерделі, дарынды, шығармашыл, қоғамға лайық жан-жақты тұлғаларды дайындау –  ғасыр үлесіндегі игі істердің бірі де, бірегейі. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мақсаттарының бірі – дүниежүзілік білім әлеміне ену болып отыр. Бұл салада білім беру ісінің мазмұнын жаңа бағытқа бұрып, құрылымдық жүйесін жаңарту, өзгерістер енгізу, яғни, білім реформасын жүзеге асыру алғышарттары қолға алынғаны белгілі.

Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Яғни, жаңартылған білім беру мазмұнының маңызды міндеттердің бірі – функционалды сауатты оқушыны қалыптастыру. Функционалдық сауаттылық — адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Жалпы, функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылық дегеніміз — адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы.

Ондағы басты мақсат – Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Мұнда оның белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлауы, шешім қабылдай алуы, өз кәсібін дұрыс таңдай алуы, өмір бойы білім алуға дайын болуы сияқты сапалары басшылыққа алынады. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдыларының жиынтығынан құралады.

Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол — ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда, функционалдық сауаттылық жеке адамды жан-жақты үйлесімді дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Оқу нәтижелерін сырттай бағалайтын Халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша біздің еліміз функционалдық сауаттылықта төмен нәтижелер көрсеткен.  Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40%-ы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген.

Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Әртүрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмаған. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауаттылық деңгейінің төмендеуі оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді.

Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр. Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана кеңейе түседі. Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамасыз етуде оның  бірнеше механизмдері бөліп көрсетілді:

Оның бірінші механизмі – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту.  Ол үшін мұғалім білім алушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практикалық жағдайда тиімді пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Мынадай негізгі құзыреттіліктер белгіленген: басқарушылық, көшбасшылық: проблеманы шешу қабілеті; ойы, сөзі, ісі бірлікте көрініс беруі; бастамашылдық, адалдық қасиеттерін ұстану.

Әр адам бір істі бастағанда ойын, сөзін, ісін бірлікте ұстаса, бастамашылдық, адалдық қасиеттерін көрсетсе, сол адамның ісі жақсы нәтиже береді, оған айналасындағы адамдар сенімділік көрсетеді. Ақпараттық: өз бетінше ақпарат көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау; шынайы ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата білуі, қажетсіз ақпараттарға шектеу қоя алуы. Баланың танымдық қабілеттері артқан сайын әлемді тұтас қабылдау түсініктері артады. Бұл өз кезегінде әлемдегі барлық нәрселердің бір-бірімен байланысты екендігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Коммуникативтік: қазақ, орыс, ағылшын (шет) тілінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті; қарым-қатынастағы сыпайылық, құрмет, ізеттілік қасиеттерінің көрініс беруі. Қарым-қатынас сыпайылық, құрмет, ізеттілік қасиеттері арқылы іске асқанда кез келген мәселе дұрыс шешімін табады. Әлеуметтік: қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті; іс-әрекетте ар-ождан дауысын басшылыққа алу, ұқыптылық, қоғамға риясыз қызмет ету қабілеті. Әр бала қоғамда өз орны барын, оның да қоғамға әсер ете алатынын түсінуі керек.

Сонда шетте қарап тұрмай жақсы істерге ортақтаса алуға, жаман істерді тоқтатуға мүмкіндігі барын біледі. Тұлғалық: өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу; өзіне сену, мүмкіндіктерін шынайы бағалай білуі, сезімдерін басқара білу. Тұлға болып қалыптасып келе жатқан әр бала саналы түрде және өз бетінше өмірлік дұрыс мақсаттар қоюға, адамгершілік нұсқауларға сәйкес оларға қол жеткізу жолдарын анықтауға қол жеткізеді.

Азаматтық: қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі. Бұл құзыреттілік ұлттық бірегейлікті түсінуге, сақтауға және дамытуға бағытталған. Балаға өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін, өзіне деген талапты қалыптастыруға көмектеседі. Технологиялық: ғылыми, сандық технологияларды, білім беру технологияларын сауатты пайдалану; рухани білім көздерін пайдалану.

Берілген білімді ғылыми түсінуге, нақты фактілерге сүйенуге мүмкіндік береді. Оқушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді әр пәннің мазмұны арқылы меңгеруі тиіс. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді», – дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше.

Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беруде, дүние құбылыстарының алуан түрлілігіндегі бірліктің көрінісі, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.

Әдебиет — оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз білім алушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді.

Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық, секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Дөрекілікке, бойкүйездікке, жамандыққа аяқ баспайды. Білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілі мен əдебиетін оқи отырып, білім алушылар негізгі төрт тілдік дағды, атап айтар болсақ, айтылым, тыңдалым, оқылым жəне жазылым бойынша түсініктері мен қабілеттерін кеңейтеді.

Оқу сауаттылығы осы төрт дағды негізінде жүзеге асады: Бұл тұрғыда, балаға оқу мен жазуды үйретіп қана қоймай, мəтіннен ақпарат алу мақсатында білім алушының оқылым жəне жазылым дағдыларын еркін қолдана білу қабілетін, ал ақпаратты таратуда, жеткізуде тыңдалым, айтылым дағдыларын дамыту міндеті тұр. Себебі тіл арқылы жалпы адамзаттық құндылықтар бағаланады, жеке тұлға тəрбиеленеді, тілдің көмегімен баланың танымдық қабілеті дамиды.

Оқушыларды функционалдық сауаттылыққа баулуда, рухани жан-дүниесін, шығармашылық дарын көзін ашуда, оқушының танымын дамытуда жаңа технологияларды пайдалану маңызды рөл атқарады. Зерттеу əдістері, пікірталас, миға шабуыл, сыни тұрғыдан ойлау технологиясының элементтері, жұптық, топтық жұмыс түрлері, т.б əдістер оқушының шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, ойлауға, өз көзқарасын дəлелдей білуге, оқу материалын тереңірек түсінуге көмектеседі.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың жəне оның оқушы бойында қалыптасқандығын анықтаудың негізгі құралы – шығармашылық бағыттағы тапсырмалар. Өз сабақтарымда мəтінді толық түсіну, мəтіннен негізгі ақпаратты анықтай білу, мəтіндік жəне графиктік ақпаратты интерпретациялау, мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді  жазып алып жүруге баулу,  әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туғызу сияқты оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған тапсырмалар түрлерін пайдаланып отырамын.

Бұл тұрғыда маған сыни тұрғыдан ойлау технологиясының əдіс-тəсілдері көп көмегін тигізеді: «Ойлаудың алты қалпағы», «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Түртіп алу», «РАФТ», тағы басқалары. Сыныпта сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда оқытудың тиімді құралына айналады жəне оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта жəне кеңейте алады. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін «Жуан жəне жіңішке сұрақтар» əдісін пайдаланған тиімді.

Жіңішке сұрақтар бір ғана жауапты талап етсе, жуан сұрақтар бір біріне ұқсамайтын əр алуан жауаптардан тұрады. Жуан сұрақтар оқылым дағдысын жетілдіре отырып, оқушыны ойландырып, өз ойын, көзқарасын ашық айтуға дағдыландырады. Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту — бүгінгі заман талабы. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды.

Педагогтің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы — өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.

Жанар БЕРДИБЕКОВА,
“Өзін-өзі дамыту” гуманитарлық
колледжінің қазақ тілі пәні бойынша
оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий